Еліміздің Қарулы Күштерінде белгіленген мерзімді қызметтерін өтеуге 2024 жылдың 2-ші шақырылымында «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының 44736 әскери бөліміне шақырылған сарбаздармен бірқатар жұмыс атқарылды.
Ол жас жауынгерлердің әскери қызметке тез бейімделу мақсатында бекітілген жоспарға сай ұйымдастырылды. Тәрбие және идеологиялық жұмыстар бөлімінің офицері (психологы) аға лейтенант Мейіржан Ақылжан мен тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі бөлім бастығының әскери қызметшілердің отбасы мүшелерімен жұмысты ұйымдастыру жөніндегі көмекшісі Гүлфат Рафикова сарбаздармен әңгімелесті. Жататын, демалатын, жуынатын, киім-кешек орындары мен жауынгерлік әзірлік сыныптарын қарап шықты. Мерзімді қызмет ететін әскерилерден казармадағы үй-жайға қатысты сауалдарының бар-жоғын да сұрады. Әскери бөлімге келген күннен бастап сарбаздың әрқайсысымен әңгімелесу барысында неғұрлым мол ақпарат алынған сайын, бейімделу кезеңінде оны түсіну арқылы көмек беру де соғұрлым жеңілірек болады. Сол себептен сұхбаттасу аса маңызды.
Бұған дейін бір ай көлемінде арнайы әзірленген жоспардың негізінде саптық жүріс пен әскери іске машықтанып, жуырда ғана әскери ант қабылдаған бөлім сарбаздары әскери қызметке бейімделіп қалды. Әскери қызметшілермен тең дәрежеде сапқа тұрады. Жауынгерлік әзірлік апталығында алғаш рет әскери бөлімнің аумағынан ұзақ қашықтыққа шықты. Қазір әскери мамандықтар бойынша білім алып, қызметтерін атқаруда.
Алуа Искакова