ЖЫЛАН ЖЫЛЫ ЖҮРЕКТЕРДІ ЖЫЛЫТСЫН

Жылан жылы әр 12 жыл сайын қайталанып келеді. Қазақ халқында: «Жылан жылы жылыс болды»  деген сөз бар.

Админ
29/12/2024 - 10:06

Тарихи жылдар

Бұл жылдың ел тарихында қалған ұлы оқиғалары бар. Атап өтсек, Шыңғыс хан 1221 жылы Отырарды алған, 1729 жылы Аңырақай шайқасы болған. Өздеріңіз білесіздер, 1729 жыл тарихта қазақ халқының жоңғар шапқыншылығына қарсы ірі жеңісімен есте қалды. Аңырақай шайқасы қазақтың бірлігін нығайтып, жоңғарға қарсы ұзаққа созылған соғыстың шешуші кезеңі болды. Бұл оқиға Қазақ хандығының біртұтастығын сақтауға маңызды рөл атқарды. Сондай-ақ, 1833 жылан жылында Исатай мен Махамбеттің көтерілісі тұтанды. Яғни, Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы бастаған қазақ халық көтерілісінің күшею жылдарының бірі. Бұл кезеңде қазақ халқы отаршылдық саясатқа және жергілікті биліктің әділетсіздігіне қарсы күресті.

XX ғасырда да жылан жылы ұлы оқиғаларымен есте қалды. Әуелгісін 1917 жылы әйгілі төңкерістер, 1928-29 жылдары қазақ халқына ашаршылық әкелген кәмпеске кезеңі ауызға ілігеді. Мұнан кейін 1941 жылы екінші дүниежүзілік соғыс  та осы жылы басталған еді. Бұл жыл бүкіл әлем үшін ауыр кезең болды. Қазақ халқы да Ұлы Отан соғысына аттанып, майдан мен тылда жанқиярлық ерлік көрсетті. Соғыс жылдарында Қазақстан майданды азық-түлікпен және қару-жарақпен қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарды.

Бірақ мұның бәрі от жылан жылдары еді.

Су жылан жылы деген ұғым да бар. Ол тек қана жақсылыққа бастайды деген сенім берік бекіген. Мысалы, 1953 жылан жылы Сталин көз жұмғаннан кейін тарихи әділеттілік орнады. Атылғандар ақталды, айдалғандар босады, шындықтың беті ашылды. Яғни, әділеттілік үстем құрған жыл да болған.

Мысалы, елімізде 1989 жылы Кеңес Одағындағы қайта құру кезеңінің маңызды жылы болды. Осы жылы Семей ядролық полигонының жабылуы туралы шешім қабылданды. Бұл Қазақстандағы ұзақ жылдар бойы жасырын боп келген экологиялық апаттың құпиясы ашылған кезең деуге болады.  Жалпы 1989 жылы Қазақстанда ұлттық жаңғыру, тіл мен мәдениетті сақтап қалуға деген ұмтылыс күшейді. Қоғамдық ұйымдар құрылып, Желтоқсан көтерілісінің  тарихи маңызы айқындала түсті. Осылайша, елімізде алғаш рет азаматтық қозғалыстар мен тәуелсіздікке ұмтылыстың күшейгені байқалды. Желтоқсан көтерілісінің саяси әсері мен жасырын тұстары осы жылдары ашыла бастады.

Сондай-ақ, 2001 жылы Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейінгі маңызды экономикалық және саяси реформалардың жүзеге асырылған жылы. Ел экономикасы тұрақтанып, халықаралық аренада Қазақстанның мұнай-газ саласы қарқынды дамып, сыртқы инвестициялардың көлемі ұлғайды. Ал,  2013 жыл Қазақстан «ЭКСПО-2017» көрмесін өткізу құқығын жеңіп алды. «Болашақ» бағдарламасы арқылы шетелде білім алған жастар елге келіп, жаңа идеялар мен өзгерістер енгізе бастады.

Жоғарыдағы тарихи оқиғалар әрбір жылан жылы халықты сабыр мен даналыққа, қиындықтарды жеңуге шақыратын жыл деп есептелгенін көреміз.

 

 

Жылан қабақты жігіт

 

Қазақта «жылан қайыс» деген ырым бар. Қазір әбден ұмытылған, кей өңірлерде көмескі ғана белгілері сақталған жылан қайыстың мәні – баланы жауынгер қатарына қосу. Оған сауыт-сайманы мен бес қаруын сайлау. 

Ер-азамат үшін ең қасиетті борышы Отаны, туған-туысын қорғау болса, ол неге жылан қайыс деп аталады? Таласбек Әсемқұловтың таратуына қарағанда, ол – бір жігіттің жерасты патшалығына түсіп, жыландар патшасы Бапы ханнан сауыт пен сайманды сыйлыққа алғаны туралы аңызға байланысты екен.

Қазақтар қадір тұтатын ұсталық, зергерлік өнер – жылан патшасы Бапының берген сыйы деп қабылданатыны содан болса керек. Яғни, қазақ жыланды жау көрмейді. Өзге жұрт жылан шыққан жерден көшіп кетсе, қазақтың үйге кірген жыланның басына ақ құйып шығарып салатыны да соның айғағы. Оның мәнісі неде десеңіз, бітеу жемін қорыту үшін жыланның асқазанында аппақ сұйық болады екен. Улы жылан уын шашса, усыз жылан дәрменсіз қалғанда жаңағы сасық сұйықтығын ақтара салады екен. Жағымсыз иістен есі кеткен жауы жыланды тастай салып, жөніне кетеді дейді.

 

Үмітті ел

 

Жоғарыда сөз қылғанымыздай, жыланды қазақтар киелі деп есептеген. Оның үйге кіріп келуі жақсылықтың немесе үй иесіне байлықтың белгісі деп  түсінген. Жыланға зиян келтіру жамандыққа бастайды деген наным да болған. Кейбір нанымдар бойынша, жылан адамды бәле-жаладан қорғайтын киелі күштің белгісі болған. Жыланның бейнесін ою-өрнекке түсіру арқылы үйге қауіп төнбейді деп сенген.

Жылан жылы қазақ халқы үшін тек жыл қайыру жүйесінің бір бөлігі ғана емес, терең мағыналы кезең боп есептелген. Бұл жыл сабырлық пен ақылмен әрекет етуге шақырады, ал қиындықтардан сабақ алудың және жаңа деңгейге көтерілудің мүмкіндігі ретінде қарастырылады. Сол себепті үмітпен, сақтықпен және жаңа бастамаларға дайындықпен қарсы алған.

Бүгінгі таңда Жылан жылы өзгерістер мен жаңа мүмкіндіктерге дайын болуды меңзейді. Бұл жыл адамға өз өмірін қайта қарап, жаңа жоспарлар құруға мүмкіндік береді. Яғни, 18 мың ғаламмен ғажайып үйлесімде өмір сүрген қазақ жыланның да тілін түсініп, жапа шекпеудің жолын тапқан. Сондықтан келер жылдың сынағы болса, одан халқымыз сабырмен, абыроймен өтсін дейміз.

Дегенмен, келер жылға көп үміт артамыз. Ендігі келер жылдың жақсылығы мол болғай! Елімізге ырыс-құтын, жақсылығы мен берекесін қоса ала келсін!

Жылан жайлы жыл болсын, ағайын!

 

×

Редакция

$ 525.11  546.74  4.88