Ашық пікірсайыс өтті

«Жаңа Қазақстан» идеясы аясында білім беру жүйесін жетілдіру, оның сапасын арттыру арқылы зияткерлік әлеуеті жоғары, саналы және жауапты жастарды тәрбиелеуде, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты Тұрақты даму мақсаты аясында оқу жылы кезеңінде тәрбиелік-танымдық іс-шаралар өткізді.

Админ
Кеше, 16:11

«Тұрақты даму мақсатының 4 бөлімі – Сапалы білім беру» әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология факультетінің аға оқытушысы Шоқан Шортанбай мен институттың мемлекеттік тіл кафедрасының оқытушысы Гүлсім Тінейбекқызының жетекшілігімен «Заңғар жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаевтың «Күй», «Ханша – Дария», «Шыңырау» повестерін талдау» (ұлттық мінез-құлық, елдіктің мүддесі, тілдің тағдыры, отаншылдық пен патриотизм негіздері) тақырыбында студенттер мен курсанттар арасында ЖОО аралық ашық пікірсайыс алаңы өтті.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология факультетінің студенттері мен Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты 2-курс курсанттары ғылыми-танымдық форматта алғаш рет ұйымдастырылған іс-шараға қатысты.

Пікірсайыстың алғашқы кезеңі Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайына ұлттық мәдениетке шолу ой ширату мазмұнында өтті. Болашақ әртүрлі маман иелерінің мақсатын біріктіретін ортақ мүдде – Отан деген киелі ұғым. Тілі жоғалған, тарихы көмілген, мәдениеті азған, жері тозған халықтың өзі де жоққа тән. Шараның мақсаты – патриоттық рухтағы жас буынның жаңа көзқарастағы креативті бастамалары мен ұстанымдарына, еркіндігіне жол ашу, тұлға болып қалыптасуларына тәрбие бағыт беру.

Ашық пікірсайыс алаңының келесі шарықтау кезеңі Әбіш Кекілбаевтың «Күй», «Ханша – Дария», «Шыңырау» повестерін терең талдаумен жалғасты. Ғылыми-теориялық гипотезалар негізінде зерттеуші ғалымдардың тұжырымдарына сілтеме жасау арқылы тарихи-әлеуметтік және тарихи-қоғамдық әдістер тұрғысынан талдау жүргізілді.

«Күй» повесіндегі «мәңгүрт» ұғымы күні бүгінге дейін өзектілігін жоймаған терең тақырып. Мәңгүрттік – ұлт трагедиясы. Бұл әдістің технологиясы өзгергенімен, сипаты өзгермеген. Сонау XVIII ғасыр ортасындағы халықтар арасындағы шапқыншылықтың моральдық, трагедиялық салдары, жер дауы сияқты таластар бүгінде түпкілікті жойылды деп айта алмас едік.

«Ханша – Дария» повесінде Шыңғыс хан өмірінің аңызы мен ақиқаты өрілген. Зұлымдық пен жауыздықты ауыздықтаған ұлы күрескер ананың асқақ рухы, әйел даңқы мен құдіреті биік сомдалған. Түгелдей қырылған елі мен ерінің жанынан өз жанының артық емес екенін танытқан нағыз патриот әйелдің ерлігі баяндалған. Елдіктің туын жықпаған өр халықтың аңызы осындай.

«Шыңырау» повесінде Маңғыстау өңірінің тарихынан, халықтың тағдырынан, географиялық ерекшелігіне тән ата кәсібінен терең мағлұмат берілген. Шөл даладағы тіршілік көзінің тапшылығынан құдық қазу ісінің күнкөріске айналғаны белгілі. Жанталас тірліктің баянсыз финалы философиялық ойларға жетелейді. 

Әбіш Кекілбаев шығармаларының ұрпақ тәрбиесіндегі алатын орны ерекше. Тақырыптың өзектілігі әртүрлі саладағы білім алушы жастарды патриотизмге, ынтымақтастыққа, ортақ мақсатқа, біртұтас құрылымға біріктіре алды.

Ашық пікірсайыс алаңында білімпаз жастар маңызды ақпараттармен бөлісіп, құнды пікірлер айта алды. Курсанттар мен студенттер аталған шараға өте тиянақты дайындалып, белсенділік танытты.  Пікірсайыс кезеңдері жүйелі логикалық байланысқа құрылған. Ашық пікірсайыс тартысты өтті, өз мақсатына жетті.

 

Гүлсім ӘМЕТОВА,

мемлекеттік тіл кафедрасының оқытушысы

×

Редакция

$ 515.89  536.32  5.17