Тәуелсіздік күнінің құрметіне орай «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы 44736 әскери бөлімінің саптық алаңында еліміздің Мемлекеттік туы көтеріліп, Әнұраны шырқалды.
Мемлекетті туды көтеру мәртебесі 2024 оқу жылының жауынгерлік сайыс жеңімпазы – арнайы мақсаттағы таулық ротасына берілді. Көк байрақты капитан Қайырбек Қамбарбек көтерді.
Әскери бөлім командирі подполковник Талап Бирбаланов жеке құрамды тәуелсіздік күнімен құттықтай келе, 1991 жылы 16 желтоқсанда қабылданған Заң – еліміздің егемендігін қамтамасыз еткен маңызды құжат екенін айтты. Тәуелсіздік алған күн – Қазақстанның әр азаматы үшін ұлы күн екенін жеткізді. «Тәуелсіздік – ең басты құндылығымыз. Бұл – қазақ халқының бостандыққа ұмтылған биік армандары мен қайсар рухының жеңісі. Ғасырлар бойы ата-бабамыз аңсаған егемендікке жету – халқымыз үшін зор мәртебе», деді. Ол азаттық жылдарында Қарулы Күштерінің, оның ішінде бөлім әскерилерінің кәсіби біліктілігі жан-жақты танылғанын да атап өтті.
Алуа Искакова
Суретті түсірген автор