Әскери қызметшілерге арналған экстремизм мен терроризм мәселелеріне арналған конференция 44803 әскери бөліміне қарасты С-300 зениттік-зымырандық дивизионында өткізілді.
Аталмыш іс-шараға Саран қалалық мешітінің имамы, дінтанушы Мұсабеков Нұржігіт Оразалыұлы қатысып, «Әскери қызметшілермен олардың отбасы мүшелерін діни экстремизм идеологиясының теріс әсерінен қорғау» тақырыбында маңызды сөз сөйледі. Конференция барысында дін қызметкері қазіргі қоғамдағы діни экстремизм мен терроризмнің қауіптілігіне тоқталып, бұл мәселелердің мемлекеттік және әлеуметтік тұтастық үшін аса маңызды екенін атап өтті. Ол өз сөзінде елімізде діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу үшін белсенді жұмыстар жүргізіліп жатқандығын және бұл салада көп күш-жігер жұмсалып отырғанын жеткізді.
- Терроризм мен экстремизмге қарсы күрес әлемде құқық пен тәртіпті қамтамасыз етудің негізгі бағыттарының бірі болып табылады. Мұндай қылмыстардың жалпы санындағы үлесі аз болғанымен, олардың қоғам мен құқық қорғау органдарының теріс реакциясын туғызатынын ескерген жөн, - деді дін қызметкері Нұржігіт Мұсабеков.
С-300 зениттік-зымырандық дивизионының старшинасы Абишев Жалғас Думанұлы, конференцияның жастар үшін өте пайдалы өткенін айтып, экстремизм мен терроризмге қарсы күрес әлемдегі барлық мемлекеттердің бірлескен күш-жігерін талап ететін жаһандық мәселе екендігін атап өтті. Саран қаласының бас имамы Нұржігіт Мұсабеков өз сөзінде, бұл шараны ұйымдастыруға қолдау көрсеткен және атсалысқан 44803 әскери бөліміне алғысын білдіріп, діни экстремизм мен терроризм мәселесін шешу үшін тек мемлекеттік орган емес, бүкіл қоғам болып бірлесіп жұмыс істеу керектігін атап өтті. Конференция барысында спикер әскери қызметшілердің діни экстремизм мен терроризм көріністеріне қарсы күресте қандай іс-шаралар қолданылуы керектігін түсіндіріп, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді. Әскери ортада діни радикализмнің таралуына жол бермеу және оның алдын алу үшін тиімді әдіс-тәсілдер жайында тыңдаушыларға нақты ақпарат берілді. Сондай-ақ, шара барысында әскери қызметшілерге экстремизм мен терроризмнің қоғам мен мемлекетке тигізетін қауіпті әсерлерін түсіндіріп, осындай қатерлерге қарсы тұру жолдары бойынша тренингтер ұйымдастыру туралы ұсыныстар айтылды.