ҚР Премьер-Министрінің 2023 жылғы 10 ақпандағы № 27-Р өкімімен жұмыс тобы құрылды
Қарулы күштер Ұлттық әскери-патриоттық орталығының Алматы филиалында Қорғаныс министрлігі Зейнетақымен қамсыздандыру орталығының бастығы полковник Алмас Қораласов зейнетақы заңнамасының нормаларын түсіндіру бойынша әскери зейнеткерлермен кездесу өткізді. Бұл туралы Sarbaz.kz Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Әскери зейнеткерлер мен күштік құрылымдардың зейнеткерлерін зейнетақымен қамсыздандырудың аса өткір мәселелерін шешу үшін ҚР Премьер-Министрінің 2023 жылғы 10 ақпандағы № 27-Р өкімімен жұмыс тобы құрылды. Жұмыс органы арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдары қызметкерлерінің, Қарулы күштер, басқа да әскерлер мен әскери құралымдар әскери қызметшілерінің әлеуметтік қамсыздандырылуын және еңбекақы төлеу жүйесін жетілдіру мәселелерімен айналысады.
2016 жылдың бірінші қаңтарынан бастап жұмыстан шығарылған әскери қызметшілерге мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі жойылған болатын. Енді оны қалпына келтіру мәселесі шешілуде. Базалық зейнетақыны қайтару мынадай алгоритм бойынша қаралатын болады: қалыптасқан зейнеткерлер үшін еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдеріне арнайы үстемеақы белгілеу ұсынылады. Ол базалық зейнетақы мөлшеріне ұқсас есептеледі және жалпы еңбек өтілі мен еңбек сіңірген жылдарына байланысты болады.
Сонымен қатар, күштік құрылымдардың барлық зейнеткерлерінен базалық зейнетақы алынып тасталады. Жаңадан тағайындалған зейнетақылар бойынша еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін ақшалай қаражаттың 60-75% мөлшерінде (бүгінгі күні – 50-65%) есептеу ұсынылады. Осылайша, алдағы уақытта еңбекақы төлеудің бірыңғай жүйесіне көшуді ескере отырып, зейнетақы мөлшеріндегі теңгерімсіздік жойылады.
Әлеуметтік Кодексте тұрғын үй жағдайларын жақсарту мен емделуге ақы төлеу үшін зейнетақы жинақтарының қалдықтарын толық көлемде алу мәселесі көрініс тапты. Норма ағымдағы жылдың бірінші шілдесінен бастап іске қосылды. БЖЗҚ деректері бойынша бүгінгі таңда 75 мың әскери зейнеткердің ішінен жалпы сомасы 34,9 млрд теңгеге 22,3 мың адам осы құқықты пайдаланған.
1998 жылдың бірінші қаңтарынан кейін шақырылған және 2016 жылдың бірінші қаңтарына дейін жұмыстан шығарылған әскери қызметшілерге зейнетақыны индекстеу мәселесі де шешілуде. Оларға зейнетақы 2008-2015 жылдар кезеңіндегі жалақысы бойынша жыл сайынғы өсімсіз тағайындалды. Енді ол зейнетақыны индекстеуді өтініш берген күннен емес, жұмыстан шығарылған күннен бастап жүргізеді.
Келісімшарт мерзімі аяқталғаннан кейін қызметтен босатылған және зейнетақы тағайындау үшін жеткілікті еңбек сіңірген (25 жыл) әскери қызметшілерге зейнетақы алу құқығын беру мүмкіндігі пысықталуда.
Осы мәселелер бойынша жұмыс тобы біртұтас ұстаным қалыптастырды. Қазіргі уақытта түзетулер мүдделі мемлекеттік органдармен, оның ішінде Қаржы министрлігімен көрсетілген шараларға қосымша қажеттілік бөлу бөлігінде келісу рәсімінен өтуде.
Арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдары қызметкерлерінің, сондай-ақ Қарулы Күштер, басқа да әскерлер мен әскери құралымдар әскери қызметшілерінің еңбегіне ақы төлеу жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі жұмыс жалғасуда.