Біз – Жеңіс жолының жалғаушысымыз!

Рейхстагқа Жеңіс Туын тіккен, Халық Қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай, Қарулы Күштер ардагерлерінің Приозерск гарнизонындағы ұжымының қолдауымен Қарағанды облысы білім басқармасы Ақтоғай ауданы білім басқармасының «Сарышаған мектеп-интернаты» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде «Рейхстагқа Ту тіккен қаһарман!» тақырыбындағы патриоттық іс-шара ұйымдастырылып өткізілді.

Админ
27/11/2024 - 13:59

Аталған іс-шараға Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің ардагері, Қазақстан Республикасының Құрметті азаматы Тілек Кенжебеков пен Сарышаған кентінің тумасы Күлмағамбетов Жұмағали Көшімағамбетұлы арнайы шақырылған болатын. Алдымен, мектеп оқушыларына интерактивтік тақта арқылы соғыстың Жеңіс жалауын желбіреткен Рақымжан Қошқарбаевтың өмірі мен ерлік жолына арналған деректі фильм көрсетілді. Тақта алдында сөз алған, ардақты ардагер Тілек Алшымбекұлы: «Қазақтан шыққан батыл да ержүрек Рақымжан Қошқарбаев қарсы келген жауынан еш тайсалмастан, жанындағы жауынгерлік досы Григорий Булатовпен бірге жер бауырлап, Рейхстаг қабырғасына Жеңіс туын қадады. Сол ерлік істерімен ұзаққа созылған Ұлы Отан соғысына нүкте қойылып, қалың көпшілік бейбіт күнге қол жеткізді.

Сөйтіп, Рақымжан атамыз ерліктің ерен үлгісін көрсетіп, Жеңістің даңғыл жолын салып берді. Бүгінгі күнде, біздер – сол Жеңіс жолының жалғаушысы екенімізді естен шығармау керекпіз!» - деп, ой түбіндегі сыр сандықты ашып берді. Келесі кезекте сөз алған Жұмағали Күлмағамбетов оқушыларға өзінің студенттік шағында қаһарман Рақымжан Қошқарбаевты Алматыға іздеп барғанын, батырдың қолына ауыл ақсақалдарының сәлем хатын жеткізгенін тебірене жеткізді. Рақымжан Қошқарбаев Ұлы Отан соғысы Жеңіспен аяқталған соң, Кеңес әскерінің Батыс Еуропадағы тобында қызмет етеді. Елге аман-есен оралған соң, осы Сарышаған кентіндегі өзімен аттас Рақымжан Дакенов есімді досына келеді. Қос Рақымжан бірлесіп еңбек етіп, қаланың жаңадан салынып жатқан құрылыс жұмыстарына қатысады. Мектеп оқушыларының алдында Жұмағали Көшімағамбетұлы осы Сарышаған кентінің тумасы ретінде көп нәрседен хабары бар екенін білдіре отырып, батыр Рақымжанның соғыстан кейін Сарышаған кентінің ірге тасын қалауға қатысқан жылдарына ерекше тоқталды.


    Мектеп оқушыларын отансүйгіштікке баулу мақсатындағы іс-шарада Рақымжан Қошқарбаевтың Жеңіс Туын тіккендегі сәтін айқындайтын оқушылар тарапынан шағын көрсетілім ұсынылды. Сәтті орындалған қойылымда 10 «а» сынып оқушысы Алижан Ерболат, 9 «а» сынып оқушысы Гауһар Дәуренқызы, 4 «а» сынып оқушылары Арнұр Даулбай, Сабыржан Жанболат және Батырхан Такен көпшілік ықыласына бөленді. Сахна төрінде осы білім ошағындағы музыка пәнінің оқытушысы, білікті маман Айман Нұртаева жетекшілік ететін «Жалын» домбырашылар ансамблінің өнерпаздары көпшілік елге танымал күй орындаушы Тоғжан Жахиннің «Дала рухы» күйі, «Әлқисса» күйі мен «Балбырауын» күйлерінің қосындысындағы поппуриді тамаша орындап шықты. Сонымен қатар, қазақтан шыққан батыр Рақымжан Қошқарбаевқа арналған өлең-жырларды мәнерлеп оқудан 9 «ә» сыныбының оқушысы Жарқынай Далбас, 10 «а» сыныбының оқушылары Жанайым Аймағамбет және Алижан Ерболат көпшілік ықыласына бөленді. 


    Аса жоғары деңгейдегі ұйымдастырылып өткізілген патриоттық іс-шараға жоғары баға берген мектеп директоры Балжан Бақытжанқызы Шайиағамбетова көпшілік алдында іс-шара қонақтары Т.Кенжебеков пен Ж.Күлмағамбетовке Алғыс хат тапсырды. Оқушыларға патриоттық тәрбие беру мақсатындағы іс-шара соңынан, іс-шара қонақтарын ортаға алған мектеп оқушылары естелік фотосуретке түсті.

Приозерск гарнизонының баспасөз хатшысы
Думан Жұмашұлы

×

Редакция

$ 522.49  547.88  5.06