«Халық қаһарманы» көркемөнер галереясы

Халқымыз өмірге келген әр перзенттен үлкен үміт күтеді. Оның болашақта мықты азамат болып өсуін, биіктерден көрінуін тілеп отырады. Егер сол үміт артқан баласы ата-анасының абыройын асқақтатып, білімімен қатардың алды болса, онда баласын мақтайды.

Админ
27/11/2024 - 10:55

Осы тұста ата-ананың еңбегі мен жемісі, тәрбиесі мен көп тер төккені айқын көрінеді. Балаға тәрбие екі жақтан берілгенімен, оны дүниеге алып келген ана орны ерекше. Себебі ана – баланың алғашқы тәрбиешісі. Ананың сүйіспеншілігі мен махаббатына бөленген баладан нағыз жомарт, өз ісіне адал ұрпақ өседі. Ананың күш-қуатын, тәрбиесін алып, білімімен сусындаған баладан ел жанашыры, қаһарман қалыптасады. Алыпты да ана туады. Сондықтан ана арқылы өтетін тәрбие мен құндылықтар қоғамда қайсар мінез бен батырлықты дамытуға үлкен үлес қосады.

Осындай ер мінезді азаматтарымызды дәріптеу үшін «Анаға құрмет» музейі арнайы іс-шара өткізді. Жиынның басты мақсаты ананың кең жүрегінен жаралған талантты ұлдар мен ел ағаларын жігерлендіру, оларды келер ұрпаққа таныстыру болды. Жиынға ҚР Қорғаныс министрлігіне қарасты 20-дан астам генерал қатысты. Олардың ішінде Халық қаһарманы Сәт Тоқпақбаев та бар. Генерал-полковник «Анаға құрмет» музейіне анасы Мағрипаның картинасын табыстады. Музей ұжымы осы сәтті пайдаланып анасының суретін «Халық қаһарманы» көркемөнер галереясына қойды. Суретті салған Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, суретші, Тәуелсіздікке қызмет еткен тұлғалардың аналарының бейнесінен галерея жасаған Жанұзақ Мүсәпір. Бұл сурет «Анаға құрмет» музейінің қоржынына түскен тағы бір экспонат болды. Іс-шараның соңында музей ұжымы келген қонақтарға алғысын айтып, ризашылығын білдірді.

Гүлнар Әбіш,

Анаға құрмет музейінің меңгерушісі 

×

Редакция

$ 522.49  547.88  5.06