ТӘРБИЕШІ-ОФИЦЕРЛЕР БАСҚОСУЫ

Алматы, Сарыөзек, Тараз, Отар және Шымкент гарнизондарының тәрбие құрылымдарының қатысуымен оқу-әдістемелік жиындар өтті. Ол жеке құраммен жұмыс істеуде негізгі функцияларды орындайтын тәрбиешілердің кәсіби дайындығы мен практикалық дағдыларын жетілдіру мақсатында жүзеге асты.

Админ
28/11/2024 - 16:47

Жиындарда ҚР Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің түрлі әскери бөлімдерінің офицерлерінен құралған дәріскерлер тобының сабақтары өткізілді. Спикерлер өз сөздерінде әскери бөлімде тәрбие, әлеуметтік-құқықтық, психологиялық және идеологиялық жұмыстарды жоспарлау мен өткізуді ұйымдастыруға қатысты маңызды мәселелерді талқыға салды.   Жауынгерлік дайындық сабақтары кезінде әскери қызметшілерді психологиялық тұрғыда қолдау талқылаудың жеке тақырыбы болды. Жиынға қатысушы тәрбиешілерге стресс және дене дайындығы жағдайында жеке құрамға психологиялық қолдау көрсетуге көмектесетін заманауи әдістер мен тәжірибелер ұсынылды. Кризистік жағдайда бұқаралық ақпарат құралдарымен іс-қимыл жасау туралы ситуациялық кейстер бойынша сабақтар да ұйымдастырылды. Әсіресе, қазіргі армия жағдайында әскери қызметшілердің моральдық тұрақтылығы бөлімшелердің жауынгерлік қабілетіне әсер ететін негізгі факторлардың бірі болып табылатыны сөзсіз.

   Жеке блокта бөлімшелер мен әскери бөлімдерде нүктелік профилактика әдістемесін іске асыру, сондай-ақ, бүгінгі күні әскери бөлімдерде әскери тәртіпті нығайту және моральдық-психологиялық ахуалды сауықтыру мәселелері бойынша негізгі құжат болып табылатын «Өміріңді сақта!» бағдарламасын іске асыру мәселелері қаралды. Әскери бөлімдерде тәрбиешілер моральдық-психологиялық ахуалды қалыптастыруда, жоғары жауынгерлік дайындықты сақтауда және Отан қорғаушыларды тәрбиелеуде маңызды рөл атқаратындықтан, тәрбие жұмысын ұйымдастыру, жергілікті атқарушы органдармен, ардагерлер ұйымдарымен және сарбаздар аналарының «Аналардың жүректері» комитетімен өзара іс-қимыл мәселелерін ұйымдастыруға да ерекше назар аударылды.

   Оқу-әдістемелік жиындарды тәрбиешілердің кәсіби дағдыларын арттыру жолындағы маңызды қадам деуге толық негіз бар. Тәрбиеші-офицерлер басқосуда тәжірибе алмасуға және жаңа білім алуға ғана емес, сонымен қатар әртүрлі әскери бөлімдер арасындағы байланысты нығайтудың мүмкіндіктеріне де қол жеткізді. Жиынға ҚР Қарулы Күштері Құрлық әскерлері Бас қолбасшысының орынбасары – тәрбие және идеологиялық жұмыс бас басқармасының бастығы полковник Арынғали Ақышев жетекшілік етті.

   Мұндай іс-шаралар жеке құраммен тиімді жұмыс істеуге және әскери ұжымдар қатарында тәртіпті қамтамасыз етуге қабілетті жоғары білікті кадрлар құрамын қалыптастыруға ықпал етеді.

 

Аға лейтенант Меруерт ҚҰРМАНҒАЖИНА

36803 әскери бөлімі

 

 

 

 

×

Редакция

$ 522.49  547.88  5.06