Сарбаздар өз тәжірибелерімен бөлісті

«Шығыс» өңірлік әскерлері қолбасшылығына қарасты халық қаһарманы Қасым Қайсенов атындағы 27943 әскери бөлімінде Отан алдындағы борыштарын өтеп жүрген Мадияр Жұмағалиев пен Рустам Өмірбеков кезінде өздері түлеп ұшқан білім ордасы Өскемендегі №49 орта мектептің оқушыларымен кездесті.

Админ
Бүгін, 11:46

Кездесу барысында сарбаздар оқушыларға қызығы мен қиындығы қатар жүретін әскери өмір туралы кеңінен тарқатып, айтып берді.

«Әскери бөлім басшылығының назарына жақсы жағымен іліккен жауынгер мерзімді қызметінен кейін алдағы өмірде ел мүддесі үшін қызмет ететін жақсы  азамат боларын сеніммен айтуға болады. Себебі әскери қызмет – ер азаматты үлкен өмірге шыңдайтын, жол сілтер мектеп», - деді Мадияр Жұмағалиев.

Басқосу барысында мерзімді әскери қызметшілер оқушылар тарапынан қойылған барлық сұраққа жауап беріп, аз уақыт ішінде әскери өмірден жинақтаған тәжірибелерімен бөлісті.

«Жігіт болсаң, еліңе қорған бол» деген қанатты сөзді өмірлік ұстаным еткен жалынды жастар оқушыларға үлгі-өнеге көрсете білді. Мадияр мен Рустамның алға қойған мақсаттары да айқын. Тәуелсіз елдің рухы биік ұландары кездесу барысында егемен елді өркендетуге өз үлестерін қосуды армандайтындарын айтты. Олай болса, жігерлі жастардың болашағы жарқын болғай дейміз.

×

Редакция

$ 499.51  525.83  4.62