«....Мен де соғысқа қатыстым. Дивизияға дейін басқардым. Төрт жыл бойғы сұрапылдың небір сұмдықтары көз алдымда. Бірақ, Берлинді алардағы, Рейхстагқа ту тігердегі қырғын – ол нағыз ақырзаманның өзі. Жаңағы жігіт сол тозақ отының ішінде болған. Сол алапаттан аруақ қолдап, аман шыққан. Жеңіс жалауын тіккен! Тағдыр оның тарихи адам ретіндегі өмірбаянын сол сәтте жазған!!! Сендердің міндеттерің енді соны елге айтып, жалпақ жұртқа жеткізу».
Бауыржан Момышұлы
Кеңес Одағының Батыры
Біз Рақымжан Қошқарбаев есімін өткен ХХ ғасырдың орта тұсында белең алған Ұлы Отан соғысының Жеңіс туын тіккен қаһарман ретінде танып білгенімізбен, осы күнге дейін қазақ батырының соғыс жылдарынан кейін Сарышаған кентінде еңбек еткенін білмей келгендігіміз рас.
1941-1945 жылдар аралығын қамтыған Ұлы Отан соғысы аяқталғаннан кейін Рақымжан Қошқарбаев тағы да екі жылдай Батыстағы Кеңес әскерінің құрамында қызмет етіп, аман-есен елге оралады. Жанында жауынгерлік серігі Григорий Булатов бар, сұрапыл соғыс жылдарында неміс басқыншыларының басты бекінісі саналған Рейхстагқа ең алғаш Жеңіс Туын қадаған қазақ батыры Рақымжан Қошқарбаевтың Қарағанды облысындағы Ақтоғай ауданына қарасты Сарышаған кентінің іргетасын қалағандығы жайындағы ақпараттарға енді ғана қол жеткізіп келеміз.
Приозерск гарнизонындағы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің ардагері, Қазақстан Республикасының Құрметті азаматы Тілек Кенжебековтың қолдауымен, биыл Рейхстагқа Жеңіс Туын тіккен, Халық Қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай, батырдың өмірі мен ерлігі туралы ақпарат дерек көздеріне зер салып, көп іздендік. Бірде, ардагер аға Тілек Алшымбекұлы менімен хабарласып, еліміздің «Хабар» телеарнасында түсіріліп, әлеуметтік желіде жарық көрген «Өмір жолы. Рақымжан Қошқарбаев» тақырыбындағы бейнетүсірілімнің табылғанын жеткізді. Аталған бейнетүсірілімде алдымен: «....дегенмен, Рақымжан батырмын деп кеуде соқпады. Ту тіккенін жария етіп ешкімге айтпалы, елге Ақмолаға оралды. Соғыстан кейінгі ауыл өмірі жадау еді. Елдің бәрі жан бағудың қамымен жүрді. Рақымжан да бірден жұмысқа араласты. Сөйтіп көп ұзамай Гүлжиһан есімді бойжеткенді ұнатады. Рақымжан өте келбетті, батыр тұлғалы жігіт болған. Қыз да ел мақтаған жігіттің етегінен ұстап кете барды» - деп, суреттесе, одан әрі бейнетүсірілімде: «Үйлене салысымен ерлі-зайыптылар Мойынты-Шу теміржол құрылысына жұмысқа келеді. Сарышаған станциясында тұрады. Жас отбасына үй береді. Жұмыс беріп жағдайлары түзеледі. Бірақ бұл бақытты күндері ұзаққа бармайды. Аяғы ауыр Гүлжиһан баланы босану үстінде көз жұмады. Рақымжан кішкентай шақалақпен жалғыз қалады. Ұл бала еді, бірақ сәбидің де күндері санаулы екен. Алты айлық кезінде шетінеп кетті. Таудай тұлға бір сәтте шөгіп қалады. Тағдырына налиды. Мең-зең күй кешеді» - деп, көрсетілген екен.
Біз де қарап отырмай, осы бейнетүсірілімді көрген соң, жан-жаққа шыға бастадық. Сенсеңіз, бір-екі ай бойы қанша талпынсақ та, жолыққан адамдардан көңілге қонарлықтай еш мәлімет таба алмай қор болдық. Содан бір күні жолымыз болып, бізге Приозерск қаласы мен Сарышаған кентінің арасындағы жолаушыларды тасымалдайтын Жұмағали есімді такси жүргізушісінің кезігіп қалмасы бар емес па?! Жол бойы сол такси жүргізушісі Жұмағали аға бізге Рақымжан Қошқарбаевтың Сарышағанда еңбек еткен жылдарынан аз-кем хабары бар екенін жеткізді. Керек десеңіз, Жұмағали аға өзінің кішкентайынан бірге өскен досы Бижамбек Мейрамқұл екеуі студенттік шағында әке аманатын орындау мақсатымен Алматы қаласына барып, Мейрамқұлдың әкесі Зәкен Бижамбектің жазған хатын сол кезде «Алматы» қонақ үйінің директоры болып қызмет етіп жүрген Рақымжан Қошқарбаевтың өз қолына табыс еткендерін баяндап берді.
Дәл осы Жұмағали ағаның көрсетуімен, Рақымжан Қошқарбаевтың Сарышаған кентінде еңбек еткен жылдарынан көп мағұлмат алу үшін, Балқаш қаласында тұратын, байырғы Сарышаған кентінің тұрғыны Жақсылық Дакенов ақсақалды іздеп таптық. Бүгінгі күнде еліміздің баспасөз беттерінде батырдың көз алдында ер жеткен Жақсылық ақсақалмен болған әңгіме жайында «Батырдың тізесінде отырып, тәрбие алдым....» тақырыбындағы мақала жарық көруде. Мақалада Дакенов Жақсылық: «Біз барша халық танитын, Жеңіс Туын тіккен Рақымжан Қошқарбаевтың есімін жақсы білсек, менің де Рақымжан Дакенов деген үлкен ағам бар еді. Екеуі де есімдері аттас болғандығынан шығар, бір-бірін туғанындай жақын көріп, жақсы сыйлас болды. Қос Рақымжанның таныстығы Ұлы Отан соғысының алдында, Балқаштағы фабрика-зауыт училищесінде бірге оқып жүрген кезінде басталған екен. Ұлы Отан соғысы басталғаннан кейін, әскер қатарына шақырылғандар қатарындағы Рақымжан Қошқарбаев офицерлерді даярлайтын Фрунзе (қазіргі Бішкек) қаласындағы әскери оқу орнына жіберілсе, менің ағам Рақымжан Дакенов Қиыр Шығыстағы майданға аттанады. Майдан даласынан аман-есен елге келе жатқан ағам Рақымжан жолда пойыз ішінде байырғы сырлас та сыйлас досы Рақымжан Қошқарбаевпен кездесіп қалып, екі дос бір-бірімен қайтадан қауышады. Өздерінің туған елдеріне жеткен соң, екі дос бір-бірімен хат жазысып, хабар алып тұрады. Менің ағам досына жазған бір хатында Рақымжан Қошқарбаевқа осында Мойынты-Шу теміржолы құрылысының басталғанын жазып, өзінің Сарышаған станциясында еңбек етіп жүргендігін жеткізеді. Көп ұзамай Рақымжан Қошқарбаев та жетіп, менің ағам Рақымжан Дакеновпен бірге теміржол құрылысына бел шешіп кіріседі....» - дегенді алға тартады.
Жақсылық Дакеновтың ағасы Амангелді Дакенов ақсақалдың өткен жылы өмірден озғаны баршаға аян. Өзінің көзі тірісінде Амангелді ақсақал «Балқаш өңірі» аймақтық қоғамдық-саяси газетінің 2023 жылғы 5 мамырдағы № 33 (13213) санында жарық көрген тілші Кәрім Нұрдос Маратұлының «Қос Рақымжан іргесін қалаған Сарышаған» мақаласында:
«Бұл Сарышаған батыр Рақымжанның қолтаңбасы қалған аумақ. Маньчжурияда соғыста болған менің Рақымжан Дакенов есімді ағам екеуі 1949 жылы Сагышағанға келіп, құрылыс жұмысын бастаған. Ол кезде мен 9 жастамын. Алғашында бұл жерде Бекет болған. 50-ші жылдардың екінші жартысы Қазақстан үшін, соның ішінде біздің облыс үшін де жаңа құрылыстар мен қоныстойларының дәуірі болды. Партия тапсырмасына сәйкес, Рақымжан Қошқарбаев пен Рақымжан Дакенов іске кірісті. Жұмысшыларды жұмылдырып, құрылысты кең көлемде жүргізіп, тұрғын үй, қойма, мектеп, асхана, мәдениет үйін, жатақхана, наубайхана және монша салды. Сондай-ақ, жұмысшылар мен қызметшілер мемлекеттен қарыз алып, жеке үйлер де тұрғызған. Осынау құрылыстың басында қос Рақымжан жүргенін көзім көрді. Менің ағамның әйелінің аты Үкітай, ал Рақымжан Қошқарбаевтың әйелінің аты Гүлжиһан еді. Біздің үйге келіп тұратын. Әлі есімде, «Халық Қаһарманы» қолыма қалың дәптер мен қалам ұстатып мектепке жіберген. Содан кейін не жазып жүргенімді тексеріп отыратын. Батырдың тағдыры сынаққа толы екен. Гүлжиһан босануға барып аурухана төсегінде көз жұмды. Баланы аман алып қалғанымен, нәресте 6 айлығында шетінеп кетті. Гүлжиһанды Приозерск қаласына шыға берісте жолдың сол жақ қанатындағы Исабектің Ақтайының шабындығындағы жалғыз төбенің басына апарып, арулап қойды. Алты айдан кейін шетінеген ұл баласын анасының қасына апарып жерледі» - деп, естелігін қалдырады.
Марқұм Гүлжиһан Сәрсенбайқызының бес ағайынды екендігі қаламгер Жанболат Аупбаевтың 2014 жылы Республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Ту тіккен» тақырыбындағы мақаласында көрсетілген. Дәл осы мақалада Жеңіс Туын тіккен, Халық Қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың көзі тірісінде айтып кеткен естелігі жазылған. Сол естелік жазбада Рақымжан:
«....Гүлжиһан екеуіміз үйленіп, отбасын құрған соң, сол кездегі аты жиі естіліп, жастарды жұмысқа шақырып жатқан «Мойынты-Шу» теміржол құрылысына аттандық. Сарышаған станциясындамыз. Үй берді. Кәсіп бар. Өмір жақсы. Бірақ ауа райы қатал. Күн ыссы. Жер сортаң. Су ащы. Мұның бәріне көндігіп кетер ме едік, қайтер едік, егер бір бақытсыз оқиға болмағанда....
....Көрші-қолаң, жора-жолдастарымның қоларынан басу айтқаннан басқа не келеді. Жылы сөздерімен жәрдемдерін аямайды-ақ. Бірақ, менің еңсем көтерілер емес. Өстіп жүргенде еңбек демалысымның да уақыты келді. «Алматыға барайын», - деп ойладым іштей. Осы шешіммен Алатау баурайына қарай тарттым. Содан Сарышағанға ұайта оралғаным жоқ» - деп, өткен күндеріне шолу жасаған екен.
Бүгінгі күнде Рейхстагқа Жеңіс Туын тіккен, қазақ батыры Рақымжан Қошқарбаевтың Сарышаған кентіндегі еңбек еткен жылдарын анықтау, тұрған үйінің орнын табу, жұбайы марқұм Гүлжиһан мен ұлының жатқан жерлеріне қоршау жасап, белгі тас қою сынды жұмыстарын Саршыған кентінің бір топ азаматтары қолға алып жатқандығын зор мақтанышпен жеткізе аламыз. Осы игілікті істе асқан белсенділік танытып жүрген Абдрахман Оспановқа, Шынтас Мухашевке, Серік Абрасиловқа және Сарышаған станциясының Теміржол мекемесінің басшыларына айтар алғысымыз шексіз.
Дерек көздеріне сүйенсек, Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы Министрлер Кеңесінің 1989 жылғы Қаулысымен қазіргі Ақмола облысы Целиноград ауданының Қосшы ауылындағы орта мектепке Рақымжан Қошқарбаевтың есімі беріледі.
Егеменді еліміздің бас қаласы саналатын Астанадағы даңғылға Рақымжан Қошқарбаев есімі берілді.
Балқаш қаласында еліміздегі кәсіби мамандарды даярлайтын «Қазақстан Республикасының Халық Қаһарманы Рақымжан Қошқарбаев атындағы Балқаш техникалық колледжі» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорыны бар. Аталған оқу орнының алдандағы ескерткіш тақтада «Рақымжан Қошқарбаев 1938 жылы осы оқу орнында дәріс алған» - деген жазу бар.
Қарағанды облысының Приозерск қаласында Рақымжан Қошқарбаев атындағы көше бар.
Астана қаласында Б.Момышұлы мен Р.Қошқарбаев даңғылдарының қиылысында Рақымжан Қошқарбаевқа еңселі биік ескерткіш орнатылды.
Жақында Рейхстагқа Жеңіс Туын тіккен, Халық Қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың туғанына 100 жыл толуы қарсаңында, Ақмола облысы Қосшы қаласына қарасты Тайтөбе ауылында үлкен аллея бой түзеп, батырдың құрметіне бюст орнатылды.
Айтарымыз, соғыстан кейнгі жылдары Рейхстагқа Жеңіс Туын тіккен, Халық Қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың Сарышаған кентінде еңбек еткен жылдары ескеріліп, Ақтоғай ауданындағы ауылдық елді-мекен көшелері мен Сарышаған кентіндегі оқушылар білім алатын орта мектепке Рақымжан Қошқарбаевтың есімі берілсе дейміз. Тіпті, көп ел болып қолға алса, жолаушылар көп қатынайтын Сарышаған станциясының жаңадан салынған вокзалының алдынан Рақымжан Қошқарбаевтың ескерткіші бой көтерсе де артық етпес еді.
Алдағы келе жатқан 2025 жылы, Жер шарындағы бүкіл адамзат баласына үрей туғызған екінші Дүниежүзілік соғысының басты майдан даласына айналып, 1941-1945 жылдар аралығын қамтыған Ұлы Отан соғысының Жеңісіне 80 жыл толуын атап өтетін боламыз. Осы Ұлы Жеңіске жетудегі қазақтан шыққан ержүрек батыр Рақымжан Қошқарбаевтың ерлігі тарихта алтын әріптермен жазылып қалатыны анық.
Ер есімі ел есінде мәңгілікке сақталатынына сенімдіміз!
Приозерск гарнизонының баспасөз хатшысы
Думан Жұмашұлы