ЕСТЕН КЕТПЕС КЕЗДЕСУ

Админ
Бүгін, 13:39

Мұражайға кірген сайын батырдың үлкен портретіне көзім түседі. «Темір генералдың» өмірдеректерін ұландарға таныстыра жүріп, естен кетпес кездесуді еріксіз еске аламын.

Кеңес Одағының Батыры генерал Сабыр Рақымовтың жары Құралай Натуллаевамен  кездесу  менің ғана емес, сонымен қатар Шымкент республикалық «Жас ұлан» мектебінің (ол кезде солай аталған) тәрбиеленушілерінің есінде мәңгіге қалғанына сенімдімін. 2006 жылдың күзі болатын. Мектепке Құралай апаны шақырдық. Ол кісі қуана келісіп, тағылымды іс-шара өткіздік. Тәрбиеленушілермен кездесу барысында Сабыр аталары туралы ыстық естеліктерімен бөліскен болатын. Кездесу барысында Құралай апа Сабыр Рақымовтың мектептегі ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етіп көзіне жас алған еді.

Кездесу соңында Құралай апа тәрбиеленушілерге Отан алдында қызметтеріне сәттілік тілеп, естелікке Сабыр Рақымовтың өз отбасында сақталған майлы бояумен салынған картинасын сыйға тартқан болатын. Егер мектепте мұражай ашылса, Сабыр аталарының қолданған заттарын естелікке алып келуге уәде берген болатын. Бірақ үлгермеді. 2007 жылы Ұлы Отан соғысының ардагері  Сабыр Рахымовтың жары Құралай апа дүниеден өтті. Жаны жәннатта болсын!

Кешегі мектеп, бүгінгі әскери колледж мұражайының төрінен ойып тұрып орын алған «темір генерал» Сабыр Рахымовтың  асыл жарынан қалған естелік картинаның тарихы, міне, осындай.

Картинаны көрген сайын Құралай апаны еске алып қоямыз. Өйткені, апамыздың арманы орындалып, түлектеріміз тек биіктерден көрініп келеді. Бүгінде 7 генерал, 300-ге тарта полковник, 700-ден артық подполковник, екі Республикаға еңбегі сіңген қайраткер бар. 10-ға жақын азаматтарымыз облыс, аудан және қалалардың Құрметті азаматы атағын алды. Мұның барлығы біз үшін әрқашан мақтаныш.

 

Бәйдібек Кәдірбек,

Оқу-әдістемелік бөлімнің бастығы

 

 

×

Редакция

$ 493.85  519.04  4.97