Білімі мен біліктілігі жарасқан

Өндірістің кез келген саласы байланыссыз өмір сүре алмайды. Олай болса, Қарулы Күштер құрылымдарында Байланыс әскерлерінің алар орны ерекше. Оны дәлелдеп жатудың қажеті шамалы. Себебі, кез келген қозғалыс, кез келген басқару түрі осы саланың қызметімен тікелей байланысты. Ал бұл салада мамандығын шынайы сүйген адамдар ғана қызмет ете алады. Міне, осындай білімді де, білікті мамандардың бірі – запастағы полковник Мейрам Хамзин. Өмір оны ерте есейтті: үйде де, түзде де.

Админ
Бүгін, 10:35

Анығырақ айтайық, Мейрамның әскери өмірге деген құштарлығы бала күннен басталған. Сөйтіп, отбасында ең алғашқы болып әскери форма киген. Әуелі Алла, сосын өмірден ерте озған әкесінің аруағы қолдады. Ал, абзал анасы Сәбиха (2004 жылы қайтыс болған) күндіз-түні балапанының тілеуін тілеп, іштей дұғасын қайырып жүрген болар.

 

Қызметіне келер болсақ, ол екі мәрте – аға лейтенант және капитан әскери атағын мерзімінен бұрын алды, ІІ дәрежелі «Айбын» орденін омырауына тақты. Мұндай жетістіктердің артында ізденімпаздықтың, табандылықтың, білімдарлықтың, білгірліктің, іскерліктің, жауапкершіліктің тұрғаны айтпаса да түсінікті.

Мейрам Ордалыұлы 1970 жылы 25 қаңтарда Ақтөбе облысының Ырғыз ауданына қарасты Коминтерін елдімекенінде дүниеге келген. 1985 жылы Шымкенттегі республикалық арнайы мектеп-интернатына келіп түсті. Жасыратыны жоқ, бұған дейін таза қазақ мектебінде оқыған балаға бұл жерде сабақты бірден орысша алып кету ауырлау тиді. Тілдің шорқақтығынан болар, гуманитарлық пәндерден гөрі алгебра, геометрия, физика, химия секілді дәлдік пәндерден жақсы алып кетті. Сыныптың (взводтың) кураторы математика пәнінен сабақ берген Бычкова Галина Николаевна атты тәжірибелі, өте мейірімді, сонымен қатар қатаң жауапкершілік сұрай білетін талапшыл да ұстаз болған екен. «Ол біздер, 15 жастағы жасөспірімдер, үшін екінші анамыздай болды», - деп еске алады Мейрам.

Офицер болуды бала жастан армандаған бозбала РАМИ-ді бітіргеннен кейін Рязань жоғары әскери командалық байланыс училищесіне оқуға түсті. Офицерлік қызметін жас лейтенант 1992 жылы Сарыөзек дивизиясында, генерал Бақытжан Ертаевтың қол астында, 77035 әскери бөлімінде (жеке байланыс батальонында) радиовзвод командирі болып бастады. 1993 жылғы желтоқсанда оған кезекті «аға лейтенант» әскери атағы мерзімінен бұрын берілді. Әскери басшылардың оның жемісті қызметіне берген осы бағасы жас офицерге өз қызметтік міндеттерін орындауды бұрынғыдан да көп қуат-жігер беріп, жоғары жауапкершілік жүктеді.

1994 жылғы ақпан айында генерал Б.Ертаевтың ұсынысы (талабы) бойынша ол 77035 әскери бөлімінің (ЖББ) командирі болып тағайындалды. Осы уақыттан бастап оның өзімен қатарлас, бұрын емін-еркін бірге көңіл көтеріп жүрген жас лейтенанттармен араласатындай ешбір бос уақыты қалмады. Ол кезде дивизиядағы жеке инженерлік-саперлық бригаданың командирі подполковник (қазір отставкадағы генерал-майор) Мүсілім Дайыров болатын. Ол кісіден өте көп тәжірибе үйреніп, әскери қызметтің әртүрлі жайттарынан мол сабақ алған екен. Ол кісі қолбасшылық еткен бөлім дивизиядағы ең үздік батальон болған, сондықтан ол көп ұзамай ҚР Қорғаныс министрлігіне жоғары лауазымға ауысып кетеді. Мейрам да батальонын үздіктер қатарына шығаруға тырысқан, сөйтіп, 1995 жылғы мамыр айында кезекті «капитан» әскери атағы тағы да мерзімінен бұрын берілді (бұл кезде оның әскери училищені бірге бітірген курстастары енді ғана аға лейтенант атағын алып бастаған болатын, сондықтан анда-санда кездескен кезде олардың кейбірі «сенің капитан атағың өтірік» деп қағытады екен). Бір айта кететін қызықты жайт, осы 1995 жылы Сарыөзек әскери гарнизонына сол кездегі Қорғаныс министр, Армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов келген екен, әскери бөлімдерді аралап көріп, Мейрам басқарған бөлімнің даярлығына жоғары баға беріпті. Сондағы жоғары лауазымды үлкен дәрежелі адамның қасындағы генерал, полковниктерді тоқтатып қойып, жас командирмен біраз уақыт тең қатарындай қарапайым сұхбаттасқаны Мейрамның өмірлік есінде қалған.

1999 жылы Мейрам 2-ші артиллериялық корпустың құрылуымен 28903 әскери бөлімінің командирі болып тағайындалды. 2000 жылы ол басқарған бөлім Қазақстанның оңтүстік өңірімен шектес елдерде болған оқиғаларға байланысты жаңадан құрылған Оңтүстік әскери округтің (ОӘО) құрамына енгізіліп, сол жылы қазан айында Тараз қаласына қоныс аударады.

2001 жылғы қаңтарда ҚР Қорғаныс министрлігі директивасының негізінде жеке байланыс батальонының базасында жеке байланыс полкі құрылатын болып, оның ұйымдастырушылық жұмыстарын жүргізу ОӘО әскерлері қолбасшысының бұйрығымен М. Хамзинге жүктелді. Сөйтіп, 2001 жылы Алматыға келіп, байланыс полкін құру жұмысына кіріседі. Оқу-жаттығу орталығынан мерзімді әскери қызмет сарбаздарын (сарбаздар мерзімінен бұрын шығарылды) және байланыс техникасы мен басқа да қызметтерді қабылдау үшін 61993 әскери бөлімінің (ол кезде ҚЖӘТ және Тыл мүлкін сақтау базасы Алматының қасында шоғырланған болатын) казармасынан 1 қабат және паркінен арнайы орын берілген. Жеке құрамды және техниканы қабылдауды аяқтағаннан кейін сәуір айында үш лек болып Тараз қаласына жорықпен шыққан. Жүргізушілер лек құрамында көлік айдауға үйретілмеген екен, берілген уақыттың тым аз болуына байланысты жас жүргізушілерді үстеп даярлап жіберуге де мүмкіндік болмайды. Сөйтіп, бірталай қиындықпен межеге жеткеннен кейін Таразда бөлімді орналастыруға бұрынғы автобазаның аумағынан орын бөлінген. Міне, осы сәттен бастап бөлімді қоныстандыру және байланыс полкінің бөлімшелерін үйлестіру жұмыстары қызу жүргізіледі.

2001 жылы жазда бөлімді толымдау мақсатында полкке 25 офицер әскери училищелердің түлектері келді. Келісімшарт бойынша әскери қызметшілер Тараз қаласынан және жақын облыстардан қабылданды. Тұтас бір жыл бойы мерзімді қызмет сарбаздары палаткаларда тұрды. Осындай қиындықтарға қарамастан, полк ҚР Қорғаныс министрлігі, «Оңтүстік» әскери округі әскерлерінің қолбасшысы өткізген барлық оқу-жаттығуларға қатысты. Бір жылдан кейін Мейрам басқарған полк округтегі жауынгерлік әзірлікті қамтамасыз ету бөлімдерінің ішінде «үздік әскери бөлім» деп танылды.

2002 жылы қаңтарда ешқандай академиялық білімі болмаса да, ҚР ҚК Бас штабының жеке Байланыс бригадасының командирі болып тағайындалды. Бригада Қорғаныс министрлігінің және Бас штабтың Қарулы Күштер ауқымындағы барлық бағынысты бөлімдермен байланысты қамтамасыз етіп отырды, әрбір оқу-жаттығуларына бригада 2-3 айға кететін.

2012 жылы ҚР ҚМ Байланыс департаментіне бөлім бастығы болып тағайындалды. 2014 жылы жеке байланыс бригадасының ҚР ҚК десанттық-шабуылдау әскерлерінің құрамына ауыстырылуына байланысты Астана қаласында ҚР ҚК Бас штабының далалық байланыс торабы құрылды және оны құруды ұйымдастыру жұмысы тағы да офицер М. Хамзинге жүктелді.

2017 жылы ҚР ҚК Бас штабы бастығының жеке тапсырмасымен ол байланыс құралдарын жөндеу және қамтамасыз ету базасының (Боралдай) командирі болып тағайындалды. Көп ұзамай бөлім үздік деп танылып, полковник Мейрам Ордалыұлы Хамзин 2019 жылы ҚР Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың өз қолынан 2-ші дәрежелі «Айбын» орденін алды.

– 2020 жылы мен Қарулы Күштер қатарындағы әскери қызметімді аяқтадым. Осы қызмет өткеру жолында менің тек командирім ғана емес, нағыз жолбасшым, тәлімгерім де бола білген генералдар Б.Е.Ертаевқа, М.О.Орынбековке, А.Б.Жарболовқа, Г.В.Носоновскийге, М.Ж.Майкеевке, Б.К. Дарбековке, полковник Е.Т.Қасымхановқа шын жүректен басымды иіп, алғысымды білдіремін, - деп қорытындылады әңгімесін Мейрам Хамзин.

Бүгінде кейіпкеріміз азаматтық салада, бірақ өзінің сүйікті мамандығы байланысшы қызметін одан әрі жалғастыруда. Өмірден көргені мен көкірекке түйгені мол, білімі мен біліктілігі жарасқан тәжірибелі офицердің берекелі қызметі жаңа ұжымда да жемісті нәтижелермен жалғасып жатыр.

 

Марат ЖҮНІС-БЕК

 

×

Редакция

$ 494.87  520.65  4.91