44841 әскери бөліміндегі Ашық есік күні

Приозерск гарнизонында орналасқан 44841 әскери бөлімінде өскелең ұрпаққа әскери-патриоттық тәрбие беру және егеменді еліміздің айбынды армиясының мәртебесін көтеру мақсатында Ашық есік күні ұйымдастырылып өткізілді. Айтулы іс-шараға Қарағанды облысы білім басқармасының Приозерск қаласы білім бөлімінің «№2 жалпы білім беретін мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде білім алып жүрген жас сарбаз сыныбының оқушылары қатысты.
Админ
Бүгін, 14:28

Білім ошағынан әскери бөлімге жол тартқан оқушыларды 44841 әскери бөлімінің бақылау-өткізу бекетінің алдында Приозерск гарнизоны бастығының орынбасары подполковник Хасенов Нұрасыл қарсы алды. Отан алдындағы әскери қызметті абыроймен атқарып жүрген мерзімдік қызметтегі сарбаздардың күнделікті тыныс-тіршілігімен танысуды мақсат тұтқан оқушылар алдымен әскери бөлімнің бақылау-өткізу бекетіндегі қызмет барысымен етене жақын танысты. Келген адамдарды қабылдау, құжаттарын тексеру, әскери бөлімге өту рұқсат қағазының дұрыстығын анықтау, ұялы телефон сияқты байланыс құралдары мен қолдағы бар артық заттарды кезекшіге тапсыру сынды қызмет түрлерінің жүзеге асуын көзбен көріп, іштей ұқты.


    Сарбаздардың жатын орнының табалдырығын аттаған оқушы жас сарбаздар күн тәртібімен танысты. Белгіленген күн тәртібінде уақытпен сарбаздың таңертеңнен кешке дейінгі тыныс-тіршілігі көрсетілген. Атап айтқанда
, ұйқыдан тұру, спорт және дене шынықтырумен айналысу, жуыну, төсек жинау, тазалық жасау, тамақтану, жауынгерлік даярлықты ширату сияқты әскери өмірдің қыр-сыры қамтылған. Мерзімдік қызметтегі сарбаздар тарапынан оқушы жас сарбаздарға кешкі ұйқыға жату мен таңертеңгі ұйқыдан тұру әдістері практика жүзінде көрсетілді.
    Реті келгенде мектепте тек оқу-жаттығу атыс қаруын ғана көрген оқушы жас сарбаздар кәдімгі автоматты Калашников атыс қаруын қолмен ұстап көріп, белгіленген уақытпен бұзу және жинау жаттығуларымен айналысып та көрді.
    Сондай-ақ, жас жеткіншек ұлдар мен қыздарға радиациялық, химиялық және биологиялық қорғаныстағы газ тұмшасын уақытпен киіп
-шешу әдістері көрсетіліп, қорғанудың басқа да жаттығулары орындалды.
    Ашық есік күнінің соңында сарбаздар асханасына табан тіреген оқушы жас сарбаздар ас мәзіріндегі көрсетілген тамақтану түрлерімен танысып, сарбаздардың тамағынан дәм де татып көрді.

Думан Жұмашұлы

 

×

Редакция

$ 493.85  519.04  4.97