Түркия Құрлық әскерлері училищесіндегі кездесу

ҚР Қорғаныс министрлігі Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің бастығы әділет полковнигі Тілеухан Басқожаев бастаған әскери делегация Анкарадағы қазақсандықтар оқитын оқу орнына барды. 

Админ
Бүгін, 14:42

 

Осы сәтте Мәскеуден Астанаға ұшқан Қазақстан Қорғаныс министрі курсанттармен бейнебайланыс арқылы байланысқа шықты.

– Мемлекет сіздерге әскери білім алуға керемет мүмкіндік берді.  Сондықтан білімді сапалы игеру үшін күш-жігерді аямау керек. Бұл сіздердің мемлекет, Президентіміз және халық алдындағы басты міндеттеріңіз. Болашақта халықтың тыныштығы, оның шекарасын сенімді қорғау сіздерге байланысты, – деп атап өтті Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов.

Өз кезегінде курсанттар Айбек Жұмабек пен Әмір Бейсенов сөз алып, Қарулы күштер қолбасшылығына алғысын айтты. Олар оқытудың жоғары деңгейін атап өтіп, басшылықты білімді сапалы игеруге және әскери тәртіпті сақтауға бар күш-жігерін салатынына сендірді.  

Құрлық әскерлері училищесінде болған офицерлер инфрақұрылыммен, материалдық-техникалық базамен, оқыту жағдайымен, Түркия Қарулы күштері әскери қызметшілерін моральдық-психологиялық және идеологиялық дайындауды ұйымдастырумен танысты. Қазақстандық делегация үшін көшбасшылық, қызметтік этика және кәсібилік бойынша сабақтар ұйымдастырылды.

Сапар барысында қазақстандық курсанттармен кездескен әділет полковнигі Тілеухан Басқожаев оқу жағдайы, бос уақыттың ұйымдастырылуы және туған-туыстармен байланыс секілді мәселелерді сұрады.

Делегация басшысы армияға білікті, білімді, талантты мамандар қажет екенін атап өтті.  

– Беделді әскери оқу орнында оқу сіздерге тамаша мүмкіндіктер ашады. Сондықтан оқу бағдарламасын толыққанды меңгеру үшін бар күш-жігерді салу қажет. Білім – баға жетпес байлық екенін естен шығармаңыздар, – деді әділет полковнигі Т.Басқожаев.

Курсанттар үшін елден жеткен сәлемдеме бауырсақ пен құрт жағымды сәт болды.

×

Редакция

$ 493.85  519.04  4.97