Қабілетіне қанат бітірген азамат

Админ
14/11/2024 - 14:22

Хаһ тағала жер басып жүрген қай пендесіне болсын қабілет береді екен. Тек, сол қабілеттің көзін дер кезінде аша білген абзал. Не өзі немесе айналасы. Қазақта «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген сөз осы мақсатта айтылғаны анық. Бүгін біз сөз еткелі тұрған кейіпкерімізге де Жаратқан иеміз жақсы қабілет берген. Көз алдындағы көріністі фотоға түсіру өнері. Технология дамыған қазіргі заманда мұны көп адам меңгеріп кетуі мүмкін шығар. Алайда, өзіндік шығармашылық көзқарасы және жоғарыда айтылғандай қабілет-қарымы болмаса оның шыңына шыға алмайды. Біздің әскери журналистердің арасында сол шыңға шығуға ынты-шынтысымен талпынып жүрген бір азамат бар. Ол – Думан Жұмашұлы Құрманғалиев. Бүгінгі таңда Приозерск гарнизонының баспасөз хатшысы қызметін атқарып жүр. Сонымен қатар өзінің сүйікті мамандығы – фототілші қызметінің де қыр-сырын меңгеруді жалғастырып келеді.

 

Бұл азаматты бірінші біздің редакцияға жіберген суреттері арқылы сырттай тани бастадық. Жазбаларымен де жақынырақ таныстық. Ал өзімен алғаш рет Қарағанды облысында өткен «Айбын» халықаралық әскери-патриоттық жиынында жүздескен болатынбыз. Әдеттегідей фото түсіру ісіне бел шеше кірісіп жүр екен. Бізбен бірер минут қана сөйлескені болмаса қалған уақыттың барлығын сол ісіне арнады.

Ә дегенде, алаңда қаз-қатар тұрған жиынға қатысушылардың қасынан табылған. Солардың қалт еткен мезеттерін қарайлап жүрсе керек. Алаңның аумағы үлкен ғой. Ана жағынан мына жағына жартылай жүгіріспен жүргенінде жұрт оның шапшаңдығына таңырқағандай болды. Епті жігіттің елгезек тірлігіне мен де сүйсіндім. Ал, алаң аумағынан тыс жерде көрсетілген әскери техникалардың ұрыс қимылы басталғанда Думанның кәсіби біліктілігі тіпті біліне түсті. Жер бетіндегі де, көктегі де көріністерден көз жазып қалмайын деп ойласа керек, шапшаң қимылы тіпті шарықтады. Оны осындай құлшынысқа итермелеген қандай күш дейсіз ғой? Фото түсіру өнеріне деген шынайы ықыласы мен қызығушылығы. Хаһтан берілген қабілетінің осы салаға бейімділігі.

 Думан Жұмашұлының жұмысы әскери саламен біте-қайнасып жатса да, ол фотоөнер саласында жүрген азаматтық қоғамдағы әріптестерімен тығыз байланыс орнатқан. Солармен бірге бірталай байқауларға да қатысыпты. Мәселен, 2016 жылы «Мой Казахстан» атты фотобәйгеде 2-орын алып, арнайы дипломмен марапатталса, 2019 жылы Рахымбай Ханәлі атындағы арнаулы сыйлықтың иегері атанған. Осы орайда, 2017 жылы Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің 25  жыл толуына орай Қарағанды қаласында өзінің жеке көрмесін өткізгенін айта кеткен жөн.

Жалпы, фотоөнер саласын дамытуды алдына үлкен мақсат етіп қойған Думан Жұмашұлына біздің редакцияның да айтар алғысы бар. Ол «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналында жарияланып жатқан материалдарды өзі түсірген фотолармен айшықтауда аянбай еңбек сіңіріп келеді. Әсіресе, журналға сіңіріп жатқан еңбегі ерен.

 

Ерлібай Өзбекбайұлы

×

Редакция

$ 495.2  522.34  4.94