ФОТОТІЛШІ – ТІЛШІНІҢ СЕНІМДІ СЕРІГІ

Былтыр таныстарым Әскери журналист күнімен құттықтағанда, түсінбей қалғаным рас. Шыны керек, қуанып қалған едім. Әскердің «қазанында қайнап», Отан қорғаушыларының тыныс-тірлігін бұқара жұртқа жеткізіп жүрген тілшілердің дербес төл мерекесі болуы заңдылық.

Админ
08/11/2024 - 15:19

Жасыратыны жоқ, еліміздегі әскери журналистика жалпы журналистиканың кенже қалған құрамдас бір тармағы. Бақытыма қарай, 20 жылды құраған әскери қызметім толықтай әскери журналистика төңірегінде өтті. Сала мамандарының тал бесігі болған «Қазақстан сарбазы» («Воин Казахстана») газетінде 15 жыл қызмет еттім. Дәлірек айтсам, 15 жыл, 15 күн. Газеттің ашылғанынан бастап жабылған күніне дейін бірге болдым.

16 желтоқсан 1992 жыл – 31 желтоқсан 2007 жыл. Қаламмен қаруланып журналистік міндетін адал атқарған әскери тілшілердің басым көпшілігін жақсы білемін, иық тірестіре еңбек еттік. Бүгінгі таңда сол бір қызыққа толы күндерді сағынышпен еске аламын.

Газеттің оқырман жүрегіне тура жол табуы оның сапалылығына байланысты екені бесенеден белгілі. Сапа, өз кезегінде құрамдас екі бөліктен тұрады. Мазмұн және форма. Алғашқысы тілшілердің кәсібилігіне байланысты болса, соңғысы фототілшілердің еншісінде. Мәселе бойынша әскери газетіміздің еңсесі әркез жоғары болды. Рас, тілшілердің тынымсыз тірлігі өз алдына, олардың қызметін әріптестері жеткізе жатар. Менің тоқталайын деп отырғаным фотоаппаратты қолынан тастамай, оқиғаның басы-қасынан табыла білген фототілшілер жайында болмақ. Дәлірек айтқанда, солардың өмірде орын алған, еріксіз езу тартқызар қызықты жайттары. Қызметтік іссапарда үнемі бірге жүргендіктен шынайылығына кепіл бола аламын. Фототілші тілшінің сенімді серігі екенін толықтай дәлелдеп берген еді.

Қызметімнің алғашқы 5 жылында Виктор Дубровченконың қасында жүрдім. Аңыз адам еді ғой, марқұм. Қазақстан фотожурналистикасының корифейі. Мінезі қызық еді. Айтқанынан қайтпайды, екі сөйлемейді. Сөйлесе, сөздің түбін түсіреді. Жаркент гарнизонының бастығы «Біздің бас аспазды газетке шығарыңыздар. Жасаған тағамдары өте дәмді» деп қоймаған соң, фотоаппаратқа тартып алды. Біраз уақыт өткенде әлгі жалпиған Светлана Семеновнаның суреті газет бетіне шықты. Айғай-шу басталды. «Мынаны кім түсірген, неге былай түсірген, біздің Света өте әдемі еді ғой» дегендей сұрақтар қойылды. Сонда Виктор Афанасевичтің айтқаны былай болды. «Мені алдауға болады, сені алдауға болады, тіпті министрді алдауға болады. Бірақ фотообьективті алдай алмайсың». Бұл оқиға, тіпті диалог әскерлер арасында кең тарап кеткен еді.

1997-2004 жылдар аралығында фототілші қызметіне Қуан аға келді. Мұқашев Қуан Оспанғалиұлы. Нағыз фототілші. Қыс-жаз, күн-түн, жауын-қар – ештеңеге қарамай кофрын көтеріп жолға дайын тұратын. Қолды-аяққа тұрмайтын бала мінез. 2000 жылдардың басы болса керек. Цифрлы техника шығып әбден үстемдік құрған тұс. Қуан аға негізінен әуесқой фотограф болған жан. Закрепитель-проявительмен жұмыс істеген. Редакцияға фотоаппарат алып берді. Жапондық СОНИ. Мүмкіндігі мол. Оспанғалиевич бұрын-соңды бұндай техника ұстап көрмеген. Ешкім мән-жайды айтып түсіндірген де емес. Бағасын ғана біледі. Соншалықты мықты, қымбат дүниені ұстағанына мәз. Жүрген жерінде ауыз толтырып соны айтады. Кезекті бір іссапар барысында, офицерлер арасында тұрып фотоаппаратын әңгіме етті. Бала сияқты бөсіп тұр. Офицерлердің бірі техниканың тілін жақсы білсе керек. Басын шайқап қойып, ағамды сөзге тартты. Ағам білгенінше жауап беріп жатыр. Бір сәтте, әлгі офицер «неше пиксель» деп сұрап қалды. Қуан аға естімеген болды, әңгімені басқа арнаға бұрды. Сұрақтан қашып тұр. Офицер шынымен аппаратқа қызықты білем, сұрағын қайталады. Ары қарай төмендегідей диалог орын алды.

- Сонымен қанша пиксель дедіңіз.

- 3 мың доллар тұрады дедім ғой.

- Бағасы емес...

- Мен саған орыс тілінде айтып тұрмын ғой, сөз түсінбейсің бе, жоқ, 3 мың доллар дегенді санай алмайсың ба?

- Сонымен...

- Айтқанға түсінбейтін топас екенсің. 3 мың доллар тұрады дедім ғой.

Шыны керек, ол уақытта бұл сөздің мәнін мен де білмейтінмін. Білсем, айтып жіберер едім. Кейінірек білдім, сурет сақтау қабілеті, «памяты» екен. Білген бойда айтып, ағам екеуіміз армансыз бір күлген едік. Ақкөңіл әрі алаңғасар ағаммен күні бүгінге дейін хабарласып тұрамын. 100 жасасын Қуан ағам.

Әлбетте, бір шатырдың астында, бір ұжымда иық тірестіре қызмет еткен әріптестерімнің барлығын білемін. Әрқайсысының өз мінезі, өзіне тән қылықтары бар. Бүгінгі күні арамызда жоқтары да бар. Қалай болғанда да, барлығы шама-шарқынша «әскери тілші» деген құрметті атақты жоғары ұстады деп білемін. Сөз соңында барша әріптестерімді кәсіби мерекелерімен құттықтаймын. Қаламдарың жүйрік болсын.

 

Әскери журналист Сәндібай Күмісбеков

×

Редакция

$ 498.34  519.72  4.85