Сағадат Нұрмағамбетов атындағы әскери колледжге – ширек ғасыр

Астанада Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы әскери колледждің құрылғанына 25 жыл толды.

Админ
08/11/2024 - 14:07

Әскери оқу орнының тәрбиеленушілері мен педагогтарын құттықтауға Қорғаныс министрлігінің, ведомствоның құрылымдық бөлімшелерінің, әскери прокуратураның, әскери оқу орындарының, Ұлттық әскери-патриоттық орталықтың өкілдері, Қарулы күштердің ардагерлері мен оқу орнының түлектері келді.

Кездесуге қатысушылар Қазақстанның бірінші Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетовтың бюстіне гүл шоқтарын қойып, батырды бір минут үнсіздікпен еске алды.

Іс-шараны Халық қаһарманы отставкадағы генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев ашты. Қарулы күштердің ардагері осы жылдар ішінде 1700-ден астам түлек шыққан білім ордасының құрылу тарихы жайлы айтты.

Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев әскери колледж ел Қарулы күштерінің кіші буын командирлерін даярлаудың негізгі ордасы деп атап өтті.

– Бөлімшелердегі әскери тәртіптің жағдайы, жауынгерлік дағдылар мен жеке құрамның моральдық-жауынгерлік рухы сержанттардың кәсібилігіне байланысты. Колледж қабырғасында алған сапалы білім мен саналы тәрбие – түлектеріміздің сенімді болашағының бастауы, – деді ол.  

Генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев оқу орнының ұжымына, оқытушыларына сапалы білім беру және мамандар даярлауда үлкен жауапкершілік жүктелгенін атап өтті.

– Ұстаздардан, олардың даналыққа толы сөздерінен мамандыққа жол басталады. Сіздер тұлғаның қалыптасуына ықпал етіп, білім нәрін бересіздер, адамгершілік құндылықтарды сіңіріп, оқушыларды еңбекқорлық пен Отанға деген сүйіспеншілікке тәрбиелейсіздер. Кәсіби біліктілік, шексіз шыдамдылық, қолдау мен адалдықтың арқасында болашақ Отан қорғаушылар қалыптасуда, – деді министрдің орынбасары педагогтарға сөйлеген сөзінде.

Атаулы күнге орай генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев әскери колледж бастығы полковник Ғазиз Төлеушевке Қорғаныс министрінің атынан алғыс хат табыс етті.

Колледж ұжымы мен оның түлектерін 25 жылдығымен Қарулы күштердің ардагерлері отставкадағы генерал-майор Әлихан Жарболов пен отставкадағы генерал-лейтенант Абай Тасболатов құттықтады. Өз кезегінде "Қарулы күштердің ардагерлері" РҚБ төрағасының орынбасары отставкадағы генерал-майор Марат Нағұманов колледж оқытушылары майор Бақберген Серікбаев пен Күнсай Нұрғалиеваға "Сағадат Нұрмағамбетовке 100 жыл" медалін табыс етті.

Әскери оқу орнының алғашқы түлектерінің бірі Әскери-әуе күштері қолбасшысы басқармасының аға офицері подполковник Алмат Ақыш "Жас ұлан" республикалық мектебіне 1999 жылы түскенін айтты.

– Мұнда өткізген жылдарды әрдайым ерекше жылылықпен еске аламын. Бірінші кезекте тәртіпке үйрендік. Парызды орындау және патриот болу дегеннің не екенін білдік. Менің түсінігімдегі патриотизм – тек жарғы, марш және сапта тұру ғана емес, бұл өз еліңнің алдындағы жауапкершілік сезімі, өз үйіңді қорғауға дайын болу. Әскери білім маған үлкен өмірге жолдама берді. Бұл үшін мен барлық педагогтар ұжымына алғысымды білдіремін, – деді А. Ақыш.

Колледжде оқығаннан кейін түлектер қызметке әскерлерге жіберіледі. Оқуды жалғастыруға шешім қабылдағандар бар. Биыл колледжді сексен екі курсант бітірді.

Іс-шара Ұлттық әскери-патриоттық орталығының шығармашылық ұжымы дайындаған мерекелік концертпен аяқталды.

Естеріңізге сала кетсек, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы әскери колледж 2021 жылы Астанада "Жас ұлан" республикалық мектебінің базасында құрылған болатын. Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетовтың есімі 1999 жылы берілген.

 

×

Редакция

$ 494.87  520.65  4.91