Отставкадағы полковник Ермек СЕЙІТБАТТАЛОВ: БІЛІМ МЕН ӨР МІНЕЗІМ АЛЫП ШЫҚТЫ

Сөзімді әріден бастайын. Бала кезімнен әскери ұшқыштар даярлайтын Армавир авиациялық жоғары училищесіне түсу арманым еді. Мектепті бітірген соң ұшқыштар училищесіне бірден түсе алмадым. Денсаулығым авиация медицина комиссиясының қатал талабына сай келмеді.

Админ
05/11/2024 - 13:10

Денсаулығымды түзеп, уақытым зая кетпесін деп, Семейдегі 74-ші қалалық кәсіби-техникалық училищесінің бір жылдық «электромонтажник-высоковольтник» курсын бітірдім. Келесі жылы қайтадан ұшқыштар училищесіне бардым. Тағы денсаулығым жарамады, үйге қайттым. Қайсар мінезім тағдырдың салғанына көнбеді. Тағы бір рет өзімді сынаймын деп өзіме уәде бердім. Одан кейін әскерге шақырылғанша, ауылымда алған мамандығым бойынша совхоз электригі болып жұмыс істедім. Айтарлықтай жетістіктерге жеттім.

 «Чемодан призывника» деген және әскерге баратын жастарға беретін «көтерме» ақшасын алдым. Ол кезде бір отбасы үшін бұл үлкен демеу еді. Сол кезде үйде теледидар болмады. Анам мен ініме «мен әскерден келгенше алданып отырсын» деп сол ақшаның бір бөлігіне «Рекорд-362» телевизорын алып бердім. Өзіме әскерге киіп баратын, іші киізбен қапталған жылы кирза етік пен хаки түсті брезент рюкзак алдым.

Сол рюкзактың ішіне анам орап салған екі бөлке нан, бір колбаса, бес-алты консерві, консервіні ашатын бәкі, қант, шай, май, өзім алған үш-төрт пачка сигарет сияқты заттар салып, солай үйден ұзақ жолға аттандым.

Сол кезде әскерде болғандардан басқа ұлт болғаннан қысым болады деген әңгімелерді көп естідім. Оның арасында өжеттілер де бар еді.

Мен намысқой едім, физикалық түрде қорғануға әлім де жететін. «Жекпе-жекке» дейін барған кездерім болды, бірақ әскери өмірімде ондай қысымды көрмедім.

Алғаш есімде, бізді – жас толымды солдаттар асханасына саппен әкелді. Ұзын үстелдің басында екі жағынан бес-бестен он адам отырады. Ол кезде таңғы аста он адамға бір кесек май берілетін. Майды қалай бөлетін әдіс маған таныс еді. Ұшқыштар училищесіне барып жүргенде көргенмін. Ешкім қозғалмаған соң,  орнымнан тұрып, шөген шәйнектің қақпағын ашып, темір ас пышағын ыстық шайға малдым. Ыстық пышақпен майды он адамға тең бөлшектерге бөлдім. Бұл ісім балаларға ұнады.

Ертеңінде осы оқиға қайталанды. Шай ішуге келгенде түгелі маған қарап отыратын. Өздері қимылдамайды. Бір кезде бір жас жауынгер берілген майын еденге түсіріп алды. Мұңайып маған қарап отырған соң, өз майымның жартысын бөліп бердім. Ол ешқандай ризашылығын білдірмей, солай болуы керек сияқты тамақтана берді. Дастарқан басындағы осындай істер міндетім сияқты болып кетті. Бірде біздің тамақтанып жатқанымызды тексеріп жүретін сержанттар оны байқап қалады.

Тамақтанып болғаннан кейін сарбаздар ыдыс-аяқтарды бір шөген кастрюльге салады да, оны арамыздағы бір сарбаз кухнядағы наряд-ыдыс жуатын терезеге тапсырады. Біздің дастарқанда бұл міндетті Саша Хоробров деген бойы кішкене, шашы да, кірпігіде аппақ альбинос бала атқаратын. Бір күні оны тоқтаттым да, жанында отырған Колесников деген солдатқа бұл міндетті тапсырдым. Әрине, адамдарды басқаратын менде ешқандай құқық болмайтын, Сашаны аяп кеттім. Бірақ та дастарқандас жауынгерлер менің қойған талабымды қабылдап орындады. Солай бұл міндет біздің дастарқанда кезек бойынша атқарылатын болды. Кезек маған келгенде мен де оны басқа солдаттардай атқардым. Командирлеріміз, сержанттар бізді орнымыздан тұрғызып сапқа қою алдында «түгелін тамақтаңдың ба?» деп келіп, менен сұрайтын болды. Сөйтіп, біздің жігіттердің тамақтануын қарап отыруға мәжбүр болып, барлығымыз үшін жауап беретін болдым.

Оқиғаның тұжырымын айтатын болсақ, әскери өмірдің кейбір әдістерін білгеннен және сол арадағы жағдайды әділетті шешкеннен беделімді солдаттардың, сержанттардың арасында жинап алдым. Осындай мінез-құлқым жас толымның арасында мені лидер позициясына көтерді.

Менің ойымша, осы себептен маған «сен жас толымсың және ұлтың басқа, көзің қысық, чуркасың» деп ешкім айта алмады. Ұрыс-керіссіз, тәрбие көрген адам болсам да өжетті мінезім бар еді. Қысым түгіл, өз шақырымнан да, сержанттардан да көлденең сөз естімедім.

  Екінші оқиға. «Курс молодого бойца» аяқталып, енді бізді алдымыздағы екі жыл бойы әскери қызметімізді атқаратын әскери бөлімдерге алып келді. Желтоқсанның оны ма, әлде он екісі ме? Сол уақытта болатын.

Жаңа бөлімге «войсковой приёмникте» бірге болған екі-үш бала келді. Қалған он шақты, әлде онан көбірек пе, жауынгерлер басқа «войсковой приёмниктерден» келді. Бізді қабылдағаннан кейін казармада орнымызды көрсетіп, сержанттармен таныстырды. Тамақтандық. Біздің казармамыз кезінде орыс патшасы гвардиясының казармасы болған деп айтатын. Дәліздері, бөлмелері кең, шаңырақтары биік, терезелері еденнен басталып шаңыраққа дейін көтерілетін. Жылу беретін батареялар қабырғада бірінің үстінде бірі тұратын. Люстралары да ерекше болатын.

Бір кезде бізді кең тұрмыстық бөлмесінде құрылған ұзын үстелдің алдына сапқа тұрғызды. Үстелдің үстіне көп электр құралдары мен заттар жинап қойыпты.

Кең бөлменің екі шетінде екі офицер отыр. Саптың алдында кіші сержант, оның сырт жағында екі прапорщик тұр. Ол кезде «прапорщик» деген әскери атақ КСРО Қарулы Күштеріне жаңадан кірген кезі еді, жақын арада сол атақты екеуі алған тәрізді. Жаңа, жарқыраған погондарында кішкене екі жұлдыздары бар.

Сол кезде кіші сержант қолындағы шыбықпен электр заттарды көрсетіп, бізден жауап талап етті. Біз оны танып, атын айтуға міндеттіміз. Бірақ та ондай жігіттер арамызда бір сәтте табыла алмады. Ковалёв ызалана бастады. Басын төмен түсіріп, рингте бокспен шұғылданып жүрген сияқты көзінің астымен бізге қарап, сүзеген бұқаның позасында тұрды. Көзі атыздай ойнап, шыбықпен етігін сабап, біраз қатты сөздер айтты. Бірақ та капитан Левченко Борис Григорьевич Ковалёвқа: «Александр Васильевич, қызыл командир мәдениетті болады» деп, оны тоқтатты.

Өз басым үстелдегі түгел заттарды танимын. Танымақ түгілі, құралдардың қандай міндетке, қандай мақсатқа арналғанын, бір-бірімен тығыз байланыста қалай қызмет атқаратынын, қандай қағидамен жұмыс істейтінін, қандай конструктив осалдықтары бар екенін білемін. Сол кезде Ковалёвқа жауап бермесек, түгеліміз бірінші күннен бастап жау болатынымызды сездім. Және жаппай жазаланып, түні бойы ұйықтамай жұмыс істейтініміз айдан анық еді. Ол кезде ескі Әскери жарғының заманы болатын. Жарғының қағидалық нормаларын сақтау ләзім.

Амалсыз қолымды көтердім. «Фамилия, воин!», деп Ковалёв жараланған арыстан сияқты ақырып, түгел казарманы басына көтерді. Біз кейіннен білдік, ол кісі ақырын сөйлесе алмайды екен. Мен тегімді атадым. «Сюда выходи, воин!» деп қатты айқайлап, шыбығымен саптың қарама-қарсы жағына шақырды. Байқағаным, Ковалёв ақырған кезде екі еркін тұрған прапорщик бойын жинап ала қойды.

Шыбығымен магниттік пускательге көрсетіп: «Мынау не? Не үшін керек?» деп көзі жарқырап, тістеніп қатал дауысымен сұрады. Атын айттым, қандай міндет орындайтын, қандай бөлшектерден құралатынын, қандай принципте жүмыс істейтінін, жұмыс параметрлерін, қандай ақаулары мен осалдықтары барын, қолданғанда қай жеріне назар аудару қажет екенін баяндап бердім.

«Хорошо как!» деді. Қошеметі ме, әлде сұрауы ма білмедім. Сөйтеді де, капитан Левченко, капитан Маевский жаққа қарады. Анатолий Васильевич Маевский ештеңе айтқан жоқ. Тек орнынан тұрып, үстелге жақындады да кішкене күнтізбесіне бірдеме түртіп алды.

«В строй, земляк!» деп, жылырақ, бәсеңдеген даусымен бұйрық берді Ковалёв. «Есть!» деп саптағы орныма барып тұрдым.

«Так хорошо рассказал. Даже я сам всё понял», – деді Ковалёв қушыкештік мәнерде. Екі прапорщик мырс етіп күліп жіберіп, қайтадан еркін тұрды. Левченко Будённыйдың мұрты сияқты мұртын сипап, ол да бір мырс етті.

Ковалёв әрі қарай сұрақтар қойып жатты. «Розетка, патрон, лампочка, выключатель, обмотка, термовыключатель», - деп жауап қайтарып жатты басқа жауынгерлер. Күрделі құралдар қалғанда Ковалёв маған: «Земляк, а ты знаешь что здесь осталось и можешь рассказать?», – деп даусы жылымсырап, менен сұрайды. «Так точно, товарищ младший сержант!», – деп мен жауап қайтардым.

Бір кезде шақырып алып: «Проведи занятие с этим неучами», - деп маған тапсырма берді. Бағанағыдай кез келген заттарды тарқатып, айтып бердім. Ковалёв кейде бетіме қарап, «мынау бір жерден оқып тұрған жоқ па?» деген оймен маған сеніңкіремей тұрған сияқты көрінді. Баяндамамды аяқтаған соң, ол менің мойнымнан құшақтап өзіне тартып алып: «Будешь моим замом по технической части. Никто тебя без моего ведома никуда не будет привлекать! Понял?!», – деді.

«Но это будет недолго, он через неделю уже увольняется», – деді прапорщик Иванов Николай Васильевич.

Сонымен сол кезде бізде бес «Васильевич» болатын. Тағы да жарты жыл служить еткен ефрейтор Ткачук Николай Васильевич бар еді. Украинадан. Қазір соғыс жүріп жатқан Макеевкадан болатын.

Айтқанындай, бір кезде бір «Васильевич», яғни Ковалёв үйне қайтты. Менімен жылы қоштасты. Асқа барардың алдында далаға шығып, фотоға түстік.

Ақырған Ковалёвті тоқтатып, оның сый-құрметіне бөленген оқиға басқа «войсковой приёмниктардан» келген жауынгерлердің маған деген көзқарасын өзгертті. Осы арадан бастап ұжымда қадірім артты. Менің командирім, ефрейтор Носов мені «Профессор» деп атайтын.

Әңгіме қылған екі оқиғаның тұжырымы былай. Білімің мен тәжірибең болса, етің тірі болса, сені танитын ешкім сені «чурка» деп, басқа  жағымсыз аттармен атай алмайды. Әрине, танымайтын адам жағымсыз сөз айтуы мүмкін. Бірақ та адамның бойында қоғамда қандай орны бар екені белгілі болып тұрады. «Бала бастан ...» деген қазақтың мақалы бар. Мен де «қызметтегі сыйың бастан»,  деп айтушы едім.

Тағы бір айтып кететін жағдай. Жарты жыл өтпей мен «дизель-электростанция» (ДЭС) бөлімінде кезекші смена бастығы болып тағайындалдым. Менімен мерзімді әскери қызметте болған жігіттер қолымда болды. Қарауымызда кең таралған электрожелілер, күшті және қуатты жылжытқыштар, электрокрандар, тиеуші, тағы басқа механизмдер бар еді. Он мың, отыз бес мың вольтті трансформаторлық, инвенторлық станция, подстанциялар, тағы басқа объектілер болды.

 Әрбір желінің бірнеше километр қашықтығы бар. Бірде кезегімізде екі жауынгерді қалдырып, жаныма біреуін ертіп, сол желілерді тексердім. Әрбір бағанасының басына кезекпе-кезек шығып, контактарын қарап, схемаға түсіріп қызмет жасадым. Біраз уақыттан кейін қолымда көп-көрім материалдар жиналды. Осы жүйені жақсарту үшін өз ойыммен капитан Маевскиймен бөлістім. Ол кісі – инженер-энергетик. Жобамды мұқият тексеріп, өзінің рұқсатын берді де,  бекітті. Қарастырған электрожалғастарының логикасын түзеп,  жауынгерлердің енгізген қателіктерін жөндеп, желі күмәнсіз жұмыс істейтін дәрежеге жеттік. Нәтижесінде капитан Маевский, Воронов үшеуміз рационализаторлық жұмысымыз үшін әрқайсымыз он рубльдік премиясын алдық.

Айта кетейін, мерзімді әскери қызметімді Войсковицы деген қалашықта атқардым. Ол қалашық қазіргі Санкт-Петербург қаласынан Варшава шоссесімен шыққан кезде Гатчина  қаласына жетпей орналасқан. Әскери міндетімді өтеген жерім –  03192 әскери бөлімі. Ол 270 ленинградтық зениттік-зымыран базасының құрамында болды. Оның қолбасшысы генерал-майор Цаликов еді. Бұл база Кеңес Одағы Әуе қорғаныс күштерінің 6-шы жеке армиясына тиесілі еді.

Менімен бірге өзбек  Шерматов Шавқат Ғафурович, литвалық Алеквиравичус Виригиниус Ионо сияқты жолдастарым өз борыштарын атқарды. Латыштар да, украиндықтар да болды. Бірақ литвалықтар, орыстар көп еді. Айтқандайын, бір сыған болды. Архангельсктен келген, өзін помор деп санайтын Колесников Иван Павлович, Саша Хоробров деген мордвин балалармен бар еді. Арамызда Николай Орлов деген бала өзін-өзі «мы вологодские» деп бөлініп жүруші еді.

 Жалпы Прибалт ұлттары көп болды. Олар мені жақын тұтты. Сол балалармен араласып, литва тілінде шағын әңгіме құруды, гитарада өлең айтуды меңгеріп алдым.

Украиндықтар өзімшіл болатын. Қызметіне мықты, қадалған жерінен қан алмай қоймайтын. Басшыларға жақын болу үшін кейде достықты сатып кететін. Қолдағы барын бермейтін, өз пайдаларын ойлап тұратын мықты жігіттер болды. Ал помор Колесников, мордвин Хоробров, Вологда тумасы Орлов аңқаулау, қолдары ашық жігіттер еді.

Бірақ та Шавқаттың айтуы бойынша, олар өздерін біз екеумізден биік санайтын. Жауынгерлер арасында ондай ұлтшылдық аса болмайтын, ал офицерлер арасында бар еді. Менің командирім капитан Маевский қаншама мені жоғарылату туралы өтініш берсе де, подполковник Пануев өткізбеді. Өз ұлтына бұра тартты.  

Ал мен ұшқыштар училищесіне мерзімді әскери қызметімді аяқтап қалған кезімде сұрағанымда ол кісі жібергісі келмеді. Рапортыма жол бермеді.

Бір күні жаңа жылдан кейін полк командирі полковник Журбиловтың кабинетінде электроқұралдарды жөндедім. Өте жақсы адам. Менің өмірбаянымды, әскерден кейін қандай жоспарым бар екенін сұрды. Ұшқыштар училищесіне түскім келетінін естіп, политотделдің бастығы полковник Васильевті, орынбасары – полктың бас инженер полковник-инженер Соколды шақырып, оларға тапсырма берді. Сол полковник Соколдың басымдығымен менің рапортыма жол ашылды. Солай сәті түсіп,  бала кезімнен аңсаған арманыма қол жеткіздім. Мерзімді әскери қызметімді аяқтауға санаулы күндер қалғанда Ленинградтан, «Пулково» аэропортынан Армавир қаласы жағына, «Минеральные воды» аэропортына ұштым. Осылай мен Кеңес Одағы Қарулы Күштерінде өз қызметімді аяқтадым.

                                                            

 

×

Редакция

$ 498.34  519.72  4.85