Мерзімді әскерге шығарып салды

Абай облысының орталығында Абай ескерткішінің алдында бір топ жас әскерге шығарып салынды.

Админ
06/11/2024 - 16:56

Жас жігіттерді Отан алдындағы борышын өтеуге шығарып салу рәсіміне Абай облысы қорғаныс істері жөніндегі департамент басшылығы, Семей қалалық әкімшілігінің өкілдері,  ҚР Қарулы Күштері ардагерлерінің Абай облыстық филиалының мүшелері мен ардагерлер ұйымдарының төрағалары, қаладағы орта мектептердің 10-11 сынып оқушылары және әскерге шақырылушылардың ата-аналары мен туған-туыстары қатысты. Абай облысы қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының міндетін уақытша атқарушы полковник Қайрат Тәттікенов құттықтау сөз сөйлеп,

бұл әр азаматтың жадында есте қаларлық күн екенін айтты. Бұдан кейін сөз алған Абай облысы департамент бастығының орынбасары – Абай облысы қорғаныс істері департаментінің тәрбие және идеологиялық жұмыстары басқармасының бастығы подполковник Қанат Шәріпханов, 44793 әскери бөлімі командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары подполковник Ерлан Жабаев, сарбаздар аналарының «Аналардың жүректері» комитеті республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілі Айнұр Татерова, ҚР Қарулы Күштерінің ардагері запастағы подполковник Бақтияр Елеукенов те әскери өмірдің ауыртпалықтарын жеңе біліп, жаңа ортаға тез қалыптасуға, берік тәртіпке үйреніп, әскери техника мен жауынгерлік құралдарды жан-жақты меңгеруге шақырды. Отанды қорғауға лайық қайсар мінезді адам болуларына тілектерін  білдірді. Әскерге аттанушыларға естелік ретінде үш тілде жазылған «Киелі Абай елі» кітабы сыйға тартылды.

   Ерлан ЖҮНІСОВ, әскерге шақырылушының ағасы: «Бауырым Нұртуған Қабытаев әскери қызметін атқаруға шақырылған 44793 әскери бөлімінде мен осыдан 20 жыл бұрын әскери қызмет атқарғанмын. «Ер жігіттің мойнында қыл арқан шірімейді» дейді қазақ атамыз. Отан алдындағы әскери борышты өтеу – әр азаматтың міндеті. «Жау жоқ деме жар астында, бөрі жоқ деме бөрік астында». Сонау Алтайдан Атырауға дейін тұлпар шапса тұяғы тозатын, сұңқар ұшса қанаты талатын кең байтақ даламыздың шетіне жау тисе, сендер қорғамағанда, кім қорғайды?! Әскерде ең бастысы тәртіп керек. Тәртіп болған жерде білім де болады. Әскерде ер азаматтың бойында жауынгерлік рух қалыптасады. Бір жылдың ішінде жақсы жауынгерлік тәжірибе жинақтайсыңдар. Оқу-жаттығуларына қатысып, қару-жарақ пен әскери техниканы сауатты меңгеруді үйренесіңдер. Ата-аналарға айтарым: ұсақ-түйек сұрақтар қойып, әскери бөлімнің қолбасшылығын мазаламай, әскерге қызметке құрметпен қараңыздар. Төзімділік, шыдамдылық танытыңыздар. Балаларыңыздың қызметтік міндеттін адал әрі абыроймен атқаруына, үлгілі тәртібімен ерекшеленіп, жауынгерлік дайындықта жақсы нәтижелерге қол жеткізуіне барынша қолдау танытыңыздар».  

   Ольга БАЛАБАНОВА, әскерге шақырылушының анасы: «Офицер мырзалар! Құрметті ардагерлер! Біз баламыз Владислав Балабановты  мерзімді әскери қызметке шығарып салып тұрмыз. Отан алдындағы борыштарын адал орындап, абыроймен оралуына тілектеспіз. Сәттілік болсын!»

 

   Ернар НҰҒМАНОВ, әскерге шақырылушы: «Отан алдындағы мерзімді әскери қызметімді атқару үшін Мақаншы ауданының Қарабұлақ ауылынан өз еркіммен келдім. Өзім Шығыс Қазақстан көпсалалы колледжін веттехник мамандығы бойынша бітіргем. Елімізге адал қызмет етуге, қолбасшылық тапсырмаларын бұлжытпай орындауға және жанымдағы жолдастарымды қиындықта ешқашан қалдырмауға ант етемін. Қазақстан Республикасына қызмет етемін!»   

 

   Әскерге шақырылған 25 жігітті Абай гарнизонындағы 44793 әскери бөлімінің командирі полковник Баймұрат Баймолдин қабылдап алды. Ол әскери бөлім командирінің бұйрығымен бекітілген жас сарбаздар жиыны әкімшілік құрамының мүшелерімен таныстырды. Жас жауынгерлерді Отан алдындағы әскери міндетті өтеу уақытында қазақстандық сарбаздың келбетін қалыптастырып, жоғары үлгеріммен және үлгілі тәртіппен ерекшеленуге үндеді. Әскери борышын өтеуге келгендер казармаларға орналастырылып, барлық үлес түрлерімен қамтамасыз етілді. Олар енді жоспарға сәйкес жас жауынгерлердің бір айлық жиынына қатысып, ол аяқталған соң әскери ант қабылдайды.

   Абай облысы қорғаныс істері департаментінің мәліметіне жүгінсек, еліміздің Қарулы Күштеріндегі белгіленген мерзімді қызметтерін атқаруға Абай облысынан 2023 жылдың күзінде 720 адам шақырылды. 2024 жылдың көктем мезгіліндегі дерек бойынша 690 азамат әскерге шақырту алды. Оның 112-сі ҚР ҰҚК шекара қызметіне, 9-ы ҚР мемлекеттік күзет қызметіне, 306 адам ҚР Қарулы Күштеріне, 14-і Төтенше жағдайлар министрлігіне, 249-ы ҚР Ұлттық гвардияға жіберілді. Ал, биылғы жылдың күзінде әскерге 716 азамат барады. Күзгі әскерге шақырудың науқаны 31 желтоқсанда аяқталады. Қазақстан Республикасының «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі» туралы Заңына сәйкес азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы негізінде жылына екі мәрте өткізіледі.


Алуа Искакова

Суреттерді түсірген автор

 

 

×

Редакция

$ 494.87  520.65  4.91