Мергендер Жетісуда сынға түсті

Талдықорған қаласындағы №2 орта мектепте Халық қаһарманы Рахымжан Қошқарбаевтың 100 жылдығына және Республика күніне орай Алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің оқытушы-ұйымдастырушысы жетекшілері арасында мылтық ату мен автоматты жартылай бөлшектеп жинақтаудан республикалық турнир болып өтті.

Админ
04/11/2024 - 16:50

     ҚР Қорғаныс министрлігінің қолдауымен өткен байрақты бәсеке 18404  әскери бөлім оркестрінің маршымен басталды. Осыдан кейін №2 орта мектеп директоры Ақмарал Кенжеғұлова өзінің құттықтау сөзімен ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі. «Спорт жұлдыздары» республикалық журналының атқарушы директоры, Шерхан Мұртаза атындағы  халықаралық Тараз инновациялық институтының профессоры Болатбек Сағымбаев пен Қарулы Күштер ардагерлерінің республикалық қоғамдық бірлестігі Талдықорған қалалық филиалының төрағасы, Ауған соғысының ардагері Қайрат Жанабаевтар мұндай турнирдің алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімдері үшін керек екенін баса айтып өтті. 

     Турнирдің бас төрешісі, №2 орта мектептің АӘжТД пәнінің педагог-ұйымдастырушысы Азат Құрманбеков қатысушыларға жарыстың өту барысын таныстырып өтті. Мектеп оқушысы Қажет Мағжан «Қазақстан» әнін нақышына келтіріп орындағаннан кейін турнир басталды.

     Аса тартысты өткен сында Автоматты жартылай бөлшектеп жинаудан төмендегі ұстаздар үздік шықты. Нұрахмет Рахат (Жетісу облысы, Қаратал ауданы, 20-29 жас), Шалқар Молдахметов (Талдықорған қаласы, 30-39 жас), Айдос Қанағатов, Жетісу облысы, Қаратал ауданы, 40-49 жас), Ертай Ақбаев, Талдықорған қаласы, 50-59 жас) және қыздар арасында Айша-Бибі Болатова (Жетісу облысы, Алакөл ауданы, 20-29 жас).

     Пневматикалық винтовкадан атудан төмендегі ұстаздар өзерінің мергендіктерін көрсетіп жүзден жүйрік шықты. Данияр Рахметқалиев (Жетісу облысы, Алакөл ауданы, 20-29 жас), Ернат Байбеков (Алматы облысы, Райымбек ауданы, 30-39 жас), Мұхит Арыстанов (Талдықорған қаласы, 40-49 жас) және Серік Болатбеков (Талдықорған қаласы, 50-59 жас).

     Сонымен қатар мылтық атудан қыздар да сынға түсіп, төмендегі Әлия мен Мәншүктің сіңлілері  Жетісу облысы, Ескелді ауданынан келген қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Алинұр Саханова (20-29 жас) пен Қаратал ауданынан келген ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Эльмира Құмарова (30-39 жас) жарыс жеңімпаздары атанды.

     Осылайша жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру жолында еңбек етіп жүрген ұстаздар өзара шеберлік байқасып, өздерінің мықтылықтарын тағы бір мәрте дәлелдеді. Осындай турнир ұйымдастырып, ұстаздарға өздерінің кәсіби шеберліктерін сынап көруге мүмкіндік жасағаны үшін «Спорт жұлдыздары» журналының ұжымына барша әскери жетекшілер атынан ризашығымызды білдіреміз.

 

Нұрсұлтан ДЕМЕУҒАЛИЕВ,

Innoverse Taldygorgan жеке меншік

мектебінің АӘжТД пәнінің

оқытушы-ұйымдастырушысы

×

Редакция

$ 494.87  520.65  4.91