Аягөз гарнизонындағы танк әскери бөлімінің мерзімді қызметтегі сарбаздары салтанатты түрде запасқа шығарылды. 2023 жылдың күзінде әскерге шақырылған 230-ға жуық сарбаз Отан алдындағы борышын атқарып, үйлеріне қайтуға сапқа тұрды.
Жыл он екі ай бойы сарбаздардың жауынгерлік дайындығы мен жауынгерлік қабілеті артты. Олар жауынгерлік әзірлік сабақтарын тәжірибе жүзінде игеріп, оқу-жаттығуларында шеберліктерін көрсетті. Әскери мамандықтар бойынша жақсы нәтижелерге де қол жеткізді.
«Мерзімді әскери қызметті өтеу барысында әр сарбаздың бойында жауынгерлік рух қалыптасады. Үйлеріне аттанғалы отырған жауынгерлеріміз тәрбиелі, спортпен шыныққан әрі төзімді. Бір жылдың ішінде әскерде жүріп, қару-жарақ пен әскери техниканы сауатты меңгеруді үйренді. Түрлі көлемдегі тактикалық оқу-жаттығуларына да қатысты. Жақсы жауынгерлік тәжірибе алды. Сарбаздарымыздың үлкен өмір жолындағы сапарына сәттілік тілеймін», - деді 10810 әскери бөлімінің командирі подполковник Дастан Мұхаметжанов.
Шығарып салу шарасында құрылым командирлері жауынгерлерге үлгілі қызметтері үшін ризашылықтарын білдірді. Қызметтік міндеттерін адал орындаған, жауынгерлік дайындықта үздік нәтиже көрсеткен және үлгілі тәртібімен ерекшеленген сарбаздарға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.