Жауынгерлік туды табыстады

   «Шығыс» өңірлік қолбасшылығында 99280 әскери бөліміне жауынгерлік туды салтанатты түрде табыс ету рәсімі өтті.

Админ
27/10/2024 - 11:28

Әскери бөлімнің тарихында есте қаларлық салтанатты шара орталық алаңда ұйымдастырылды. Оған ҚР Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қарулы Күштер Бас штабының бастығы генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов, ҚР Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің Бас қолбасшысы генерал-майор Асан Жүсіпов, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы полковник Жеңіс Маралов, Абай гарнизоны әскери бөлімдерінің жеке құрамы, еліміз Қарулы Күштерінің ардагерлері мен облыстық ардагерлер кеңесінің мүшелері, облыстық тарихи-өлкетану музейінің жауынгерлік және еңбек даңқы бөлімінің өкілдері және дарынды балаларға арналған Ш.Уәлиханов атындағы «Жас ұлан» арнайы ерлер мектеп-лицейі интернатының тәрбиеленушілері қатысты.

   Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары Мемлекет басшысы – еліміз Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың грамотасын оқып беріп, 99280 әскери бөлімінің командирі полковник Муслим Күзубаевқа жауынгерлік туды табыс етті.

   «Генералдар мен офицерлер, сержанттар! Құрметті ардагерлер! Сіздерді «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы аумақтық қорғаныс әскерінің 99280 әскери бөліміне жауынгерлік туды тапсыру күнімен құттықтаймын! Жауынгерлік ту – абырой, ерлік пен даңқтың белгісі. Ол әскери бөлімнің Қарулы Күштерге тиесілігін білдіреді. Жауынгерлік ту әрбір әскери қызметшіге Отанымыздың ерлік дәстүрлері мен оны қорғау жолындағы қасиетті борышын еске салу үшін қызмет етеді. Әскери бөлімнің жеке құрамы жауынгерлік туды жанқиярлықпен және ерлікпен қорғауы тиіс және жау қолына бермеуге міндетті. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қорғаныс және әскери қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға сәйкес, 2017 жылы 13 маусымда Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің аумақтық әскері құрылды. Аумақтық әскер еліміздің әкімшілік-аумақтық бірлігі шекарасы шебінде қойылған міндетті орындайтын Қарулы Күштердің құрамдас бөлігі болып табылады. Әскери бөлім, жалпы «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы үшін бұл күн еліміздің Қарулы Күштерінің құрылуы мен дамуы тарихына енеді. Абырой, ерлік пен даңқ нышаны – Жауынгерлік ту әрқашан биікте желбіресін! Құрметті әріптестер, қонақтар! Сіздерге зор денсаулық, қиын да күрделі жауапты қызметте табыс, отбасында амандық, бақ-береке тілеймін!», - деді ҚР Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қарулы Күштер Бас штабының бастығы генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов.

   Ел Президенті атынан берілген Жауынгерлік туды қабылдап алған әскери бөлім командирі: «Әскери бөлімімізге жауынгерлік туды табыс еткендеріңіз үшін алғыс айтамыз. Абай облысы аумақтық қорғаныс бригадасының жеке құрамы еліміз Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы қойған барлық тапсырмаларды орындайды» деп жауап қайтарды. 

   Абай облысының әкімі Нұрлан Уранхаев та лебізін білдірді. «Бүгінгі шара – ел қорғаны болар жас ұрпаққа ерлік, өрлік рухын паш ету. Бұл Отанға деген шексіз сүйіспеншілік пен адал қызметтің, шынайы патриотизм мен елдіктің жарқын үлгісі. Жауынгерлік туды қабыл алу – бейбіт өмір мен тәуелсіздікті қорғау сынды өнегесі мен өресі биік аманат жүгі. Құрметті сарбаздар! Сіздер – Отанымыздың мақтанышы мен қорғанысыздар! Жауынгерлік тудың тұғырын биік ұстап, әскери антқа адал, сертке берік болыңыздар! Ерлік даңқын асырып, мінсіз қызмет жолында табысты болыңыздар! Баршаңызға амандық, бейбіт өмір, баянды бақыт тілеймін! Ел іргесі аман, жеріміз тыныш болсын!», - деді ол.

   Майор Талғат Мақсұтов, 99280 әскери бөлімі командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары – бөлім бастығы: «Біздің әскери бөлім Абай облысындағы 30-ға жуық маңызды объектіні қорғау және күзету іс-шараларын өткізу, іс-қимылдардың, шабуылдардың, тойтарыстардың, белгілі-белгісіз топтардың әрекеттерінің алдын алу мақсатында құрылған. Бүгін айтулы күн. Мен өте қуаныштымын. Жауынгерлік тудың астында Жоғарғы Бас қолбасшының міндеттері мен тапсырмаларын орындауға дайынбыз. Байрағымыз биік, елімізде бейбітшілік болсын!» 

   99280 әскери бөліміне жауынгерлік туды табыс ету рәсімінің соңында Абай гарнизоны әскери бөлімдері жеке құрамының саптық  шеруі болды. Еске сала кетейік, 2017 жылы маусымның 13-і күні «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қорғаныс және әскери қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойылып, 2018 жылы сәуір айында әкімдіктердің жанындағы аумақтық қорғаныс құрамалары Қарулы Күштер аумақтық әскерлерінің әскери бөлімдері болып қайта құрылған болатын. Сол уақыттан бері 13 маусымда аумақтық қорғаныс әскерлерінің туған күні ретінде аталып өтіледі. Ол – еліміз Қарулы Күштерінің сенімді резерві болып саналады. Яғни, қажеттілік туындаған төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету, табиғи, техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар мен олардың салдарын жоюға жұмылдырылады. Ал, 99280 әскери бөлімі Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылдың 3 мамырындағы «Қазақстан Республикасы әкімшілік-территориялық құрылысының кейбір мәселелері туралы» №887  Жарлығының, ҚР Үкіметінің 2022 жылдың 18 тамызындағы «ҚР ҚМ кейбір мәселелері туралы» Қаулысының және «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының 2022 жылдың 22 қыркүйектегі бұйрығының негізінде Абай облысының Семей қаласында құрылды.   

×

Редакция

$ 491.71  529.97  5.05