Қанатын кеңге жайған Қазақстан

Дәл осыдан екі жыл бұрын, Ұлытау төрінде өткен Ұлттық Құрылтайда сөз сөйлеген Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн. Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан, қазанның жиырма бесі күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек....» деген болатын.

Админ
26/10/2024 - 11:26

Осы ұсыныстан соң, көп ұзамай 2022 жылдың қыркүйек айының ортасында Қазақстан Республикасының Парламенті «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» заңына бірқатар түзетулер енгізеді. Жаңадан енгізілген заң аясында 25 қазандағы Республика күні – ұлттық мереке күні болып бекітіледі.

    Республика аумағындағы ұлттық байлық – жер және оның қазба байлықтарға толы қойнауы, сарқылмас суы, әуе кеңістігі, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі және басқа да табиғи ресурстары, сонымен қатар халқымыздың мәдени және тарихи жәдігерлері, экономикалық, ғылыми, техникалық әлеуеті, Халықаралық ұйымдардың қызметіне қатысу, сыртқы саяси қызмет мәселелерін өзінше шешу құқығы республиканың айрықша меншігіне жатқызылады.

    1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Жоғарғы кеңесі «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңы қабылданды. Республика дербес мемлекеттік даму жолына түсті, бұл алдымен, оның сыртқы саяси әлеуетін жүзеге асыруынан көрініс тапты. 1992 жылы 23 қаңтарда Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы Қазақстан Республикасының Біріккен Ұлттар Ұйымына қабылданғанын жария етті. Арада үш-төрт жыл өткен соң, Тәуелсіз Қазақстан елі әлемнің жүзден астам елімен қарым-қатынас жасап үлгерді. Бұл – Қазақстан Республикасының әлемдік аренадағы беделінің өсуіне ықпал етті.

     Қазақ елінің өз алдына егеменді ел екендігін анықтайтын тұңғыш ресми құжат  – Тәуелсіздік декларациясын қабылдағаннан кейін дербес ел ретінде өз алдына шекарасын шегендеп, мемлекеттік құжаттарын рәсімдей бастады. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін, 1992 жылы 7 мамырда Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері құрылды.

    Алдымен айтарымыз, сол кездегі он бес Одақтас Республикалардың бас қаласы саналатын – Мәскеу қаласының ортасында орын алған, 1991 жылы бүкілодаққа белгілі Тамыз оқиғаларынан кейін Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы мен оның Қарулы Күштеріне қатысты қылаң берген дағдарыстың күшейе түскендігі анық. Сол тұста Республикамыздың аумақтық тұтастығын мен қорғаныс мүдделерін қамтамасыз ету мақсатымен, 1991 жылдың 25 қазанында Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақ Кеңес Социалистік Республикасының Мемлекеттік Қорғаныс комитетін құру туралы» Жарлығы жарияланып, Қазақстан Республикасының соғыс, еңбек және Қарулы Күштері ардагерлері Кеңесінің төрағасы қызметін атқарып жүрген Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетов Қазақ Кеңес Социалистік Республикасының Мемлекеттік Қорғаныс комитетінің төрағасы болып тағайындалады. Егемендіктің елең-алаңында елдің қорғанысының тізгінін ұстаған Сағадат Нұрмағамбетов тыңнан түрен салды. Егемендікке қол жеткізудің құжатын енді ғана қолға алған, сол кездегі жас мемлекет Қазақстан Республикасы үшін өте ауыр жылдардың кезі еді. Алайда, жасы жетпіске таяса да, мінезін 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысының майдан даласында шыңдаған Сағадат Қожахметұлы берілген тапсырмаларды бұлжытпай орындады.

    Қазақстан Республикасы Президентінің 1992 жылғы 7 мамырдағы №745 «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы» Жарлығы жариялануымен бір мезгілде генерал-полковник Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетов Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі болып тағайындалды. Тәуелсіз Қазақстан армиясының іргетасын қалаудағы сіңірген еңбегі жоғары бағаланып, 1993 жылдың 5 мамырында С.Қ. Нұрмағамбетовке еліміздің ең жоғарғы «Армия генералы» әскери атағы беріледі. 1994 жылы 23 мамырда Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасының тұңғыш Қорғаныс министрі, Армия генералы  Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетовке «Халық қаһарманы» атағы мен №1 «Алтын Жұлдыз» ордені табыс етілді. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің бүгінгі таңдағы жеткен жетістіктері Сағадат Нұрмағамбетов есімімен тікелей байланысты.    

    Армия генералы Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетов Кеңес Одағының батыры, Ұлы Отан соғысының ардагері бола тұрып, соңғы ақтық демі қалғанша бұрынғы Кеңестер Одағының өзге де республикаларында тұрып жатқан Ұлы Отан соғысының ардагерлерімен достастық ретінде тығыз қарым-қатынаста болды. Бүгінгі күнде еліміздің бас қаласы Астанадағы Республикалық «Жас ұлан» әскери мектебі егеменді еліміздің тұңғыш Қорғаныс министрі, Халық қаһарманы, Армия генералы Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетовтың есімімен аталады.

    Биыл, тұңғыш Қорғаныс министрі, Халық қаһарманы, Армия генералы Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетовтың туғанына 100 толуына орай, еліміздің өскелең ұрпақтарына әскери-патриоттық тәрбие беру мақсатындағы жыл сайынғы өтетін Республикалық «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиынының халықаралық деңгейде ұйымдастырылып өткізілгенін атап өткен жөн. Армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың 100 жылдығына арналған жиынның ашылуы Алматы қаласының Армия генералы С.Қ.Нұрмағамбетов атындағы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің әскери институтында өткені көңілге қуаныш ұялатады.

    Осындай Сағадат Нұрмағамбетов есімді батыр ағаларымыздың өмірі мен ерлік жолынан үлгі алған жас жеткіншектеріміздің нағыз отаншыл болып, ержететіндігі анық.

    Өткен жылы, «Жағалау» оқу-жаттығу полигонында өткен «Батыл тойтарыс-2023» стратегиялық командалық-штабтық әскери оқу-жаттығу жиынына қатысқан Қазақстан Республикасының Президенті – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сөйлеген сөзінде: «Бүгінде әлемдік қорғаныс жүйесінде ауқымды өзгерістер болып жатыр. Қазіргі ұрыстардың әдіс-тәсілдері де басқа, әсіресе, гибридтік соғыс түрлері кең таралуда. Шабуылдар әскери ғана емес, ақпараттық, психололгиялық, саяси, экономикалық, және басқа да сипат алуы мүмкін. Сондықтан, Қазақстан армиясы кез келген сын-қатерге дайын болуы қажет. Бұл – заманауи әрі кәсіби әскерге қойылатын басты талап. Біздің бір ғана Отанымыз бар. Ол – Қазақстан. Елімізді, жерімізді, азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оларды қорғау – баршамызға ортақ қасиетті парыз!» - деген еді. Бұл ретте айтарымыз, сап түзеп «....Қазақстан Республикасына қызмет етемін!» - деп, бой түзеген әрбір әскери қызметші өзіне берілген тапсырманы бұлжытпай орындап, Отан алдындағы мінсіз қызметте адал болатынына бек сенімдеміз! 25 қазан – Республика күні мерекесі құтты болсын!

 

Тілек Кенжебеков

Суреттер Думан Құрманғалиевтікі

×

Редакция

$ 523.17  550.06  4.93