Талдықорған «Білім-инновация» лицей-интернатында батыр тұлға Рақымжан Қошқарбаевтың және Армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың туғанына 100 жыл толуына орай «Сардар» әскери-спорттық ойыны өтті.
«Сардар» әскери-спорттық ойынына 9-10-11 сынып оқушылары арасынан алты команда қатысты. Әскери-спорттық ойын үш кезеңнен құралды. Бірінші – АК-74 автоматын жартылай бөлшектеу және жинау, екінші – пневматикалық мылтықтан дәлдікке ату және үшінші – эстафета.
Әскери-спорттық ойынның басты мақсаты – оқушыларды әскери тәртіпке баулып, дене шынықтыру және патриоттық рухты нығайту. Еліміздің батыр тұлғасы Рақымжан Қошқарбаевтың және Сағадат Нұрмағамбетовтың есімі қазақ халқының жүрегінде мәңгі сақталады және оның Отан алдындағы ерен еңбегі мен ерлігі жас ұрпаққа үлгі болып қала бермек.
– Шара барысында лицей оқушылары батырлардың өмір жолымен танысып, оның ел үшін жасаған ерліктері туралы мағлұмат алды. Мұндай шаралар өскелең ұрпаққа батырдың даңқты жолын жалғастыруға, Отанды қорғауға деген ниетті оятуға бағытталған. Бүгінгі шара жастарға тек әскери дайындық емес, сондай-ақ, елге деген сүйіспеншілік пен жауапкершілік сезімін қалыптастыруға көмектесетін маңызды бастама болды, - деді алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің оқытушы-ұйымдастырушысы Дархан Байсалбаев.
«Сардар» әскери-спорттық ойынына қаламыздың алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің оқытушы-ұйымдастырушыларынан төрешілер тағайындалды. Олар – мектепке дейінгі шағын орталығы бар Ынтымақ ауылындағы №30 орта мектептен Шалқар Молдахметов, Дәнеш Ракышев атындағы қазақ мектеп-интернатынан Айбек Бейсенбеков және Талдықорған аграрлық-технологиялық колледжінен Айдос Қауысов.
Жарыс өте тартысты және қызықты өтті. Ойын қорытындысы бойынша 10 «А» сыныбы 1-орынға, 11 «А» сыныбы 2-орынға ал, 10 «Б» сыныбы 3-орынға ие болды. Жеңімпаз командаларға дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталса, спорттық ойынға қатысқан командаларға ынталандыру сыйлықтары салтанатты түрде табыс етілді.
Жетісу гарнизонының баспасөз қызметі