Талдықорғандағы Михаил Ломоносов атындағы №5 орта мектеп-лицейінің 11-сынып оқушыларына Рейхстагқа жеңіс туын тіккен қазақ батыры тақырыбында Рақымжан Қошқарбаевқа арналған Ерлік сабағы өткізілді.
Ерлік сабағының мақсаты – Ұлы Отан соғысына қатысып, майдан даласында жасаған ерліктерімен көзге түскен, Рейхстагқа жеңіс туын тіккен жалғыз қазақ батыры, қалық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың небір қиындықты бастан өткерген өмірбаянын оқушыларға баяндау. Ерлік сабағын ұйымдастырып, ұмытылмас тұлғаның батырлығын оқушыларға егжей тегжейлі түсіндіру, жастардың патриоттық сезімдерін оятып, отаншыл рухта тәрбиелеу.
Ерлік сабағына қонақ ретінде 48386 Әскери бөлімі әскери қызметшілерінің Отбасы мүшелерімен жұмысты ұйымдастыру жөніндегі бөлімнің жетекшісі Әйгерім Бекбаева, Тәрбие және идеология жұмыстары жөніндегі бөлімнің офицері аға лейтенант Нұрбек Бағдарбек шақырылды. Олар оқушыларға қазақ батыры Рақымжан Қошқарбаевтың жасаған ерліктері туралы айтып берді.
Мектеп-лицейдің алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің оқытушы-ұйымдастырушысы Гумар Гимадиев оқушыларға Ерлік сабағына қатысып, Рақымжан Қошқарбаевтың небір қиындықты бастан өткерген өмірбаянымен таныстырған қонақтарға алғысын білдірді. Ол әскери қызметшілер мен ардагерлерді шақыру арқылы ұйымдастырылған мұндай кездесулер балалардың бойында отансүйгіштік сезімін оятып, әскери мамандықты тереңірек түсінуге ықпал ететінін атап өтті.
Жетісу гарнизонының баспасөз қызметі