ЕРЛІК САБАҒЫ ЕДІГЕЕВКЕ АРНАЛДЫ

Шымкент әскери-техникалық мектебінде Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, оның ішінде Әскери-әуе күштері саласында ерекше орын алған ұшқыш полковник Едігеев Марат Оразұлының өмір жолдарына арналған ерлік сабағы өтті.

Админ
22/10/2024 - 10:48

Тағылымды тәрбие сабағын мектеп қызметкері полковник Кенжебаев Талғат Болатұлы ұйымдастырып өткізді. Іс-шара туралы тәлімгер офицер былай дейді:  

  • Біз көп жағдайда бүгінгі күннің батырларын естен шығарып жатамыз. Көп жағдайда ерлік жасау үшін міндетті түрде соғысты бастан кешу керек деп ойлайтын сияқтымыз. Меніңше, ол дұрыс емес. Өйткені, туған елі мен байтақ жерін сүйген адамның өмірі қашанда өнеге-үлгіге толы. Зер сала қарасақ, маңайымызда қарапайым тіршілік кеше жүріп ерлік жасай білетіндер қаншама?! Офицер Едігеевтің өмірі, әскери қызметі осының нағыз дәлелі деп білемін.

Тәлімгер Талғат Болатұлы – Әскери-әуе күштерінің кәсіби маманы. Сала жұмысын бес саусағындай білетін шебер ұшқыш. Әскери қызметте жүргенде Қорғаныс министрлігіне қарасты Ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету басқармасын құрған алғашқы тұлғалардың бірі. Ерлік сабағының басты кейіпкерінің қатардағы ұшқыш кезінен авиабаза командирі лауазымына дейінгі өткен жолдарын жатқа білетін адам. Осы тұрғыдан алғанда маманның сөзі мағыналы болары сөзсіз.

Полковник Едігеев Марат Оразұлы 1967 жылғы 23 сәуірде Қостанай облысында дүниеге келген. Бала күнінен әскери ұшқыш болуды армандаған. Орта мектепте де, әскери оқу орындарында да өте жақсы және жақсы бағаларға оқыған. Спорттың барлық түрін жақсы көрген, оның ішінде еркін күреспен және шаңғы спортымен ерекше айналысқан. Кез келген шешімді жан-жақты ойланып, нақты қабылдай білетін азамат. Сондықтан болса керек, бала арманының орындалуын тілеген ата-анасы да оның мамандық таңдаудағы шешіміне қарсы тұрмаған екен.

Ол 1989 жылы Қызылтулы Армавир жоғары әскери ұшқыштар училищесін  бітірген. 2001 жылы Юрий Гагарин атындағы Мәскеу Әскери-әуе академиясын бітірген. Лейтенанттан-полковникке дейін, ұшқыштан-авиабаза командиріне дейінгі лауазымдардан өткен. Авиация саласында 30 жылдан артық әскери қызметте болған. Әуе кеңістігінде Л-39, МиГ-23, Миг-27, МиГ-31, МиГ-37 және Су-27 сияқты ұшу техникаларын шебер басқара білген. Ұшу техникасын өте меңгерген І сыныпты ұшқыштардың бірі. Көптеген наградалардың, оның ішінде 2 дәрежелі “Айбын” орденінің кавалері.

2013 жылдың 23 сәуірі. Әдеттегідей, Қарағанды қаласындағы Нұркен Әбдіров атындағы авиабаза ұшқыштары кесте бойынша түнгі оқу-жаттығу ұшуларын орындап жатқан. Өкінішке орай, бұл күн “қаралы түнге” айналады дегенді ешкім ойлаған жоқ. МиГ-31 әскери ұшағы апатқа ұшырады.

Экипаж командирі Марат Едігеев жедел шешім қабылдап, штурман Руслан Галимзяновқа катапультталануға бұйрық береді. Өзі істен шыққан ұшақты Просторный елдімекенінен неғұрлым алыстатуға бар күшін салады. Сөйтіп, ауылдың жүздеген тұрғындарының өмірін сақтап қалады. Өкінішке орай, өзі сол апатта мәңгілікке көз жұмды.

Жауынгерлік тапсырмаларды орындау барысындағы ерлігі мен батырлығы үшін 610 авиабазаның командирі полковник М.Едігеев (қайтыс болғаннан кейін) 1 дәрежелі “Айбын” орденімен наградталды.

Иә, елі оны ұмытқан жоқ. Ұшқыштың соңғы дәмі таусылған жерге ескерткіш орнатылды. Есімі Қарағанды авиабазасының Құрмет кітабына мәңгілікке жазылды. Әріптестері оның өмірді шынайы сүйген оптимист адам және ісіне сенімді, кәсібилігі жоғары, қатал әрі әділетті командир болғанын, сондай-ақ нағыз офицер, сенімді дос екенін әлі күнге дейін айтып жүр.

Ерлік сабағының Қазақстан Қарулы Күштерінде өзіндік қолтаңбасы бар әскери ұшқыш полковник Едігеевке арналуы тегін емес. Тәлімгер полковник Талғат Кенжебаев айтқандай, біз бейбіт өмірдің батырларын да ұмытпауымыз керек. 

 

                       Марат ЖҮНІС-БЕК

 

 

 

×

Редакция

$ 494.87  520.65  4.91