Әскери міндеттілердің оқу-жаттығу жиыны

Алматы қаласы мен Алматы және Жетісу облыстарынан шақырылған 120-дан астам әскери міндетті Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының оқу полигонында далалық оқу-жаттығудан өтті.

Админ
20/10/2024 - 20:30

Бұл оқу-жаттығу барысында әскери міндеттілер өздерінің теориялық білімдерін нығайтып, шынайы ұрыс жағдайында тапсырмаларды тиімді орындауға қажетті практикалық дағдыларын жетілдірді. Бір ай бойы 15 түрлі әскери мамандық бойынша білім алған қатысушылар полигонда әскери техниканы басқару және пайдалану бойынша алған білімдерін іс жүзінде көрсетті.

Жиынның басты мақсаты – елдің қорғаныс қабілетін нығайту үшін әскери дайындықты арттырып, маманданған кадрлар резервін құру. Бұл туралы институт бастығының жауынгерлік даярлық жөніндегі орынбасары полковник Жолшыбек Нұрлыбеков атап өтті:

   – Жиынның мақсаты – елдің қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін қамтамасыз ету үшін кадрлық ресурстарды дайындау және толықтыру, – деді ол.

Далалық оқу-жаттығу барысында қатысушылар С-300, С-75 зениттік-зымыран кешендері, радиотехникалық батарея және байланыс торабы сияқты әскери техникаларды меңгеру деңгейлерін көрсетті. Олардың дайындығы шынайы ұрыс жағдайына барынша жақындатылып, әскери міндеттілер алған білімдерін практикада сынауға мүмкіндік алды.

Әскери міндетті Ертуған Нұрланбекұлы өзінің әсерімен бөлісті:

– Мен Алматы қаласынан шақырту алдым. Негізгі қызметім – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де физика-техникалық пәндерден сабақ беремін. Бір айлық жиын барысында С-300 зениттік-зымыран кешенінің мамандығын меңгеріп, алған білімімді практикада қолдандым. Қорытынды сынақ жоғары деңгейде өтті деп сеніммен айта аламын, – деді ол.

Дәрістер мен практикалық сабақтарды әскери оқу орнының тәжірибелі профессор-оқытушылары жүргізді. Әскери міндеттілер полигон аумағындағы шатырлы қалашықта орналасты, оларға барлық қажетті жабдықтармен және тегін тамақпен қамтамасыз етілді. Жиын соңында әрбір қатысушы сынақ тапсырып, оның нәтижесі бойынша әскери жиыннан өткені туралы сертификат және жеке мінездеме алады. Осы құжаттар негізінде жергілікті әскери басқару органдары оларға кезекті әскери шен беру туралы шешім қабылдайды.

Айта кетейік, Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты 2018 жылдан бері әскери міндеттілер үшін осындай жиындар өткізіп келеді. Сол уақыттан бері Қазақстан Республикасының Әуе қорғаныс күштері үшін 600-ге жуық маман даярланды.

 

 

×

Редакция

$ 491.71  529.97  5.05