«Хамкорлик-2024» бірлескен оқу-жаттығуы

Жизақ облысындағы «Фориш» полигонында өткен оқу-жаттығудың белсенді кезеңін Қазақстан мен Өзбекстан Қарулы күштері Бас штабтарының бастықтары генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов пен генерал-майор Шухрат Халмұхамедов бақылады.

Админ
17/10/2024 - 14:17

Жауынгерлік міндеттердің сәтті орындалуын Қазақстан тарапынан майор Мейрам Асылбеков, өзбек тарапынан подполковник Ұлықбек Маматов басқарған батальондар қамтамасыз етті.

Жаттығудың бірінші кезеңінде тау шатқалдарында шағын қарулы топ мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өтіп, жергілікті тұрғындардың үйлерін басып алды. Қарсыластың іс-әрекеті назар аударуға және басқа бағыттарда табысқа жету үшін жағдай жасауға бағытталған.

Екінші кезеңнің сценарийі бойынша шартты қарсылас Қазақстан мен Өзбекстанның мемлекеттік шекараларына жақын жерге ірі жасақтарын шоғырландырып, оларды басып кіруге дайындады. Екі елдің әскери бөлімшелері диверсиялық әрекеттердің жолын кесуді және маңызды стратегиялық нысандарға жасалмақшы шабуылдың алдын алу үшін осындай қатерге ден қою алгоритмдерін пысықтады.

– Біз алға қойған барлық мақсаттарға қол жеткіздік. Мұндай жаттығулар жауынгерлік дайындық деңгейін арттыру үшін ғана емес, екі елдің әскери бөлімшелері әскери қызметшілерінің арасындағы қарым-қатынасты нығайту үшін де маңызды, – деді қазақстандық контингентке жетекшілік еткен полковник Ержан Мейірманов.

Оқу-жаттығу аяқталғаннан кейін Қазақстан мен Өзбекстан қарулы күштері бас штабтарының бастықтары бірлескен оқу-жаттығу өткізуге қосқан үлесі және жоғары кәсібилігі үшін ерекше көзге түскен әскери қызметшілерді марапаттады.

×

Редакция

$ 498.34  519.72  4.85