31767 әскери бөлімінің жеке құрамы бөлім ардагері, медицина қызметінің отставкадағы майоры Елинский Валерий Павловичке құрмет көрсетті.
В.П.Елинский 1944 жылы Белоруссия КСР Борисов қаласында дүниеге келген. 1968 жылы Минск Мемлекеттік Медициналық институтын тәмамдаған соң, жолдамамен Семей қаласына келген. 1968-1974 жылдары 23505 әскери бөлімінің (жекелеген аэродромды-техникалық қамтамасыз ету батальоны) медпункті бастығы болып қызмет атқарған. Ал 1974-1996 жылдары 31767 әскери бөлімінің медицина қызметінің бастығы лауазымына тағайындалып, ақ халатты абзал жан ретінде науқастанған талай әскери қызметішінің жанына шипа сыйлаған. Салтанатты жиын кезінде дәрігер-зейнеткердің отыз жылға жуық еңбегін бағалап, «ҚР Қарулы Күштер ардагерлері» республикалық қоғамдық ұйымының атынан «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Құрметті ардагері» төсбелгісі табысталды.
Бөлім ардагері жақында қария-ғұмырдың ең әдемі кезеңі – 80 жасқа толғанын айта кеткен жөн болар.