Артиллерия – соғыс тәңірі

Нағыз артиллерист болуды армандаған әскери қызметші жоғары білімді болуы тиіс, оған ғылымды білуі ауадай қажет. Ең бастысы – математиканы жетік білгені абзал, өйткені тез арада есептеп шығару оның басты қаруы болып табылады. Артиллерия – бұл кез келген іс-қимылды топтасып атқаратын әскер түрі болғандықтан, берілген тапсырмаларды орындау кезінде әр маман иесі берілген бұйрыққа бірден кірісіп кетеді.
Админ
03/10/2024 - 09:39

Мәселен, барлаушы – қарсыластың бағытын біліп, орналасқан орнын бірден анықтаса, топогеодезист – өздерінің ұрыстық тәртібінің бағытын белгілеп береді. Метеоролог – атыс кезіндегі ауа-райының құбылуын есепке алса, есептегіш мамандар – белгіленген нысанаға дәл көздеп тигізуді есепке алады. Ал, байланыс торабы – орудиядан оқ атуды атқаратын ұрыстық есептоптың еш кедергісіз байланысқа шығуын қамтамасыз ететіні сөзсіз.   
    Өткен ХХ ғасырда орын алған Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Кеңестер Одағы елдерінің «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін!» ұранымен гитлерлік неміс басқыншыларына қарсы 1941-1945 жылдар аралығындағы Ұлы Отан соғысы тарихында «Артиллерия - соғыс тәңірі!» деген даңқты атпен қалған   Зымыран және ариллерия әскерлері бүгінгі таңда айбыны асқақтаған Тәуелсіз Қазақстан армиясының негізгі атыс күші болып табылады десек, артық айтқандық емес.

Зымыран және ариллерия әскерлері күнінің тарихы 1942 жылдың   19 қарашасынан бастау алады. Осы күні Волга бойындағы шайқаста ракеталық әскер мен артиллерия күшінің қуаттылығы маңызды рөл атқарды. Сталинград шайқасында «КАТЮША» артиллериясының даңқы жер жарды. Сұрапыл соғыс жылдары артиллерияның саны мен сапасының артуы оны қолданудың түрлері мен пішіндерін жетілдіруді, командалық кадр тарапынан басқарудың шеберлігін талап етті. Курск доғасындағы шайқаста «соғыс тәңірі» атанған артиллерия жаудың бетін аяусыз қайтарды. Артиллерияның көмегінің нәтижесінде Адольф Гитлер басқарған Германия елінің әскері 300 мыңға жуық солдат пен офицерінен, 1,5 мың танк пен 3 мың қару-жарақтан және 3,7 мың ұшақтан айрылды. Жеңіске жету жолында артиллерия лайықты үлес қосты. 300-ден астам артиллериялық бөлім мен құрылымға жоғары гвардиялық атақ берілді. 800-ге жуық полк, бригада мен дивизия құрметті наградалар алды.    600 мыңнан астам артиллеристің кеудесіне орден мен медаль тағылды,        1800-ден астам адам Кеңес Одағының Батыры атанды. Артиллерист-жауынгерлердің қатарынан Ұлы Отан соғысы кезіндегі Кеңес Одағының Батыры атағын алғандардың ішіндегі қазақстандық Махмет Қайырбаевтың есіміне ерекше тоқталған жөн. Ұлы Отан соғысы басталған 1941 жылы 16 жасқа енді толған Махмет соғысқа баруға ерікті ретінде өтініш бергенімен, жасы толмағандықтан әскер қатарына алынбайды. Бір жылдан кейін қайтадан өтініш берген Махмет Қайырбаев 1942 жылдың тамызында Бұхараға эвакуацияланған Подольск артиллериялық училищесіне оқуға жіберіледі де, жылдамдатылған курс бойынша тез арада бітіріп шығады. Әскери артиллерияның жас маманы Махмет Қайырбаев Ұлы Отан соғысына 1943 жылдан бастап, майдан даласындағы ұрыстың нағыз қызған шағында кіріседі. Кеңес әскерінің құрамындағы Басқолбасшылық Резервінің 17-ші танкіге қарсы ататын артиллериялық жеке бригадасының 712-ші жеке танкіге қарсы жойғыш артиллериялық полкінің взвод командирі лауазымына тағайындалып, неміс басқыншыларына қарсы ұрыс іс-қимылдарына қатысады. Қазақ жауынгері Махмет Қайырбаев соғыс кезіндегі жылдам әрі шапшаң қимылымен Смоленск түбіндегі шайқас кезінде ерекше көзге түсіп, небәрі 18 жасында Александр Невский орденін алғаш рет кеудесіне тағады. 1944 жылдың тамызында совет әскері Прибалтика жағалауында шабуылға шығып, Шяуляй қаласының маңында фашист әскерін қоршауға алады. Фашистер өз полктерін қорғап, Кеңестік армия дивизияларының Балтық теңізіне барар жолын кесу үшін бірқатар танк шабуылын жасайды.

1944 жылдың 19 тамызында Литвадағы Шяуляй қаласының батыс жағында болған ұрыста фашистік неміс әскері танкімен шабуылға шығып, Кеңес әскері қорғанысын бұза жарып, қалаға басып кіруге ұмтылады. Осы кезде Шяуляй қаласының батысында немістердің қоршауында шайқасып жатқан батареялардың біріне қазақстандық батыл артиллерист-жауынгер Махмет Қайырбаев өзінің 15 жауынгерімен көмекке келеді. Жедел іс-қимылға кірісіп кеткен артиллерист-жауынгерлер аға лейтенант М.Қайырбаевтың басшылығымен жаудың 7 шабуылына тойтарыс беріп, бір батальон әскерінің көзін жояды. Кескілескен шайқаста немістердің Шяуляй қаласына өтуіне жол берілмейді. Осы ұрыс қимылындағы көрсеткен ерлігі мен тапқырлығы үшін, Кеңестер Одағының Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1945 жылғы                           24 наурыздағы (№6367) Жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағы беріліп, аға лейтенант Махмет Қайырбаевқа Ленин ордені мен «Алтын Жұлдыз» медалі табыс етіледі.

Соғысты Махмет Қайырбаев шығыс Пруссияда, Кенигсбергте аяқтайды. Аға лейтенант М.Қайырбаев соғыс бітісімен, Ф.Дзержинский атындағы Артиллерия академиясына оқуға жіберіледі, алайда мұрағаттардан репрессияланған әкесінің ізін іздей бастағандықтан оны жылдам академия қабырғасынан шығарады. Далалық әскери округінің (бұрынғы Түркістан) артиллериялық полктерінің біріне қызметке жібереді. Бірақ мұнда да көп қызмет етпейді, денсаулығына байланысты 1946 жылы запасқа шығарылады.
1946 жылдан бастап 1957 жылдың наурызына дейін М.Қайырбаев Павлодар облысының Бесқарағай, Успен (Лозов) және Ақсу (Ермак) аудандарында жауапты хатшы, төраға орынбасары, аудандық атқарушы билік төрағасы лауазымдарында жұмыс істейді. Тың және тыңайған жерлерді игеруге белсене қатысып, сол кездегі Ермаков ауданында «Пограничник» астықты совхозын салады.
    Махмет Қайырбаев 1996 жылдың 12 шілдесінде мәңгілікке көз жұмып, өмірден өтеді. Батырдың денесі Павлодардағы мұсылман зиратында жерленген.
    Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 1997 жылдың                             26 қарашасындағы №35 бұйрығына сәйкес, артиллерист-жауынгер, Кеңес Одағының Батыры Махмет Қайырбаевтың есімі Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлеріне қарасты 28738 әскери бөлімінің 1-ші артиллериялық дивизионының 1-ші артиллериялық батареясының жеке құрам тізіміне мәңгілікке тіркелген. Аталған әскери бөлімде Кеңес Одағының Батыры Махмет Қайырбаевтың жеке құжаттары, кітаптар және кереуеті қойылған. Әскери бөлім басшылығы мен барлық жеке құрам батыр ерлігін әр кез естен шығармай, ерлікке кір келтірмей, жоғары қолбасшылық қойған жауынгерлік тапсырмаларды үздік орындап келеді.
    Зымыран және ариллерия әскерлері Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылған күнінен бастап, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің арнайы әскер түріне енгізілген болатын.
    1998 жылы жалпы бағыттағы күштердің құрылуына орай, Зымыран және ариллерия әскерлерінің Басқармасы құрылды.

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2001 жылғы 4 қазандағы Директивасына сәйкес, Зымыран және ариллерия әскерлерінің Басқармасы   өз алдына дербес әскерлер тегінің түрі ретінде құрылды. Дәл осы күн Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде Зымыран және ариллерия әскерлерінің құрылған күні болып саналады.

Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Қазақстан Республикасының Президентінің 2003 жылғы 7 мамырдағы №1085 Жарлығымен құрылды.

Қазақстан Үкіметінің 2009 жылғы 20 сәуірдегі қаулысын жүзеге асыру мақсатында Зымыран және ариллерия әскерлері Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің ұрыстық құрамына енді. 
   Зымыран және ариллерия әскерлері – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің құрамындағы жоғары ептілік пен дәлдікті талап ететін жеке әскер түрі. Әскер тактикалық зымырандардың құрамаларынан, гаубицалық, зеңбіректік, реактивті және танкіге қарсы қолданылатын артиллериядан, артилллериялық барлаудан, минаатқыш және танкіге қарсы бөлімшелерден тұрады.

Осы ретте, Тәуелсіз Қазақстанның айбынды армиясының мәртебесін көтеру мен жауынгерлік даярлықтағы әзірліктерін жақсартуда Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің негізгі отты күші болып саналатын Зымыран және ариллерия әскерлерінің аянбай тер төгіп, алдыңғы қатарлы биіктерден көріне беретіндіктеріне сенімдімін!

 

Думан Жұмашұлы

 

×

Редакция

$ 494.87  520.65  4.91