ҰҚШҰ ӘСКЕРИ ЖАТТЫҒУЫ жауынгерлерді шыңдайды

Қазір ҰҚШҰ бірлескен және арнайы оқу-жаттығулары өтіп жатыр. Қыркүйекте басталған бұл шара Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстан аумағында өтіп, қазан айына дейін жалғасады.

Админ
04/10/2024 - 16:33

Сөз басы

 

Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының «Өзара іс-қимыл», «Іздеу» және «Эшелон» оқу-жаттығулары бар. Бұл бірлескен жаттығулар ҰҚШҰ-ның Қорғаныс министрлері кеңесі мен Қауіпсіздік кеңестері хатшылары комитетінің шешіміне сәйкес Ұйымға мүше елдердің бірінің аумағында жыл сайын өткізіліп тұрады. Жыл сайын өткізілетін оқу-жаттығулар ұжымдық күштерді басқару органдарының практикалық дағдыларын жетілдіру, сондай-ақ Орталық Азия өңірінде әскери қауіпсіздікті қамтамасыз ету және сыртқы қатерлерді бейтараптандыру жөніндегі бірлескен операцияларды жүргізу кезінде Ұжымдық қауіпсіздік күштері құралымдарының іс-қимыл үйлесімділігін арттыруға бағытталады.

 

Жыл басында жоспарланды

 

Жыл басында ҰҚШҰ Біріккен штабының басшысы Андрей Сердюков Орталық Азия аймағындағы ұжымдық қауіпсіздікті Қырғыз Республикасының аумағында өткізу жоспарланып отырғанын жеткізді. Сондай-ақ «Өзара іс-қимыл 2024» ҰҚШҰ-ның Ұжымдық жедел әрекет ету күштерімен (ҰЖӘК) командалық-штабтық оқу-жаттығуы, «Іздеу 2024» арнайы барлау оқу-жаттығуы, ҰҚШҰ әскерлерінің материалдық-техникалық қамтамасыз ету күштеріне арналған «Эшелон-2024» арнайы оқу-жаттығуы, Орталық Азия өңірі (ОАӨ) ҰЖӘК қолбасшылығымен жедел жиын, ОАӨ ҰЖӘК бөлімшелерімен «Шекара-2024» бірлескен оқу-жаттығуы өтетіні мәлім болды. Ал қыркүйек-қазан айларында Қазақстан аумағында ҰҚШҰ бітімгерлік күштерімен «Мызғымас бауырластық-2024» командалық-штабтық оқу-жаттығуы жоспарланды.

Іс-шараларды жоспарлау кезінде қазіргі заманғы қақтығыстар тәжірибесін, атап айтқанда, арнайы әскери операцияны, Сириядағы соғысты және араб-израиль қақтығысы ескерілді. Сонымен бірге, ҰҚШҰ Біріккен штабының басшысы Андрей Сердюков айтқандай, әскери контингенттерді қайта топтастыру кезеңінде және жедел орналастыру кезінде әуе шабуылына қарсы қорғанысты ұйымдастыру; ұрыс қимылдарын дайындау және жүргізу кезінде қолбасшылықтардың ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер Қарулы Күштерінің әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштерімен және құралдарымен өзара іс-қимылы мәселелері зерденеленді.

 

Қырғызстандағы оқу-жаттығу

 

Жоспарға сәйкес, қыркүйектің басында Қырғыз елі ҰШҚҰ елдерінің әскерін аумағында қарсы алды. Қырғызстандағы  «Эдельвейс» полигонына Беларусь, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстанның әскери контингенттері жетті. Олардың құрамында ішкі істер, қауіпсіздік органдары мен арнайы қызмет бөлімшелері, төтенше жағдайлардың алдын алу және салдарын жою саласындағы уәкілетті органдар, сондай-ақ ҰҚШҰ Біріккен штабы мен хатшылығының арнайы мақсаттағы күштерді қалыптастыру жедел топтары болды. Әрине, олардың қатарында Қазақстан әскері де бар.

Біздің елдің әскері  «Іздеу-2024» арнайы оқу-жаттығуында көзге түсті. Олар күрделі тапсырмаларды орындау барысында ерекшеленді. Ауа-райының қолайсыздығына қарамастан, ойлы-қырлы жерлерде қиын жағдайға бейімделіп, жергілікті жерді бағдарлаудың үздік дағдыларын көрсетті. 

Бірлескен маневрлерге қазақстандық әскерилер, оның ішінде Десанттық-шабуылдау әскерлерінің әскери қызметшілері өз техникасымен және қару-жарағымен белсене қатысты. Оқу-жаттығудың белсенді кезеңін ҚР Қарулы күштері Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Алмаз Жұмакеев бақылады. Оқу-жаттығудың жабылу салтанатында ҰҚШҰ Бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов іс-шараларды сапалы іске асырғаны үшін Қырғызстанның қорғаныс ведомствосы мен Ыстықкөл облысының басшылығына алғысын білдірді.  

Оқу-жаттығу басшылығы қазақстандық әскерилердің кәсіби машығын мен үйлесімді іс-қимылын жоғары бағалап, ҰҚШҰ-ға мүше елдердің ұжымдық мүдделері мен қауіпсіздігін қорғауға дайындығын қолдау үшін осындай жаттығулардың маңыздылығын атап өтті. 

Таулы аймақтағы жаттығулар Қазақстанның Десанттық-шабуылдау әскерлері әскери қызметшілерінің жоғары жауынгерлік дайындығы мен далалық машығын шыңдады.

Жалпы оқу-жаттығуларға барлығы 1500-ге жуық әскери қызметші мен 300-дей қару-жарақ, әскери және арнайы техника жұмылдырылды.

 

 

Қазақстанда жалғасты

 

Қазақстан аумағында Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы (ҰҚШҰ) елдерінің екі ірі оқу-жаттығуын өткізу көзделіп отыр. Еліміз «Мызғымас бауырластық-2024» және «Скала-2024» оқу-жаттығулары өтеді. Қазір дайындық күшейіп, сақтық шаралары қолға алынып жатыр.

Мысалы, ҰҚШҰ бітімгерлік күштерінің «Мызғымас бауырластық-2024» ұжымдық бірлескен командалық-штабтық оқу-жаттығуы шеңберінде сынған техникаларды жөндеу пункті ашылды. Онда зымыран-артиллериялық қару-жарақты, автомобиль және сауытты техниканы жөндеу учаскелері орналасқан. Оқу-жаттығуға дайындық кезеңінде 68602 әскери бөлімінің мамандары ҰҚШҰ-ға қатысушы мемлекеттерді қоса алғанда, 30-ға жуық қару-жарақ пен әскери техниканы жөндеп шығарды. ҰҚШҰ бітімгерлік күштерінің «Мызғымас бауырластық-2024» бірлескен командалық-штабтық оқу-жаттығу барысында Ұлттық әскери контингенттерге қауіпсіздік шараларын сақтау сабақтары ұйымдастырылды.

Әскери полиция қызметкерлері оқу-жаттығуда құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге жұмылдырылған. Тәртіп сақшылары дала лагерінде әскери техниканың қозғалысы кезінде қауіпсіздік шараларының сақталуын қадағалайды.
Далалық лагерьде әскери қызметшілерге қажетті жағдай жасалған. Денсаулық жағдайын бақылап, алғашқы медициналық жәрдем көрсетуге дайын медициналық пункт жұмыс істеп тұр. 

Міне, қазақ даласына 18 қыркүйектен бастап Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстанның әскери контингенттері аралас тәсілмен келіп, орналасты. Енді бір-екі күннен кейін ауқымды шара салтанатты түрде басталады.

 

Сөз соңы

 

Бұдан кейін қазан айының ортасында Тәжікстан аумағында Орталық Азия аймағының Ұжымдық жедел әрекет ету күштерінің бөлімшелерімен «Шекара-2024» бірлескен оқу-жаттығуы өтеді. Жаттығулардың соңғы кезеңдерінде ҰҚШҰ Бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов қатысады.

Жалпы оқу-жаттығулар ҰҚШҰ ұжымдық күштері қолбасшылығының әскерлерді басқарудың тұрақтылығы мен үздіксіздігін, далалық машық деңгейін және жедел әрекет ету күштері іс-қимылдарының үйлесімділігін жоспарлаудағы, қамтамасыз етудегі практикалық дағдыларын арттыруға, міндеттерді орындаудың жаңа нысандары мен тәсілдерін әзірлеуге және меңгеруге мүмкіндік береді. Біздің Қазақстан әскери қызметшілері талай рет осы оқу-жаттығуларға қатысып, міндеттерін мүлтіксіз орындап келеді. Осы жолы да сындарлы сәтте ептіліктерін танытып, жауынгерлеріміз абырой биігінен көрінеді деген ойдамыз.

 

Рима ӘБЕУОВА

 

×

Редакция

$ 481.84  531.33  5.07