Мемлекет және қоғам қайраткері, отставкадағы генерал-полковник Сәт Тоқпақбаев – мемлекеттілігіміздің бастауында тұрып, тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына зор үлес қосқан тұлға. Сондықтан оның осы бір орасан еңбегін ескерген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жақында өз Жарлығымен оған «Халық қаһарманы» атағын берді. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Халық қаһарманы Сәт Тоқпақбаевқа айрықша ерекшелік белгісі – Алтын жұлдыз бен «Отан» ордендерін салтанатты түрде табыстады.
Аталмыш атақтарды табыстау рәсімі «Ақорда» резиденциясында өтті.
Жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы сөз сөйлеп, Сәт Тоқпақбаевты қалың жұртшылық құрметтейтінін, оның еңбек жолы ел өмірімен тығыз байланысты болғанын айтты.
– Сіз қастерлі Отанымызға адал қызмет еттіңіз. Енді ғана тәуелсіздік алып, дербес мемлекет болған жылдары аса жауапты міндеттерді атқаруға білек сыбана кірісіп кеттіңіз. Еліміздің тыныштығы мен тұтастығын сақтау үшін орасан зор үлес қостыңыз. Шын мәнінде, мұны нағыз ерлік деп бағалауға болады. Қазір де қоғамға пайдалы істерді атқарып жүргеніңізді біз жақсы білеміз. Еліміздің лайықты азаматысыз, - деді Мемлекет басшысы.
Өз кезегінде Сәт Тоқпақбаев мемлекетіміздің қауіпсіздігі және еліміздің тыныштығы жолындағы еңбегін бағалағаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты.
– Әділетті Қазақстан құру ісіндегі зор еңбегіңізді және сүйікті Отанымызды халыққа жайлы елге айналдыру мақсатында жүзеге асырып жатқан саясатыңызды толығымен қолдаймын. Тәуелсіздігіміздің баянды болуы жолында Сізбен әрдайым біргемін! Еліміздің іші даудан, сырты жаудан аман болсын! Отанымызда тыныштық, бірлік, ауызбіршілік әрдайым салтанат құрсын, - деді Сәт Тоқпақбаев.
Ал енді кейіпкеріміз жайында кеңірек мағлұмат бере кетейік. 1939 жылы 17 қыркүйекте Алматы маңында дүниеге келген Сәт Бесімбайұлы еңбек жолын жұмысшыдан бастап, Боралдай кірпіш зауытында вагоншы болды. Кейін Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетіне оқуға түседі. Дипломды заңгер бола тұра, Сәт Тоқпақбаев бүкіл өмірін еліміздің күштік құрылымдарында қызмет етуге арнады. Прокуратура тергеушісінен Қазақ КСР МҚК жедел уәкіліне дейінгі қызметтік сатының бәрінен өткен ол 1993 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетін басқаруға тағайындалды.
Биыл 85 жасқа толған I дәрежелі «Даңқ», III және I дәрежелі «Барыс» ордендерінің иегері ескі жүйе бұзылып, жаңа мемлекет құрылған кезеңді ризашылықпен еске алады. Өйткені ол еңсесін енді тіктеген жаңа мемлекеттің құрылысына бір кісідей өз үлесін қоса алды. Генерал-полковник Сәт Тоқпақбаевтың еліміздің мемлекеттік құрылымдарын қалыптастыруға және қауіпсіздікті нығайтуға қосқан үлесін қалай бағаласақ та артық етпейді. Сәт Бесімбайұлы өзінің жарты ғасырлық табысты мансабында ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы болды. Президенттің күзет қызметі және Республикалық ұланды басқарды. Қорғаныс министрі болды. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланды. Оның бүкіл өмірі ел игілігі үшін, Қазақстанның күштік құрылымдарын нығайтуға және дамытуға арналған қызметте өтті.
– Мен мемлекеттің мүддесін әрдайым жеке мүддеден жоғары қойдым, - дейді мемлекет және қоғам қайраткері Сәт Тоқпақбаев. – Менің иығыма үлкен жауапкершіліктер жүктелді. Тәуелсіз Қазақстанның қауіпсіздік тетіктерін нығайту ісіне өз үлесімді қостым. Бүгінде еліміз өркендеп, көптеген елдермен достық қарым-қатынасты саясатта да, экономикада да жоғары деңгейде нығайтып келеміз. Мен бұл процеске өз үлесімді қоса алғаныма қуаныштымын.
Бүгінде Сәт Тоқпақбаевтың тәдімін алған ізбасарлары аз емес. Олардың арасында әртүрлі дәрежедегі басшылар да жетіп артылады. Сәт Тоқпақбаевтың басшылығымен Ұлттық қауіпсіздік органдарының тиімді жұмыс істеуі мақсатында әзірленген көптеген нормативтік актілер бүгінгі күнге дейін ескірген жоқ. Оның бастамасымен Ұлттық қауіпсіздік академиясы құрылды. АҚШ, Ресей, Қытай және Германиядағы ұқсас ұйымдармен серіктестік қарым-қатынас орнатқан бұл оқу орнында бүгінде Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздігі саласына елеулі үлес қосып жүрген мыңнан астам маман даярланды. Сәт Тоқпақбаев ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты ретінде өзінің бай тәжірибесін пайдаланды. Ол Қарулы Күштерді нығайтуға және мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған заңдардың қабылдануына зор ықпал етті.
Сәт Тоқпақбаев екі жылдан астам уақыт Қорғаныс министрі қызметінде болды. Алайда ғасырдың тоғысында ол елеулі із қалдырды. Ал 2001 жылы еліміздегі ең танымал археологиялық олжаның дәл көшірмесі – «Алтын адам» мүсіншесін иеленіп, «Жылдың әскери адамы» атанды.
Төртінші Қорғаныс министрі жалпы мақсаттағы күштердің жойылуымен есте қалды. Бұл еліміздің Қарулы Күштері үшін қиын кезең болатын. Қаражаттың жетіспеушілігі қоғамның барлық саласына әсер етті. Ардагерлерді айтпағанның өзінде саптағы әскери қызметшілерге бірнеше ай бойы ақшалай қаражат төленбеген кездер болды.
Әскери гарнизондарда қарапайым қажеттіліктерді қамтамасыз етуде күрделі мәселелер туындады. Қаржы тек киім-кешек пен отынға ғана емес, сонымен қатар әскери бөлімдердегі азық-түлікке, материалдық-техникалық базаға және қару-жараққа да жеткіліксіз болды. Мерзімді қызметтің сарбаздары атыс дайындығына сирек баратын деңгейге жетті. Кей кездері атыс дайындығы сабақтарын ұйымдастыруға мүмкіндік болмайтын. Ал ауқымды оқу-жаттығулар туралы әңгіме айтудың өзі артық.
Сәт Тоқпақбаев туралы сөз болғанда, еліміздің әскерилері ол кісінің Қазақстан аумағында алғашқы халықаралық әскери оқу-жаттығулар өткізуге мұрындық болғаны туралы баса айтады. Мұндай маңызды істі ол сол кездегі Қазақстан Президентінің Америка Құрама Штаттарына сапары барысында көтеріп, біріккен жаттығуларды өткізу туралы келісімге қол жеткізген.
Осылайша, 2000 жылдың қыркүйек айында Қапшағай маңындағы әскери базада Ресей, АҚШ, Түркия, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Грузия және Моңғолия елдерінің десанттық роталары қатысқан «Ортазбат-2000» халықаралық әскери оқу-жаттығулары өтті.
Жаттығу жоспарына сәйкес, әр елдің бөлімшелері екі шартты мемлекет арасындағы қақтығысты тудырған заңсыз әскери құрылымдарды табу және жою бойынша іс-қимылдар жүргізді. Оқу-жаттығу барысында Алматы облысының аумағында халықаралық далалық әскери госпиталь орналастырылды.
Министр ретінде маңызды міндет арқалаған Сәт Тоқпақбаев жаңадан құрылған Қазақстан Қарулы Күштеріне халықаралық дәрежедегі оқу-жаттығуға қатысып, әскери базасы мығым алпауыт елдермен тәжірибе алмасудың ауадай қажет екенін ерте түсінді.
Ол әскерилерге қолайлы жағдай қалыптастыру жолында көп тер төкті. Әскери құрылыс саласын басты назарда ұстаған министр армияны реформалау процесінде жаңа қадамдарға барып, төрт әскери округ құру туралы тың бастама көтерді.
Еліміздегі қорғаныс саласының қалыптасу тарихымен етене таныс оқырманға 2000 жылы жаңа Әскери доктрина қабылданғаны мәлім. Әскери қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік саясатты жүргізудің іргелі қағидаттары мен нысандары алғаш рет 1993 жылы еліміздің тұңғыш Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетовтің тұсында қабылданғаны белгілі. Жаңа құжатта әскери қақтығыстарды деңгейге бөліп, оларды қарқындылығына қарай жіктеу көзделді. Олар кіші, орта және жоғары дәрежелі қақтығыстар деп танылып, соның барысында Қазақстан Қарулы Күштерін пайдалану критерийлері белгіленді.
Әскери доктрина таза қорғаныс сипатына ие болып, экстремизм мен терроризмді таралу қаупі ең үлкен қатер ретінде қарастырды. Осыған сүйене отырып, тұжырымдама жоғары ұтқыр әрі жақсы жабдықталған әскерлер құруға бағытталды.
Басшы кезінде сұңғыла сардар ретінде танылған Сәт Тоқпақбаев Қорғаныс министрлігінің тұтқасын ұстаған тұста Қазақстан Қарулы Күштерінде жоғарыда біз тілге тиек еткен түрлі деңгейдегі маңызды іс-шаралар орын алды.
Бүгінгі күні ардагер ақсақал қоғамдық өмірге белсенді қатысып, өскелең ұрпақты тәрбиелеуге көп көңіл бөліп жүр. Ол – «Сіз тек туыстарыңыз немесе таныстарыңызға ғана емес, сонымен бірге өзіңіз қызмет еткен салаға қажет болуда бақыт» деп келетін ежелгі грек философы Сократтың сөзін өзінің өмірлік ұстанымы ретінде алып, қарттық жасқа жетсе де, ел мүддесін мұрат қылған халқының аяулы перзенті.
Отставкадағы генерал-полковник баяғыша әскери гарнизондардағы жағдаймен танысып, офицерлер мен сержанттар және қатардағы жауынгерлермен кездесіп, ақыл-кеңесін беруді жалғастырып жүр. Жақында ол 65476 әскери бөліміне барды.
Мұнда оған қазақстандық армияның, оның ішінде отандық өндірістің қарулануында тұрған жаңа техника мен жабдықтар көрсетілді. Әскери қызметшілермен кездесу барысында Сәт Бесімбайұлы оларға қазақстандық армияның даму жолы туралы сөз қозғап, мемлекет үшін өзінің Қарулы Күштерінің болуы маңыздылығын атап өтті. Өз кезегінде мерзімді әскери қызметтегі сарбаздар, сержанттар мен офицерлер құрметті қонаққа армияның қалыптасуы, Сағадат Нұрмағамбетовпен кездесулері сияқты сұрақтарына тұшымды жауап алды.
Ардагер өз кезегінде әскери қызметшілерге Отан алдындағы әскери борышын орындауға дайындығы үшін алғысын білдірді. Мұндай кездесулер белгілі тұлғалар тарапынан әскери адамның қажеттіліктеріне назар аударып қана қоймай, әскери қызметшілерді жауынгерлік оқуда және әскери қызметте үздік нәтижелер көрсетуге ынталандырады. Аты аңызға айналған ардагер генералдардың әскерилер арасында жүріп, өнеге көрсетуі жауынгерлік рухты нығайтуға және Қазақстан армиясының қабілеттілігін арттыруға ықпал ететіні айтпаса да белгілі.