Облыста абыройлы еңбек етіп, тату-тәтті өмір сүріп жатқан әскери қызметшілер отбасы жетерлік. Солардың бірі – өмірде де, қызметте де қол ұстасып келе жатқан Талдықорғандағы 54380 әскери бөлімінің қызметшілері майор Асхат Оспанов пен кіші сержант Бегзат Сұртаева.
Отағасы Асхат бүгінде командирдің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары, Бегзат маман техник қызметін атқарады.
Асхат Кемелбекұлы Жамбыл облысы, Аса ауылында туған. Ол бала күнінен әскери форма киіп, Бауыржан Момышұлы атамыздай батыр, даңқты командир болуды армандайды. Осы арманын жүзеге асыру үшін 2000 жылы Қапшағай қаласындағы 32363 десанттық-шабуылдаушы бригадасында 2 жыл Отан алдындағы борышын өтейді. Екі жылдан соң келісімшарпен аталмыш бөлімге қызметке орналасады. Ол әскери саладағы қызметін бастағаннан өзін көрсетіп, бөлімше командирі болады. Қарағанды облысындағы Приозерск қаласында прапорщик мектебінде 4 ай оқиды. Кейін жоғары оқу орнын тәмамдап, лейтенант атағын алады. Мұнан соң командирдің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары, мәдени демалыс орталығының басшысы болып қызмет істейді. 2023 жылы 54380 әскери бөліміне командирдің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары болып ауысып келеді. Өзінің ұжымында зор құрметке ие, қызметке деген құлшынысы ерекше майор – өз ісінің нағыз шебері.
Қиындығы мен қызығы қатар жүретін жауапты қызметті абыроймен атқарып жүрген Бегзат Сұртаева да еңбек жолын Қапшағай қаласындағы 32363 десанттық шабуылдаушы бригадасында бастайды. Кейіпкерлеріміздің Отан қорғаймыз деп әскери қызметке келуі бекер емес. Екеуінің де аталары Екінші Дүниежүзілік соғыста ерлікпен қаза тапқан. Жиырма жылдан астам бір салада қол ұстасып бірге келе жатқан жұп қалай отбасы құрғанын да сөз етті.
«Келіншегім екеуміз 32363 десанттық шабуылдаушы бригадасында бірге қызмет істедік. Жұмысымыз, бағытымыз бір болғандықтан тез тіл табысып, өмірді де бірге сүрейік деп шештік», - дейді Асхат Кемелбекұлы.
Бегзат та отағасымен бір салада қызмет істегеннен кейін бір-бірін тез түсінетіндігін айтты.
– Ағаларымның барлығы – әскери қызметшілер. Сол себептен осы саланы таңдадым. Ерлермен бірге әскери салада қызмет істеу оңай емес. Десе де, қиын әрі жауапты жұмысты таңдағаныма еш өкінбеймін. Жұмыс ұнайды. Отағасымен бір салада қызмет еткендіктен бір-бірімізді жақсы түсінеміз. Жұмысқа ерте жетіп, сапқа тұру керек. Түнде шұғыл шақыру болған кезде балаларымызды үйде қалдырып кетуге мәжбүрміз. Олар да әскери тәртіппен жүреді. Отағасы бүлдіршіндерге қауіпсіздік ережесін бойына сіңіріп қойған. Жұмыста погон таққан келіншек болғаныммен, үйде қазақтың келінімін. Әскери қызметте жемісті жұмыс істеп келе жатқаным, ата-анамыздың, отағасының зор қолдауының арқасы деп білемін, - дейді Бегзат.
Қос кейіпкеріміз түзде де, үйде де бірге. Олар жайқалған мәуелі бәйтеректей, үш баласының ортасында бақытты ғұмыр кешуде. Үлкен қызы Әсел 7-ші, Қайсар 5-ші сыныпта оқиды. Кенжесі Інжу – балабақшада.
«Отбасымыздың амандығы мен қызметте абыройлы болудан асқан бақыт жоқ», - дейді олар.
Айдар Қалиев,
Талдықорған қаласы