Жетісу гарнизонына қарасты 18404 әскери бөлімі әскери қызметшілердің отбасы мүшелерімен жұмысты ұйымдастыру қызметімен «Мектепке жол» акциясы өтті.
Аталмыш бөлімнің басшылығы мен жеке құрам қайырымдылық акциясына белсене қатысты. Олар көпбалалы және мүмкіндігі шектеулі отбасыларының балаларына мектепке қажетті құрал-жабдықтармен көмек көрсетті. Сонымен қатар, қайырымдылық шараға атсалысқандар демеушілік танытудан аянып қалмады. Атап айтсақ, «Форте банк» акционерлік қоғамы көп балалы әскери қызметшілердің он сегіз баласына оқу құралдары мен мектеп сөмкелерін табыс етті. Балаларға қажеттіліктерін тапсыру барысында жаңа оқу жылын жақсы нәтижемен аяқтауларына сенім білдіріп, сәттілік тіледі.
– Бөлімде жеке құрамның отбасыларымен тығыз қарым-қатынас орнатылған. Қайырымдылық шараларына да әскерилер өз үлесін қосып келеді. Осындай қайырымдылық шаралары алдағы уақытта да өз жалғасын табады деп сенемін, - деді 18404 әскери бөлімнің отбасы мүшелерімен жұмысты ұйымдастыру комитетінің төрайымы Айсұлу Жумакеева.
Көмек қолын созған жандарға ата-аналар мен бүлдіршіндер өз алғыстарын білдірді.
Жетісу гарнизонының баспасөз қызметі