Әскери маман иесі – жауапты тұлға

Админ
17/09/2024 - 21:13

   Жақында ғана жария болған Қазақстан халқына арналған «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «...Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді» деген болатын.

    Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді» - деген болатын.

    Мемлекет басшысының алға қойған тапсырмаларын жүзеге асыру мақсатында, сонымен қатар елімізде жыл сайын қыркүйек айының басында аталып өтетін Қазақстан халқының тілдері күніне арналған іс-шаралар аясында Қарағанды облысы білім басқармасының Приозерск қалалық білім бөлімінің «№2 жалпы білім беретін мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде «Өнегелі өмір» жобасындағы «Маманға жүз сұрақ» тақырыбындағы мектеп оқушыларының Отан қорғау қызметіндегі әскери маман иелерімен кездесуі болып өтті. Алқалы жиынға білім ошағының 5-ші және 6-шы сынып оқушылары тартылса, аса зор қошеметпен Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің ардагері, Приозерск гарнизонындағы Қарулы Күштер ардагерлері ұжымының төрағасы, Қазақстан Республикасының Құрметті азаматы Тілек Кенжебековке, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Қару-жарақ басқармасы 60601 әскери бөлімінің офицер-психологы лейтенант Қуаныш Ибрашқа және мектептің алғашқы әскери және технологиялық пәнінен педагог-ұйымдастырушы Мухан Мадешовке төрдегі орындар берілді. Әскери маман иелеріне арналған кездесуді мектептің қазақ тілі мен әдебиет мұғалімі Айнұр Орақбаева ашып берді. Алдымен сөз Қарулы Күштер ардагері Т.А.Кенжебековке берілді. Келесі кезекте лейтенант Қ.Н.Ибраш ардагер аға сөзін жалғап әкетсе, білікті ұстаз М.С.Мадешов әскер жасына дейінгі мектеп оқушыларын дайындаудағы өз еңбегінің қыр-сырымен ой бөлісті. Ардагер аға Тілек Алшымбекұлы өз сөзінде: «Мен есейіп ер жеткен соң әскер қатарына шақырылып, Отан алдындағы азаматтық борышымды адал атқардым, Кейін еліміз егемендікке қол жеткізген соң, Қазақстанның төл әскерінің қатарында көп жылдар бойы келісімшарт бойынша қызмет атқарып, зейнеткерлікке шықтым, Әлі де Отан алдындағы қызметтен қол үзбестен, әскери қызметшілерден қалыспай еңбек етіп келемін...», - деп көкейдегі түйгендерін оқушыларға жеткізіп берді. Кезекті сөз берілген лейтенант Қуаныш Нұрланұлы өзінің Тәуелсіз Қазақстанның айбынды армиясының қатарында қызмет етіп жүргенін мақтан ететінін ашық айтты.   

     Кездесулің мақсаты ардагер ағалардың жолын оқушыларға үлгі ету, сонымен қатар олардың әңгімелерінің мән-мағынасын ұғына білу, үлкендерді сыйлауды, атаның батасын және ананың алғысын ала білуді үйрену болып табылады.

     Ашық-жарқын кездесуді ұйымдастырушылардың қатарында мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Нұрсұлтан Сейдікәрім де болды. Аса жоғары деңгейдегі ұйымшылдықпен өткен кездесуден кейін мектеп оқушылары әскери маман иелерін ортаға алып, естелік фотосуретке түсті.

 

Приозерск гарнизонының баспасөз хатшысы

Думан Жұмашұлы

×

Редакция

$ 478.93  534.96  5.16