ШЫМКЕНТ ГАРНИЗОНЫ: Күзгі әскерге шақыру

Шымкент қаласының қорғаныс істері департаментінің қалалық жиын пунктінде жастарды әскерге шақыру мәселелері бойынша кеңес өтті. Қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығы полковник Әбдіғабит Шегебаевтың төрағалығымен өткен кеңесте 2024 жылдың күзінде азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыруға даярлаудың негізгі мәселелері қаралды, сондай-ақ көктемгі шақыру науқанының қорытындылары шығарылды.

Админ
11/09/2024 - 23:40

Өзекті мәселелер мен оларды шешу жолдары Шымкент қаласы әкімінің көмекшісі полковник Тимур Бидайбековтің, Шымкент гарнизонының әскери прокуроры әділет полковнигі Ғалымжан Маханбетовтің, ҚР ІІМ әскери-тергеу басқармасының өңірлік бөлімінің бастығы әділет подполковнигі Алмас Белгібаевтың, әскери полиция бөлімінің бастығы подполковник Алмас Жақсыбаевтың, «Аналардың жүрегі» сарбаз аналары комитетінің өкілі Шарифа Муминованың, сондай-ақ шақыру жұмысын ұйымдастыруға жауапты тұлғалардың қатысуымен қаралды. 

Өз сөзінде Шымкент қаласының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы полковник Әбдіғабит Шегебаев көктемгі шақыруды қорытындылап, күзгі науқанға арналған жұмыс жоспарын жеткізді. Қорғаныс істері департаменті бастығының айтуынша, осы жылдың көктемінде азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру жоспары толық көлемде орындалды.

– Өткен көктемде Шымкенттен Қарулы күштер қатарына,  Ұлттық ұлан бөлімдеріне,  Шекара қызметіне, сондай-ақ Мемлекеттік күзет қызметі мен ТЖМ-ге 1000-нан астам адам шақырылды, – деді полковник Әбдіғабит Шегебаев.

Әскери прокуратура мен қылмыстық қудалау органдарының өкілдері жастарды «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының Заңымен регламенттелген әскери қызметке шақырудың тәртібі мен ерекшеліктері туралы сөз қозғады. Олар отбасылық және кәсіптік қызметке байланысты мән-жайлар бойынша кейінге қалдыру мәселесі бойынша шешім қабылдауға адами фактордың әсерін болдырмауға ықпал ететін азаматтарды әскери қызметке шақыруды цифрландыру бағытындағы жұмысты күшейту қажет екенін атап өтті.

Бұдан басқа, кеңеске қатысушыларға медициналық комиссия мен әскери қызмет өткеруден жалтарған әскерге шақыру жасындағы азаматтарға қатысты әкімшілік және қылмыстық жауаптылықты қолдану жөнінде түсініктемелер берілді.

Айта кетсек, жыл сайын Қазақстан Республикасының Үкіметі әскери қызметтің беделі мен тартымдылығын арттыруға бағытталған бірқатар шешімдер қабылдайды.

Мысалы, 2022 жылдың күзінен бастап Қорғаныс министрлігінің бастамасымен әскерге шақырылушыларға «кредиттік демалыс» беру жүйесі жұмыс істейді. Бұдан басқа, 2023 жылдан бастап ҚР Қорғаныс министрлігі мен еліміздің жоғары оқу орындары арасында «азаматтарды әскери-патриоттық тәрбиелеу саласындағы ынтымақтастық туралы» келісімге қол қойылған, оған сәйкес ең ерекшеленген сарбаздар еліміздің 80-нен астам жоғары оқу орындарына жеңілдікпен түсе алады.

×

Редакция

$ 483.23  534.74  5.12