Украина Қырымдағы ғарышты бақылау орталығына шабуыл жасады – BBC

Шабуыл Евпатория қаласының маңындағы ресейлік командалық пунктерге жасалды

Админ
25/06/2024 - 09:04

Фото: Bild

Фото: Bild

Украина әскерилері Қырымдағы ресейлік ғарышты бақылау орталығына шабуыл жасаған болуы мүмкін. Бұл туралы Sarbaz.kz тілшісі BBC агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Украина армиясы аннексияланған Қырымда орналасқан ресейлік NIP-16 ғарыштық байланыс нысанына батыс елдері берген қарумен шабуыл жасады. Болжам бойынша, аталмыш нысанға елеулі зақым келді.

Украина ақпарат құралдарының хабарлауынша, жексенбі күні кешке Германияда жасалған төрт M270 зымырандық артиллериялық жүйесі Қырымның батыс жағалауына екі MGM-140 ATACMS зымыранын атқылаған. Шабуыл Евпатория қаласының маңындағы ресейлік командалық пунктерге жасалды.

Жергілікті тұрғындар ғарыш орталығының аймағындағы өртті түсіріп алған: онда биіктігі 70 метрге жететін антенналар бар. NIP-16 бір-бірінен шамамен он шақырым қашықтықта орналасқан екі нысаннан тұрады.

Егер NIP-16 ғарыштық бақылау және байланыс орталығы шынымен де жартылай жойылса, Ресей ғарыштық байланыс саласындағы мүмкіндіктерінің бір бөлігін жоғалтты. Сонымен қатар, бұл орталық ресейлік әскери және азаматтық спутниктерді бақылау үшін өте маңызды. Сарапшылардың пікірінше, бұл ресейлік әскерилердің зымырандарды нысанаға бағыттау қабілетіне әсер етуі мүмкін.

Ресей қорғаныс министрлігі Қырымдағы ғарыштық бақылау және байланыс орталығына жасалған шабуылды ресми растаған жоқ.

NIP-16 орталығы 1960 жылы салынған; 1992 жылы ол Украинаның бақылауында болды. Қырымды аннексиялағаннан кейін Ресей билігі орталықты жаңартып, 2020 жылы қайта ашты.

Бұған қоса, жексенбі күні Украина әскері АТАCМS зымырандарымен Севастопольге шабуыл жасады. Салдарынан ресейлік әуе қорғаныс күштері ұстаған зымыранның сынықтары қалалық жағажайлардың біріне құлаған - жарылыс салдарынан төрт адам, оның ішінде екі бала қаза тапты.

×

Редакция

$ 498.34  519.72  4.85