АҚШ-та Байденге қатысты тергеу жүргізілуі мүмкін

Бұл туралы Палата Спикері Кевин Маккарти Fox News-ке берген сұхбатында айтты

Нұрдәулет Кәкіш
23/08/2023 - 18:15

Фото ашық дереккөзден

Фото ашық дереккөзден

АҚШ Конгресінің Өкілдер палатасы президент Джо Байден мен оның ұлы Хантердің қаржылық қызметіне қатысты тергеуді бастауы мүмкін. Бұл туралы Палата Спикері Кевин Маккарти Fox News-ке берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Sarbaz.kz тілшісі.

«Біз импичмент бойынша тергеу жүргіземіз бе, жоқ па, ол негізінен біз сұраған құжаттарды (Байден) бізге бере ме, жоқ па, соған байланысты», - деді Кевин Маккарти Fox News-ке.

Сонымен қатар ол Байдендердің бұл мәселені қалай шешетіні маңызды екенін тілге тиек етті.

«Егер олар бізге құжаттарды ұсынса, импичментті тергеудің қажеті болмас еді. Бірақ егер олар құжаттарды жасырып, америкалық жұртты білуге лайық нәрсемен қамтамасыз етпеу үшін қазіргідей күресетін болса, біз жиналыстарға оралғанда (Конгресс демалысынан кейін) импичмент бойынша тергеуді жалғастырамыз», - деді Маккарти.

Спикердің айтуынша, бұл – банктік шоттар мен несие карталарынан үзінді көшірмелер. Бірақ ол нақты кімнің шоты жайлы сөз қозғағанын тап басып айтпады.

«Банктік үзінді көшірмелер, несие картасы бойынша үзінді көшірмелер. Ақшаның қайда жұмсалғанын, сыртқы көздерден ақша алған-алмағанын көрсетсін. Бұл жағдайдың көп бөлігін анықтайтын еді. Бірақ олар әр қадамында осы жағдайға қарсы күрес жүргізетін сияқты», - деді Маккарти.

Ол бұл құжаттарды жасырудың түк пайдасы жоқ екенін атап өтті.

«Өйткені импичмент бойынша тергеу аясында біз өзімізге қажетті құжаттың бәрін ала аламыз», - деп қосты ол.

Бұған дейін Маккарти президент Джо Байденнің отбасының қаржылық қызметіне қатысты тергеу импичмент ісін бастауға себеп болуы мүмкін екенін мәлімдеген болатын.

Маккарти Байден президенттікке үміткер болған кезде оның америкалықтарға Хантердің бизнесін ешқашан талқыламағанын айтқанын еске салды.

«Ол (Джо Байден) оның отбасы Қытайдан бір доллар алмағанын айтты. Бірақ біз қазір мұның шындыққа жанаспайтынын дәлелдедік», - деді спикер.

Тегтер

×

Редакция

$ 474.26  514.48  5.43