Еуроодақ пен Украина жақын күндері қауіпсіздік келісімін жасамақ
Еуропалық Одақ пен Украина арасындағы қауіпсіздік туралы келісімге жақын күндері қол қойылады, деп хабарлады Еуроодақтың жоғары лауазымды шенеунігі Брюссельдегі брифингте. Оның атап өтуінше, тараптар келісімнің мәтінін келісіп үлгерді; Ресми өкілдің айтуынша, құжатқа 26 маусымда Украина президенті Владимир Зеленский қол қояды деп күтілуде. Келісімде Киевке әскери көмек көрсету ғана емес, қаржылық қолдау, еуропалық интеграция және ынтымақтастықтың басқа да бағыттары қарастырылған, деп хабарлайды Sarbaz.kz DW-ге сілтеме жасап.
Сонымен қатар, 24 маусымда Еуропалық Одақ Ресейге Украинадағы агрессиясы үшін санкциялардың 14 пакетін ресми түрде бекітеді деп күтілуде. Бұл мәселені Люксембургтегі Сыртқы істер кеңесінде ЕО елдерінің сыртқы істер министрлері қарастырады. Олар украиналық әріптесі Дмитрий Кулебамен де бейнебайланыс арқылы байланысады.
«Украинаны қару-жарақпен қамтамасыз ету - біздің басты міндетіміз», - деді жоғары лауазымды шенеунік. Бұл тақырып Еуроодақ Сыртқы істер кеңесінің күн тәртібінде бірінші орын алады.