Әуел баста 800 мың адамға ғана есептелген ел астанасында қазір 1,4 млн тұрғын бар
Кез келген мегополисте жайлы өмір сүруі үшін не керек? Тұрақты жұмыс, жоғары табыс, жайлы баспана, қажетті әлеуметтік нысандар. Бұл ең негізгі қажет дүниелер. Демография өсіп, қала тұрғындары артқан сайын аталмыш дүниелерге деген сұраныс та күшейетіні анық. Әуел баста 800 мың адамға ғана есептелген ел астанасында қазір 1,4 млн тұрғын бар. Қаланың тыныс-тіршілігіне жауапты орган – Астана әкімдігі осы бағытта қандай шаруалар атқарып жатыр? Sarbaz.kz тілшісі осы мәселеге кеңінен тоқталып өтпек.
Ел астанасы арқа төріне қоныс аударғалы 30 жылға жуықтап қалды. Қала тұрғындары бастапқы уақытта небәрі 200 мыңның айналасында болса, бүгінде 7 есе көбейді.
Астана әкімдігі таратқан мәліметтерге жүгінер болсақ, 2000 жылдары қалалықтар саны 400 мың адамды құраса, араға 10 жыл салып, 2010 жылы 650 мыңға жеткен. Ал 2022 жылы елордалықтар саны 1 млн 200 мың адамнан асып түсті. Туу көрсеткіші мен ішкі көші-қонды ескерер болсақ, астаналықтар саны жыл сайын 50-60 мың адамға көбейеді.
«Бас жоспар бойынша, 2030 жылы астаналықтар саны 800 мың адамға жетеді деген болжам болған. Бірақ 2010 жылы жоспар өзгеріп, 2030 жылға қарай қала тұрғындары 1 млн 200 мың адамға жетеді деп жоспарланған. Ал бұл көрсеткішке 2022 жылдың өзінде жетіп қойдық. Жаңа болжамдар бойынша, осы динамика сақталса, 2035 жылға қарай, астаналықтар саны екі есеге артады», - деген еді елорданың бұрынғы әкімі Алтай Көлгінов.
Фото: akorda.kz
Яғни енді 11 жылдан кейін Астана тұрғындарының саны 2 млн 400 мыңнан асып кетуі мүмкін.
Еліміздің бас қаласы болғаннан кейін жайлы өмір, тұрақты жұмыс іздеп әрі Астананың дамуына өзіндік үлесін қосуға келетіндер қатары аз емес.
Қаладағы өзекті мәселелердің бірі – тұрғын үй. Әкімдік 2024 жылдың басында тұрғын үй кезегінде 40 872 адам бар екенін мәлімдеді. Аз емес. Оның сыртында теріс пиғылды құрылыс компанияларына алданып, баспанасын ала алмай жүргендер тағы бар. Заңсыз құрылыс жүргізіп жатқан компаниялар да жоқ емес. Бұл мәселелер қалай шешіліп жатыр?!
Астана қаласының Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының мәліметінше, 2024 жылы 3382 пәтер беруді жоспарлап отыр. Осы жылдың алғашқы тоқсанында 1342 пәтер түрлі санаттар бойынша елордалықтарға үлестіріліп берілген.
2021 жылғы мәлімет бойынша, қалада 48 мыңнан астам адам баспана кезегінде тұрған. Үш жылда кезекте тұрғандар саны 8 мыңға азайған. Есептеуіміз бойынша, тұрғын үй құрылысы осы қарқында жалғасса, кезекте тұрғандарға шамамен 10-12 жылда салынып бітуі мүмкін.
Осыдан 10-15 жыл бұрын елордада жосызсық құрылыс компанияларының саны күрт көбейіп кетті. Олардың заңсыз әрекеттерінен Астанада 140-тан астам тұрғын үйдің құрылысы аяқталмай, 15,5 мың үлескер отбасы бүгінге дейін үйлеріне кіре алмай жүрді. Үлескерлердің ақшасын қабылдап, уәдесін орындамай, қаншама құрылыс компаниясының басшысы шетел асып кетті. Олардың басым бөлігі ұсталып, темір торға қамалды.
Фото: Астана әкімдігі
Өткеннен тәжірибе алған әкімдік қаладағы құрылыс компанияларына қоятын талаптарын күшейтті. Мәселен, бұрын тұрғын үйдің құрылысы басталар-басталмас сәттен-ақ жосықсыз компаниялар үлескерлердің ақшасын қағып алатын. Қазір арнайы рұқсатсыз үлескерлердің қаражатын қабылдауға тыйым салынады.
«Үлескерлердің қаражатын тиісті рұқсатсыз қабылдауға «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салынады. Бұл ретте Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодекстің 320-бабы, сондай-ақ Қылмыстық кодекстің 214-бабы бойынша кәсіпкерлік қызметтің тыйым салынған түрлерімен айналысқаны үшін жауапкершілік қарастырылған», - деп хабарлайды Астана әкімдігі.
Қала әкімі Жеңіс Қасымбектің мәліметінше, биылға құрылысы ұзаққа созылған 10 үй қалды. Олардың бір бөлігі аяқталып қойған, ал қалғанын осы жылдың маусым айының соңына дейін бітіру жоспарланып отыр. Әрбір нысан бойынша қадамдық іс-шаралар жоспары бар.
Иә, енді арсыз құрылыс компанияларына алданып, баспанасыз қалдым деген үлескерлердің мәселесі біржола шешіледі.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Астанада 25 жыл ішінде 430,1 мың сәби өмірге келіпті. Өткен жылғы мәліметке сәйкес, 18 жасқа дейінгі астаналықтар саны – 444,4 мың. Ал оның ішінде мектеп жасында 259 мың бала бар. Былтыр 1-сыныпқа 27 бала мектеп табалдырығын аттаған.
Міне осыған қарап-ақ өскелең ұрпақ үшін Астанада балабақшадан бастап, мектеп, үйірме секілді қажетті әлеуметтік нысандарға сұранысты байқауға болады.
Елорда мектептеріндегі өзекті мәселенің бірі – үш ауысымдылық. Өткен оқу жылында үш ауысымды 8 мектеп, шамадан тыс жүктелген 18 мектеп болды.
Фото: Астана әкімдігі
«Қазіргі уақытта 100 мыңға жуық оқушы орнына арналған 32 мектептің құрылысын жүргізіп жатырмыз. Оның ішінде жыл соңына дейін 64 мыңға жуық оқушыға арналған 23 мектептің (2 ауысымда) құрылысын аяқтауды жоспарлап отырмыз. Олар – «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясындағы 15 мектеп (Есіл – 6, Нұра – 4, Алматы – 3, Сарыарқа – 2), 5 мемлекеттік мектеп (Нұра – 2, Байқоңыр – 2, Алматы – 1), 3 жекеменшік (Есіл – 2, Алматы – 1)», – дейді Жеңіс Қасымбек.
Жаңа оқу жылының басында қала әкімдігі 32 мыңға жуық оқушы орнына (2 ауысымда) арналған 12 мектептің құрылысын аяқтауды жоспарлап отыр.
«Осылайша, 23 жаңа мектеп арқылы алты мектепте үш ауысымды оқу мәселесін, тағы 9 мектепте шамадан тыс режимі мәселесін шешуді жоспарлап отырмыз», - деп қала әкімі уәде берді.
Жылына жаңадан 2 мыңнан астам бүлдіршін балабақшаға барады
Астанада мемлекеттік балабақшалардың құрылысы 2017 жылдан бастап тоқтап қалған. Бұл туралы қала әкімі Жеңіс Қасымбек 2023 жылдың күзінде былай деген еді:
«Келер жылдан бастап мемлекеттік балабақшалардың құрылысын қайта бастаймыз. Мемлекеттік балабақшалар соңғы 6 жылда мүлдем салынбаған», - деді.
Бұл ретте осы 6 жыл бойы қаладағы балабақшалар жекеменшік кәсіпкерлік жолдармен реттеліп жатты. Міне демографиялық өсімге байланысты қала әкімдігі жекеменшік кәсіпкерлермен тығыз жұмыс істеуді қолға алған. Бүлдіршін үшін балабақшаға төленетін ақының бір бөлігін ата-ана өз қалтасынан төлесе, қалған бөлігі мемлекет тарапынан өтелінетін.
Фото: Астана әкімдігі
Әкімдіктің жуырдағы мәліметі бойынша Астанада 69 953 баланы қамтитын 546 мектепке дейінгі білім беру нысаны бар. Ал өткен жылы 67 642 баланы қамтыған 505 балабақша болатын. Міне осы сандарға қарап-ақ ел астанасында балабақшаға баратын бүлдіршіндер саны жылына 2 мыңға көбейетінін байқауға болады.
Әкімнің айтуынша, осы 6 жыл ішінде жекеменшік балабақшаларға арналған мемлекеттік тапсырыстар бөлінді. Алайда қала тұрғындары санының артуы әлеуметтік нысандарға деген сұранысты байқатты.
«Мемлекеттік балабақшалардың құрылысын қайта бастау туралы шешім қабылдадық. Қазір ішкі жұмыстарды жүргізіп жатырмыз: жер учаскелерін анықтап, инженерлік желілер мен басқа да қажетті инфрақұрылымның дайындығын қарастырамыз. Келер жылдан бастап мемлекеттік балабақшалардың құрылысын қаржыландыруды жоспарлайтын боламыз. 60 жер учаскесін белгілеуді жоспарлап отырмыз. Оларды кезең-кезеңімен саламыз», - деп жазды елорда әкімі.
Яғни, бұл алдағы жылдары Астанада кемінде 60 мемлекеттік балабақша бой көтереді дегенді білдіреді.
Астана тұрғындары ғана емес бүкіл Қазақстан үшін маңызды мәселелердің бірі – тұрақты жұмыс орны. Бұл кез келген отбасының әлеуметтік жағдайына, қаржылық тұрғыда тұрақтылығына үлкен әсер етеді. Сол сияқты жаның қалаған сүйікті іспен айналысып, өміріңді басқа арнаға бұру үшін кейде мүмкіндік те, жағдай да бола бермейді.
Ал осы мәселені шешу үшін қала әкімдігі 2023 жылдың мамыр айынан бастап «JOLTAP» жобасын қолға алған. Жобаның мақсаты сол қысқа мерзім ішінде астаналықтардың белгілі бір мамандықты игеріп, ары қарай тұрақты жұмыс істеуіне жәрдем беру.
Жоба арқылы қала тұрғындарына 14 мамандық ұсынылған. Ал оқыту бағдарламалары мамандыққа байланысты 2 аптадан 1 айға дейін барынша қысқа мерзімде практикалық дағдыларды меңгеруге бағытталған.
Ал мамандық атаулары нарықтағы сұранысқа ие түрлеріне негізделеді. Мәселен, соңғы жылдары жастар арасында белең алған «мобилография» курсын ерекше атап өтуге болады. Ұялы телефонмен видеоконтент түсіріп, оны монтаждау бойынша курс сататындар аз емес. Ал оның құны жекелеген тұстарда 300 мың теңгеден асып түсіп жатады. Міне осындай қымбат курстарды Астана әкімдігі тегін негізде үйретіп, тіпті тұрақты жұмыс табуына дейін жәрдемдеседі.
«Мобилографияны меңгермей тұрып, 6 жыл бойы аспазшы болып жұмыс істедім. Сол уақытта да видео түсіруге деген қызығушылығым болды. Ал нарықта оған үйрететін курстар айына 300-350 мыңнан басталады. Бірақ оны сатып алып үйренетін мүмкіндігім болған жоқ. Кейін денсаулығыма байланысты жұмыс орнын ауыстыруыма тура келді. Осылайша қала көшелерінде орналасқан пунктердің біріне кіріп, 14 мамандықтың ішінен «Мобилография» курсын таңдадым», - дейді «JOLTAP» жобасы бойынша білім алған Нұрсұлтан Телтаев.
Айтуынша небәрі 11 күн ішінде ұялы телефонымен көздің жауын алатын фото мен видео түсіруді, ары қарай оны монтаждап, әдемі туынды жасауды үйреніпті. Ал курсты аяқтағаннан кейін бір айдан аса уақыт ішінде төрт жобада жұмыс істеп үлгерген.
«Курс барысында бастапқы мобилограф маманына қажет барлық керек-жарақ түрлері айтылып, түсірілім тәсілдері үйретілді. 11 күн ішінде әдемі видео түсіріп, оны монтаждауды үйрендік. Оқу аяқталғаннан кейін сертификат берілді. Мен бірден тапсырыс алып, мобилограф ретінде табыс таба бастадым. Мәселен курсты бітіргеніме 1,5 ай болып қалды. Осы аралықта 4 жобадан ұсыныс түсіп, жалпы 500 мың теңгеден аса табыс таптым. Автоұйымдар мен бизнес-форумдарда видео түсірдім. Осы қысқа аралықта мобилография саласы арқылы түрлі адамдармен таныстым», - дейді елордалық жас жігіт.
Бұл бір ғана адамның жетістігі. Ал жоба бастау алған бір жыл уақытта екі мыңнан астам астаналық 14 мамандық бойынша дайындық курстарынан өтті. Олардың әрқайсысы қазір «JOLTAP» жобасы арқылы өмірден өз жолын тауып, табысын арттырып отыр.
Фото: Астана әкімдігі
Өміріңізді жаңа арнаға бұрып, дайындық курстарынан өткіңіз келсе, мына мекенжайларда орналасқан «Баршаға мүмкіндік» модульдік пунктеріне жүгініңіз:
Жаңа жоба небәрі бір жыл бұрын Астанадан бастау алғанмен, сұранысқа ие болып, Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің тапсырмасы бойынша бүгінде өңірлерде де жалғасын тауып отыр.
«Кеңейту жұмыстары Қарағанды және Ақтөбе облыстарында, Алматы және Шымкент қалаларында басталды. Жақын арада бұл өңірлердің тұрғындары JOLTAP жобасына қатыса алады. Барлық сұрақтар бойынша жергілікті әкімдіктерге хабарласуды ұсынамыз.
«JOLTAP жобасы өңірлерде сәтті бейімделіп, мыңдаған азаматтарға пайда әкеледі деп үміттенеміз», - деп мәлімдеді Жобаның операторы «Жаңа Мүмкіндік» қоры.
Сөз соңында айтарымыз, жайлы өмір, жоғары табыс іздеп, арысы АҚШ, берісі, Еуропа елдерін, сол сияқты Оңтүстік Кореяны аралап кеткен отандастарымыз аз емес. Жекелеген маман иелері ғана лауазымды қызметтерге орналасса, басым бөлігі қара жұмысқа жегілетіні жасырын емес. Бірақ ондай мүмкіндік елімізде де ақырындап жасалып жатқанына көңіл бөлген жөн. Өзге ел бәрі бір өз жеріңдей болмайды. Көш жүре түзеледі...