19 маусым – Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің күні

1998 жылы Әуе қорғанысы әскерлері Әуе қорғанысы күштерінің құрамына кірді

Админ
19/06/2024 - 15:05

Фото: Қорғаныс министрлігі

Фото: Қорғаныс министрлігі

ҚР Қарулы күштерінде Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің құрылған күні атап өтіледі. Бұл әскер тегі Қорғаныс министрінің 1992 жылғы 19 маусымдағы директивасы негізінде құрылған болатын. Сол тұста әскерлердің құрамына Қазақстан аумағында орналасқан 37-ші әуе шабуылына қарсы қорғаныс корпусының зениттік, зымыран, радиотехника және авиация бөлімдері, сондай-ақ әуе айлақтық-техникалық бөлімшелері, байланыс және радиотехникалық қамтамасыз ету батальоны кірді. Бұл туралы Sarbaz.kz тілшісі қорғаныс ведомствосының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің қалыптасуының басы-қасында әр жылдары Халық қаһарманы армия генералы Мұхтар Алтынбаев, авиация генерал-майоры Анатолий Васимов, генерал-майор Владимир Бондаренко, генерал-лейтенант Оқас Сапаров, генерал-майор Нұржан Мұқанов және басқа да әскерилер тұрды. 1998 жылы Әуе қорғанысы әскерлері Әуе қорғанысы күштерінің құрамына кірді.

Қазіргі уақытта бұл әскер тегі Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің командалық пункті, құрамына зениттік-зымырандық және радиотехникалық бөлімшелері кіретін әуе шабуылына қарсы қорғаныс бригадаларынан тұрады.

«Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері еліміздің әкімшілік-саяси, өнеркәсіптік-экономикалық орталықтарын әуеден қорғаудан бөлек, әуе кеңістігін пайдалану тәртібінің сақталуын бақылап, әуе қарсыласына қарсы күрес жүргізеді. Сонымен қатар Құрлық әскерлерінің топтарын, маңызды әскери және басқа да объектілерді қарсыластың авиациялық және ұшқышсыз ұшу құралдарының соққыларынан қорғауды жүзеге асырады.

Бейбіт уақытта Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері әуе кеңістігін пайдалану тәртібінің сақталуын үздіксіз бақылауды жүзеге асыра отырып, тәулік бойы жауынгерлік кезекшілік атқарады.

Бүгінгі күні Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері қарсыластың заманауи әуеден шабуылдау құралдарын барлық ұшу биіктіктері мен жылдамдықтары диапазонында дер кезінде анықтап, оларға соққы бере алатын зениттік-зымырандық кешендермен және барлау құралдарымен толықтай жарақтанған.

Әскерлерді жоғары технологиялық қару-жарақпен және техникамен жарақтандыру жоспарлы түрде жалғасуда. Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлеріне жаңғыртылған С-300 зениттік-зымыран кешендері, қазіргі заманғы GM-403 «Нұр» және Қазақстанның барлық әуе кеңістігін бақылауға мүмкіндік беретін «Роса» радиолокациялық станциялары, сондай-ақ орташа қашықтықтағы «БУК-М2Э» және қысқа қашықтықтағы «ТОР-М» жаңа зениттік-зымыран кешендері жеткізілді», - делінген хабарламада.

Бүгінде Әуе шабуылына қорғаныс әскерлері үшін жоғары кәсіби офицерлік кадрларды дайындауды Алматы қаласында орналасқан Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты жүзеге асырады. Әскери жоғары оқу орнында жаттығу кешендері, техникасы және қару-жарағы бар жеке полигон, сондай-ақ барлық қажетті оқу-материалдық база қалыптасқан.

Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің мамандары өздерінің жоғары шеберліктерін ТМД әуе қорғанысының біріккен жүйесіндегі «Жауынгерлік достастық» және «Ашық аспан» халықаралық оқу-жаттығулары барысында бірнеше рет дәлелдеді.

×

Редакция

$ 522.49  547.88  5.06