Қазақстанның бұрынғы судьясы Германияда өлі күйінде табылды

Ол Астананың Сарыарқа ауданында судья болып жұмыс істеген

Админ
18/06/2024 - 09:03

Фото: Bild

Фото: Bild

Қазақстанның бұрынғы судьясы Айгүл Сайлыбаева Германияда өлі күйінде табылды. Бұл туралы Sarbaz.kz тілшісі Bild басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Басылым мәліметінше, 40 жастағы әйел осыған дейін Астананың Сарыарқа ауданында судья болып жұмыс істеген, ал соңғы уақыттары Германияның батысындағы Бенсхайм қаласында күйеуімен, қызымен және енесімен бірге тұрған. 4 маусым күні таңертең Сайлыбаева қызын балабақшаға алып кеткен. Содан бері оны ешкім көрмеген.

«Жексенбі күні оның денесі қала шетіндегі Эрлаче карьерінен табылды», – делінген материалда.

Мәйіт полиэтилен пакетке оралған және оның өлер алдында зорлық-зомбылыққа ұшырағаны байқалады.

«Қазір кісі өлтіру қылмысын ашу бойынша 35 тергеуші жұмыс істеп жатыр. Әйелдің үйі тінтілді», – делінген мәліметтерде.

Сайлыбаевамен бірге оның 49 жастағы енесі Наталья Донцованың жоғалып кеткені хабарланды. Ол 4 маусым күні немересін балабақшадан алып, үйіне жеткізгені белгілі болды. Содан бері оны ешкім көрмеген.

Тәртіп сақшылары Донцованы іздестіріп жатыр. Тергеушілер екі оқиғаның байланысын анықтауда.

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Сайлыбаеваның қайтыс болғанын растап, марқұмның туыстарына барлық қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетілгенін мәлімдеді.

Сайлыбаеваның анасы мен ағасы оны іздеу үшін Германияға кеткен.

Айта кетейік, Айгүл Сайлыбаева 3 маусымда отбасымен байланысын тоқтатқан болатын. Соңғы бес жыл бойы ол күйеуімен және баласымен Германияда тұрады. Бұған алаңдаған туыстары Қазақстанның Майндағы Франкфурт қаласындағы Бас консулдығынан көмек сұраған. Жоғалған әйелдің туыстары оны тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болуы мүмкін деп күдіктеніп отыр.

×

Редакция

$ 494.87  520.65  4.91