Нью-Йоркте қанша қазақ тұрады?

Бұл сұраққа АҚШ-та 20 жылдан бері тұрып жатқан кәсіпкер Думан Раздан жауап берді

Sarbaz.kz редакторы
22/08/2023 - 20:18

Фото: Құбылай Мұратұлы

Фото: Құбылай Мұратұлы

Нью-Йоркте қанша қазақ тұрады? Бұл туралы кәсіпкер, АҚШ-тағы Grand Corner Realty компаниясының негізін қалаушы Думан Раздан KazUnite халықаралық порталына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Sarbaz.kz тілшісі.

«Нью-Йоркте менің білуімше, қазір 10 мыңға жуық қазақ тұрады. Бұл санды осыдан біраз уақыт бұрын Нью-Йорктегі Қазақстанның Консулдығына барғанда анықтаған едім», - деді Думан Раздан KazUnite-қа.

Оның айтуынша, онда басқа ұлттардың мәдени орталықтары өте көп.

«Білуімше, олардың көбі бастапқыда өз мемлекеттерінің қолдауымен ашылған. Оларға өз мемлекеттерінің елшіліктері көмектескен. Қазір де көмектесетіндер бар. Сол көмектің арқасында олар аяққа тұрып кетті. Оның үстіне, Нью-Йоркте басқа ұлттардың адам саны да көп», - деді ол.

Думан Разданның АҚШ-та тұрып жатқанына 20 жылдан асқан. Соған қарамастан қазақылықты қатаң сақтап отырғанын айтады. Айтуынша, оған ешқандай шек қойылмайды.

«Менің келгеніме, міне, 20 жыл болды. Мен өз тілімде сөйлеймін, үйде де қазақша сөйлеймін. Жылда мүмкіндігімізге қарай соғымымызды сойып, қазы-қартамызды жасап аламыз. Кәдімгі қазақ болып өмір сүріп отырмыз. Оған ешкім шек қоймайды. Сондықтан басқа елдерге қарағанда дәл Америкада тіліңді, дәстүріңді сақтап қалу оңайырақ. Рас, Қазақстандағыдай, мұнда да өз тіліне, өз әдет-ғұрпына онша ықыласы жоқ адамдар да бар. Келгеніне жыл өтпей жатып балаларымен ағылшынша сөйлесетін, балалары ана тілін білмейтін отбасылар да бар. Ол әркімнің өзіне байланысты деп ойлаймын. Әйтпесе бұл елдің заңы да, қоғамы да өз тіліңді ұмытуға, өз дәстүріңді жоғалтуға мәжбүрлемейді», - деді Grand Corner Realty компаниясының негізін қалаушысы.

Тегтер

×

Редакция

$ 474.26  514.48  5.43