Ұлыбритания осыған дейін Украинаға 12,7 миллиард фунт стерлинг бөлген
Ұлыбритания G7 саммитінде Украинаға 300 миллион доллардан астам қаржы бөлетінін мәлімдейді. Бұл туралы Sarbaz.kz тілшісі BBC агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Ұлыбритания премьер-министрі Риши Сунак Италияда өтетін G7 саммитінде Украинаның шұғыл қажеттіліктері үшін 242 миллион фунт (310 миллион долларға жуық) бөлетінін жариялайды, деп мәлімдеді премьер-министр кеңсесі.
«Саммитте премьер-министр Украинаға гуманитарлық, энергетикалық және тұрақтандыру қажеттіліктерін қолдау, сол сияқты ұзақ мерзімді экономикалық және әлеуметтік қалпына келтіру және қайта құру үшін 242 миллион фунт стерлингке дейін қаржы бөлетінін жариялайды», - делінген хабарламада.
Агенттік мәліметінше, Ұлыбритания осыған дейін Украинаға әскери, гуманитарлық және экономикалық қолдау көрсетуі үшін шамамен 12,7 миллиард фунт стерлинг бөлген және Киевтің батыс серіктестері арасында бірінші болып Storm Shadow қанатты зымырандары мен Challenger 2 жауынгерлік танктерін, кейбір қару түрлерін жіберген.
«Біз бұл заңсыз соғысты тоқтатқымыз келсе, «қанша қажет болса да» қағидатына көшуіміз керек», - деді Риши Сунак G7 саммиті қарсаңында.