Армения ҰҚШҰ-дан шығатын болды

Пашинян ақпан айында елдің ҰҚШҰ-ға мүшелігін тоқтататынын мәлімдеген болатын

Админ
13/06/2024 - 10:37

Фото: РИА Новости / Алексей Дружинин

Фото: РИА Новости / Алексей Дружинин

Армения Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымынан шығатын болды. Бұл туралы парламенттегі үкімет сағатында Арменияның премьер-министрі Никол Пашинян мәлім етті, деп хабарлайды Sarbaz.kz тілшісі Euronews агенттігіне сілтеме жасап.

«Шығамыз. Қашан екенін шешеміз», - деді Пашинян.

Оппозициялық депутат Арменияның неліктен ҰҚШҰ-ға наразылығын білдіріп, ұйымнан шықпай отыр деген сауалына Пашинян осылай деп жауап берді.

«Біз ұйымға қайтып ораламыз деп ойлайсыз ба? Жоқ, енді басқа жолы жоқ. Уайымдамаңыз, біз кері қайтпаймыз», - деп қосты ол.

Өз кезегінде Арменияның сыртқы істер министрлігі Пашинянның сөзіне түсініктеме беріп, ол елдің ҰҚШҰ-дан шығатынын жарияламағанын айтты.

«Арменияның премьер-министрі біз ҰҚШҰ-дан шығамыз деп айтқан жоқ. Премьер-министр қашан шығатынымызды шешеміз, бірақ кері оралмаймыз деп мәлімдеді», - делінген хабарламада.

Ақпан айында Пашинян елдің ҰҚШҰ-ға мүшелігін тоқтататынын мәлімдеген болатын. Ал мамыр айының басында ел билігі ұйымды қаржыландыруға қатыспайтынын мәлімдеді.

Ал 11 маусым күні АҚШ пен Армения арасындағы қарым-қатынас стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілетіні хабарланды.

Осыған дейін Пашинян ҰҚШҰ Ереван алдындағы міндетін орындамағанын бірнеше рет тікелей мәлімдеген.

×

Редакция

$ 498.34  519.72  4.85