БҰҰ Израиль әскерін ХАМАС-пен теңестірді

Израиль 2023 жылы балаларға қатысты 5 698 құқық бұзушылық жасаған

Админ
12/06/2024 - 12:58

Фото: newarab.com

Фото: newarab.com

Біріккен Ұлттар Ұйымы алғаш рет Израиль қорғаныс күштерінің (IDF) әскерилерін қарулы қақтығыстар кезінде балаларға қатысты түрлі бұзушылықтар жасайтын «ұят тізіміне» енгізді, деп хабарлайды Sarbaz.kz тілшісі The Times of Israel басылымына сілтеме жасап.

Бұл шешімге израильдік әскерилердің балаларға шабуыл жасап, мүгедектікке ұшыратуы, сондай-ақ мектептер мен ауруханаларға шабуыл жасауы себеп болды. «Қатал қылмыскерлер» тізіміне ХАМАС қозғалысы мен «Палестинаның жиһад» қозғалысы да кірді.

Бұл шешім Израиль билігінің наразылығын тудырды. Премьер-министр Биньямин Нетаньяху үкіметі Израильде жұмыс істейтін БҰҰ-ның әртүрлі агенттіктеріне қарсы ауқымды санкцияларды, тіпті қызметкерлерін елден шығаруды талқылады.

Израиль халықаралық құқыққа сәйкес әрекет етіп жатқанын және бейбіт тұрғындардың құрбан болуына жол бермеу үшін мүмкіндіктің бәрін жасап жатқанын айтты. Ел билігі бірнеше бейбіт тұрғынның қазасын мойындап, ХАМАС содырлары азаматтық инфрақұрылымды баспана, ал бейбіт тұрғындарды «тірі қалқан» ретінде пайдаланады деп түсіндірді.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерриш Газадағы, Израильдегі және Иордан өзенінің батыс жағалауындағы балаларға қатысты қылмыстың күрт өсуі мен бұрын-соңды болмаған ауқымдылығы шошытатынын айтты. Ол Израильді бейбіт тұрғындарға шабуыл жасамауға шақырды.

Біріккен Ұлттар Ұйымының есебінде 2023 жылы Израиль балаларға қатысты 5 698 құқық бұзушылық жасағаны айтылған. Бір ғана Газа секторында БҰҰ 2267 палестиналық баланың өлтірілгенін дәлелдей алды.

2023 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы 18 жасқа дейінгі балаларға қатысты құқық бұзушылық өскенін тіркеді. Олардың көпшілігі Конго, Сомали және Сирия елдерінде тіркелген. Суданда 2023 жылы мұндай қылмыс саны 480%-ға өсті. Биылғы қара тізімге Мьянма қарулы күштері де кірді.

БҰҰ мәліметі бойынша, 2023 жылы 15 800-ден астам ұл және 6 250 қыз бала зардап шеккен.

×

Редакция

$ 494.87  520.65  4.91