АҚШ жағдайды қадағалап отырғанын мәлімдеді
Ресейлік әскери кемелер Кубаға барар жолда «Атлант мұхитында жоғары дәлдіктегі зымырандық қаруды қолдану» бойынша жаттығулар өткізді. Бұл туралы Sarbaz.kz тілшісі Euronews агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Ресейдің әскери кемелері бүгін Кубаға барады. Бұл туралы Ресей Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы Александр Моисеев мәлімдеді.
«Он екінші күні Солтүстік флоттың әскери кемелерінің отряды Кубаға кіреді, бұл жалпыға ортақ ақпарат. Бұл Ресей мен Куба арасындағы халықаралық ынтымақтастық аясында екенін растаймын», - деді ол.
Оның айтуынша, бұл Ресей Әскери-теңіз күштері отрядының осы сапардағы мақсатының бірі. Бас қолбасшы өз сөзінде отрядтың флагманы бортында заманауи қару-жарақтары орнатылған «Адмирал Горшков» фрегаты бар екенін айтты. Аралға «Қазан» атомдық сүңгуір қайығы да барады.
Ресей ресурстары кемелер Флорида жағалауынан ондаған шақырым өткенін мәлімдеді. Ал Ресей қорғаныс министрлігі Бостандық аралына барар жолда топтың «Атлант мұхитында жоғары дәлдіктегі зымырандық қаруды қолдану» жаттығуларын өткізгенін хабарлады.
Ақ үйдің баспасөз хатшысы Джон Кирби бұған дейін АҚШ Ресей әскери-теңіз күштері кемелерінің Кубаға сапарына қатысты жағдайды қадағалап отырғанын, бірақ АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігіне қауіп төндірмейтінін айтқан.
Кубаның сыртқы істер министрлігі ресейлік әскери кемелердің Гаванада 17 маусымға дейін болатынын, олардың ешқайсысы ядролық қаруды алып жүрмейтінін, аймаққа қауіп төндірмейтінін айтты.