Шабуыл салдарынан ондаған үй бүлінді
Украинаның Харьков облысында Ресейдің шабуылынан бір күнде төрт адам қаза тауып, тағы 11 адам жараланды. Бұл туралы облыстық әскери басқарманың басшысы Олег Синегубов мәлімдеді, деп хабарлайды Sarbaz.kz тілшісі BBC агенттігіне сілтеме жасап.
Олег Синегубовтың айтуынша, Харьковтың Киев және Салтовский аудандарында әуе бомбалары арқылы шабуылдау нәтижесінде бір адам қаза тауып, жетеуі жараланған. Сол сияқты 35 үй, 86 гараж, 22 автокөлік зардап шекті.
Чугуевск ауданында екі адам қаза тауып, тағы екеуі жарақат алды.
Харьков облысындағы Дементьевка ауылына жақын жерде шабуыл салдарынан бір адам қаза тауып, үшеуі жараланды, деді Синегубов.
Осыған дейін Синегубов Ресей әуе күштерінің Харьковке жасаған соққысынан үйінді астынан құтқарылған ер адамның ауруханада қайтыс болғанын хабарлаған.
Ресей әскері Харьков пен Харьков облысын атқылағаны туралы түсініктеме берген жоқ.