Әскери қызметшілер Каспий теңізінде екі адамды құтқарып қалды

Олар жағадан шамамен 10 шақырымдай ұзап кеткен

Админ
11/06/2024 - 14:40

Фото: Қорғаныс министрлігі

Фото: Қорғаныс министрлігі

Әскери-теңіз күштерінің әскери қызметшілері Каспий теңізінде жағалаудан алысқа ұзап кеткен екі адамды құтқарып қалды. Бұл туралы Sarbaz.kz тілшісі Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

«Маңғыстау» зымыран-артиллериялық кемесінің экипажына жедел кезекшіден сапборд мінген екі адамды теңіз толқыны ашық теңізге алып кеткені туралы хабарлама келіп түсті. Бұл кезде Әскери-теңіз күштерінің кемесі жауынгерлік дайындық ауданында болатын. Экипаж «Кеменің жүзуі. Жалғыз кемемен ұрыс қимылын жүргізу» курстық тапсырмаларын орындап жүрген.

«Маңғыстау» кемесінің командирі капитан-лейтенант Нұрбет Талғат дабыл алғаннан кейін гидрометеорологиялық жағдайды ескере отырып, тез арада есеп жүргізді. Көп ұзамай кеме экипажына іздеу-құтқару жұмыстарын бастау туралы бұйрық берілді.

Әскери теңізшілер ашық теңізге шығып кеткен адамдарды дабыл алған сәттен 4 сағат өткен соң жағадан 5-6 миль (шамамен 10 шақырымдай) жерден, «Жартасты» мүйіс аймағынан тапты.

«Радиолокациялық станцияның көмегімен теңіз секторын зерттеген әскери байланыс және радиотехникалық қызмет командасының старшинасы аға матрос Әзімхан Әмірханов сергектік пен жоғары жауынгерлік дағдыларын көрсетті», – деп түсіндірді кеме командирі.

Сапборд мінген жас жігіттерде екі адамға бір ескек қана болғаны анықталды. Теңізшілер оларды кемеге көтеріп, алғашқы медициналық көмек көрсетті. Құтқарылған азаматтар шұғыл түрде Ақтау портына жеткізілді.

×

Редакция

$ 495.2  522.34  4.94